Маңғыстау облысының білім саласының жетістіктері жиі айтылып келеді. Әрине, айтылуға лайық болған соң айтылады. Олай дейтініміз, осыдан бес жыл бұрын республика бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында соңғы орындағы облыс үш жылдан бері көш бастап келеді. Соңғы бес жылда «Алтын белгі» иелерінің қатары 6 есе өсті. Былтыр 54 оқушы «Алтын белгіге» ие болса, ол көрсеткіш осы жылы 71-ге жетіп отыр. Биыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына өз білімдерін шашу еткен ұл-қыздарымыздың қуанышында шек болмады. Ерекше ұйымдастырылған салтанатқа алыстан арнайы келген алаштың ардақтылары Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы, әйгілі академиктер Салық Зиманов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Рақымжан Елешев білімпаздарға «Алтын белгі» мен сый-сыяпаттарын тапсырып, ақ баталарын берді. Ал облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 125 ұпай жинап, аймақта ең үздік көрсеткішке жеткен Ақтаудағы экономикалық лицейдің оқушысы Г.Жарылғапқызына арнайы сый-құрмет көрсетті.
Жоламан БОШАЛАҚ,
Маңғыстау облысы.