Ал Алматыда тіпті кездейсоқ біреулердің атында көше көп
Көшелерге, елді мекендерге, оқу орындарына, ғылыми, мәдени мекемелерге, ұйымдарға, қоғамдарға қайраткерлердің атын беру де саясат. Саясат болғанда, азаматтардың ел алдындағы, қоғам алдындағы еңбегіне баға, халықтың оған деген құрметінің белгісі. Сөйтсе де әр қайраткердің өз орны бар. Біреуінің еңбегі көптеу, қоғамдағы орны жоғарылау болды дегендей, құрмет те соған сай болса, халық риза. Сіңірген еңбегі көптеу, халыққа қадірлі адамдардың атын, айталық, орталық көшелерге берген жөн сияқты көрінеді. Бір кезде Алматыда ұлы перзентіміз Ыбырай Алтынсаринге екі орамдай қысқа көше берілгенде, жұртшылық болып кірісіп, айтысып жүріп, ақырында «Правда» дейтін үлкен көше бұйырған.
Бірақ өмірде олай бола бермейтіні бар. Бір елге еңбегі сіңген қайраткер аты елеусіздеу қалып, оның есесіне аты белгісіз біреулердің аты көшелерге беріліп жататынына таңданасың. «Сен білмегенмен, басқалар біледі» деп дау айтатындар табылар. Әңгіме біреулерге ғана таныс емес, халық, қоғам таныған қайраткерлер туралы болып отыр. Бұл жерде ономастикалық комиссия өз сөзін айтуға тиіс дейсің. Бірақ «сыбайластық» деген құдай атқан пәле соған да еніп үлгергендей-ау.
Көп ретте жұрт жоқтаушысы, іздеушісі жоқ болған соң, айтулы қайраткерлер ұмыт қалады дегенді айтады. Сол ономастика комиссиясы іздеуші де, жоқтаушы да болуға тиіс қой дейсің, бірақ кейде бола алмай жатады. Әлде олардың тұлғалардың орнын бағамдауға өрелері жетпейді, әлде біреулердің айтқанынан аса алмайды. Қайсысы болса да, жақсы емес.
Нақты бір тұлғаның мысалымен ой өрбітейікші. Көзі қарақты қауымға, әсіресе аға буын өкілдеріне былтыр 100 жылдығы аталып өтілген Төлеген Тәжібаевтың есімі жақсы таныс. Педагогика саласында алғашқы ғылым кандидаты болған қазақ. Отыз жасында халық ағарту комиссары (министрі) болған. 32 жасында – Республика Үкіметі төрағасының орынбасары. 34 жасында – республикада алғаш Сыртқы істер халық комиссариатын (министрлігін) өз қолымен құрып, оған комиссар болған. БҰҰ мінберінде КСРО атынан сөйлеген, баяндама жасаған алғашқы қазақ. КСРО-да бірінші класты Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық рангіне ие болған да алғашқы қазақ. 38 жасында – Қазақ университетіне ректор болып, оны бес жыл басқарып, қазақ зиялыларына қамқорлығы үшін ұлтшыл деген айыппен қызметінен алынған. Араға бір жыл салып, қайтадан Республика Үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне көтерілген, Мәдениет министрі қызметін қоса атқарған. Республикада педагогика және психология негізін қалаған ғалым, академик. Ол көтерілген парасат биіктерінің біреуі ғана оның атын тарихтың жадында қалдырғандай еді. Бірақ оны жеке адамдардың, ұмытпауға тиіс адамдардың ұмытқаны да шындық.
Алматыда министр қызметінде, сондай дәрежеде қызметте болғандардың атында көше бар. Олардан қызметі де, қоғамдағы орны да жоғары болған Төлеген Тәжібаевқа көше бұйырмай отыр. Қағаз жүзінде, құжат бойынша бар дейді. Бірақ біз іздеп барып, таба алмадық. Жоқ.
Сөйтсе де сол құжатқа қарайықшы. 2003 жылдың 24 және 26 желтоқсанында Алматы қаласы мәслихатының ІV сессиясы мен Алматы әкімдігінің бірлескен №26 және №5/764, сондай-ақ №27 және №5/765 шешімі бойынша «Таугүл-3» және «Ақбұлақ» шағын аудандарындағы 70 көшеге белгілі адамдардың аттары беріліпті. Солардың арасында қызметі жағынан, қоғамдағы орны жағынан Төлеген Тәжібаевпен деңгейлес үш-төрт адам болар. Олардың бәріне, сондай-ақ белгісіз біреулерге сол аудандағы ұзын көшелер тиіпті. Төлеген Тәжібаевқа бұйырғаны – 218 метрлік көше. Кейін ол да жоғалған.
Нақты адамдарды, әсіресе дүниеден өткендерді салыстырып, бірінен екіншісі мықтырақ деп айту әдепке сыйыңқырамайды, әркімнің өз орны бар дейміз. Сөйтсе де бір салыстыруға барғымыз келіп отыр. Алматыда Радостовец атындағы көше бар. Қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Төле би мен Әл-Фараби көшелерін жалғап жатыр. Бұрын бұл көше Италия компартиясының көсемі Морис Торездің есімімен аталды. Коммунистік қайраткерлерді ысырып, оған жаңа есімдер таңдағанда, тоқтағанымыз Владимир Радостовец болды. Сол Радостовец деген кім еді? Көп адам біле қоймас, айтайық. Экономист-ғалым. Университеттің экономика факультетінің деканы, кафедра меңгерушісі болған. Бухесеп саласындағы білікті маман. Бағалауға әбден тұрарлық. Бірақ бұл оны мемлекеттік, қоғамдық қайраткер деуге негіз бола алмайды ғой. Сол ғалымды Төлеген Тәжібаевпен салыстырайықшы. Тәжібаев үш салада министр, сондай-ақ Үкімет төрағасының орынбасары болса, мұндай дәреже Радостовецтің түсіне де кірмеген. Төлеген Тәжібаев республикадағы бір ғылымның негізін қалаған ғалым, академик, Радостовецті республика экономика ғылымының негізін қалады дегенмен жұрт келісе қоймас.
Ашып айтайық, Радостовецтің Төлеген Тәжібаевтан бір артықшылығы бар – оның республиканың билік құрамында, бизнестік құрылымда шенеуніктерге де, ономастика комиссиясындағыларға да сөзі өтетін баласы болды, әлі де бар. Ал Тәжібаевқа лайықты құрмет көрсетейік деп шырылдап жүргендердің сөзін сол шенеуніктер де, ономастика комиссиясы да құлақтарына қыстыра қоймайды. Бұл да сыбайластық кеселдің бір түрі. Экономикадағы сыбайластықты сыбайлас жемқорлық десек, ал мұны рухани ұрлық сыбайластығы деуге болар.
Еліміздің, ұлтымыздың кейбір аяулы перзенттері неге құрметтелмейді, олардың атымен неге көшелер аталмайды дегенде, қалаларымызда олардың есімі берілетін көшелер қалмағандай көрінеді. Көшелердің бәрінің де атаулары бар, енді бұрынғыларын өзгертіп, жаңаша атау ыңғайсыз және біршама экономикалық шығынға ұрындырады, сонан соң кейбіреулердің шамына тиіп, қарсылығын тудырады деп ақталамыз.
Әрине, көшелерді өзгертуді науқанға айналдыруға болмасы жұрттың бәріне белгілі. Бірақ өміріміздің осы саласындағы жаңсақтықты бірте-бірте жою жүйелі жұмысқа айналуы тиіс. Көшелерге тұлғаларымыздың есімін беріп, оларға құрмет көрсету – елдік саясат. Ал көшелердің аты кездейсоқ біреулермен, басқа елдің адамдарымен, атауларымен аталып жатса, бұл елдің, ұлттың мүддесіне нұқсан.
Алматы қаласы көшелерінің тізіміне бір көз жүгіртейікші: одан не көрмейсіз! Ең алдымен одан Ресейдің барлық облыстарын, негізгі қалаларын, өзен, көлдерін, теңіздерін, яғни толық географиясын көріп, бәлкім таңданарсыз, бәлкім таңданбассыз. Сірә, қазақтардың да барған жері деген шығар, Колыманың да аты бар. Бұған орыстың барлық композиторларын, суретшілерін, ақын, жазушыларын, ғалымдарын, саяхатшыларын, саясатшыларын, басқыншыларын қосыңыз. Олардың кейбірін, сірә орыстардың өздері де біле қоймас. Басқыншылар дегенді де жәй айтып отырған жоқпыз. Қанішер Ермак та жүр.
Соның бәрін көріп, өз еліңнің айтулы тұлғаларының атын қоюға көше жоқ деу, бұрынғы көшелердің атауын өзгерту әлдебіреулердің наразылығын тудыруы мүмкін деген уәж айту, жұмсарта айтқанда, күпірлік болар еді. Күпірлік жайлы айтқанда мына бір жай да көңілге оралады.
Алматыда Шаляпин атында көше бар және қаладағы ең ұзын көшелердің бірі. Шаляпиннің кім екені белгілі. Бір жағы орыс халқына, оның өнеріне деген құрмет ретінде көшеге оның атын берсе де артықтығы жоқтай. Бірақ қаладағы ең ұзын көшелердің бірін беру, соншалықты қажет пе еді? Тіпті орыстардың өзі оған осындай құрмет көрсетпеген шығар. Сонда біздің осыншалық шашылуымыз не? Сол Шаляпин көшесі Сәтбаев көшесінің жалғасы іспеттес. Қаныш сынды ұлы тұлғамызға арналған көше ұзынынан созылып жатса, жараспай ма? Әйтпесе, сонау өткен ғасырдың ортасында республикадағы екі ғылым ордасының басшысы ретінде Ғылым академиясының президенті Қаныш Сәтбаев пен Қазақ университетінің ректоры Төлеген Тәжібаев екеуі Мәскеудің сынына бірге ілініп, қызметінен босатылғанын жұрт біледі. Сол Шаляпин көшесін Тәжібаевқа берсе, үйлесіп-ақ кетпес пе еді?! Ал Шаляпинге шағындау көше табылар еді.
Табылатын көше көп. Ресейдің бір облысын не бір қаласын, өзенін, көлін немесе Ресейдің өзінде әлдеқашан ұмыт болған қызыл командирлері мен көсемдерін көше атауынан алып тастадың деп ешкім өкпелей қоймасы анық.
Ономастика – үлкен саясат. Ұлттық құндылықтарға, ұлттық мүддеге қатысы бар саясат. Онымен барынша ыждаһаттықпен айналысу қажет.
Мамадияр ЖАҚЫП.