• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2011

Парақордың ақыры

268 рет
көрсетілді

Қоғам дамуында жегі құрттай жайлап кеткен сыбайлас жемқорлықтың бетін қай­тару оңайға соқпай тұр. Оның асқынып кеткені соншалық, қолында лауазымды билігі барлар ғана емес, қатардағы шенеуніктердің де араны ашылып, қолына іліккенді іркілмей жұтатын дәрежеге жетті десек артық айтқан­дық емес. «Дәнікеннен құныққан жаман» дегендей бұл кеселді дерттің сыбайлас жем­қорлықтың желі оңынан соғуына тос­қауыл қоюға міндетті биліктің айналасында кө­бейіп отырғаны таң қалдырады. Бұған Ақ­төбе облысы бойынша экономикалық қыл­мысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің соңғы деректері нақ­ты дәлел болады. Мұғалжар ауданы Ембі қаласының әкімі үстіміздегі жылдың 10 наурызында қаңғыбас иттерді ату жұмысын аяқтау актісіне еш кедергісіз қол қойып, сондай-ақ алдағы уақыт­та тендерде ұтуына көмектесу үшін әкім­діктің бас маманын делдал ету арқылы Н. де­ген азаматшадан 76 мың теңге пара алға­ны үшін күдікті ретінде ұсталған. Ал, Әй­теке би ауданы Қызылжұлдыз орта мектебі­нің есепшісі С.Жиенбаева 2008-2010 жыл­дар аралығында бірнеше рет қызмет бабын пайдаланып,өзінің карточкалық есепшотына заңсыз аудару арқылы жалпы сомасы 347 мың теңге бюджет қаржысын жымқырып кеткен. Өз қалтасын үкімет қалтасымен «жаңылыс­тырып» алған есепші енді 3 жылға қаржы саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айырылып қана қоймай, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасын өтей­тін болады. Ақтөбе қаласы бойынша са­лық басқармасының бас маманы М.Мүсірәли­на да парақордың бірі болып шықты. Ол мемлекеттік қызметтерді атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра,өзінің алған міндеттерін орын­дауға шын мәнінде мүмкіндігі болмаса да Ақтөбе қаласындағы бір ЖШС-ті жедел жабуға көмектесемін деген желеумен бірнеше рет бөтен адамның мүлкін ұрлап, мемлекетке 80 мың теңге зиян келтіргені үшін 2 жылға мемлекеттік лауазымды қызмет атқарудан шеттетіліп, бес жыл шартты түрде бас бостан­дығынан айырылды. Облыстық қаржы полициясы ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі «Тобыл-Торғай» экологиялық департаменті» мемлекеттік мекемесі қаржы-әкімшілік және тәртіптік жұмыс бөлімінің бастығы К. Керееваға қатысты қыл­мыстық істі аяқтады. Сұғанақ қолды бөлім бастығы 2010 жылғы желтоқсанда мемлекеттік қызметтерді атқаруға теңестірілген тұлға бола тұра, қызмет мүдделеріне қарамастан, бас­қа тұлғаларға және «Пайда» ЖШС-іне пайда мен мүмкіндіктер алу үшін, шын мәнінде мүліктер жеткізіліп берілмесе де жалпы сомасы 4184 мың теңге болатын 15 атаудағы заттарды алғандығы туралы 2010 жылғы 28 желтоқсандағы жалған шығыс жүк құжатына қол қойғаны анықталды. Ақтөбе қалалық №2 сотының үкімімен К. Кереева қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, 1 жыл темір тордың ар жағында отыруға жазаланды. Ақтөбе облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясының бас маманы Н. деген азаматтың өзін еркін сезінгені соншалық, мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті­нің қызметкерлерінен осы мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру барысында анықталған заң бұзушылықтарды ішкі бақы­лау актісінде көрсетпегені үшін 350 мың теңге пара алғанына күдікті ретінде ұсталып, осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осыншама көлемде пара берді деген күдік бойынша департаменттің бірқатар қызмет­кер­лері де қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Қылмыстық іс тергелуде, әзірге басқа­дай ақпараттар тергеу мүддесі үшін жария етілмейді. Бұл жыл басынан бері сыбайлас жемқор­лық қылмыспен жазаға тартылғандардың бір парасы ғана. Қармақтан сытылып кетіп жат­қандары қаншама. Сондықтан қоғамның «ал­пыс екі тамырына» уытын жайып кеткен кеселмен күресті әлде де күшейтіп, осы бағыт­тағы заңдылықтардың сақталуы мен құқық­тық тәртіпті қатайта түсу керек. Әйтпесе, жемқор­лықтың жолы кесілмейді, уыты қайтпайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.