• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2011

Кеңеске қатысушылар лебізі

390 рет
көрсетілді

Мұхаммед АЛИ, (Сомали): – Қазақстан Ислам Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық етуге сайланды. Меніңше, Қазақстанның ұйым жұмысын жандандыруға ықпалы мол болады деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстан мұндай үлкен ұйымды бұрын да басқарып көрді. Сессия жұмы­сының ұйымдастырылуы да жақсы ойластырылған. Ешқандай бөгеліс жоқ. Өз басым біздің Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Солтүстік Африка елдерінде тыныштық пен тұрақтылықты қалпына келтіруге оң ықпал етер деген үміттемін. Қазір бұл мәселелер бізді де қатты толғандырып отыр. Әл ДЖАРОЕД, (Сауд Арабиясы): – Мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың сессияда сөйлеген сөзінен үлкен әсер алдым. Ол ұйым жұмысын жандандыру бағытында бірталай нақты ұсыныстар жасады. Халықаралық ұйымның беделін көтеретін үлкен істер. Қазақстан Президенті сондайларға батыл кірісу қажеттігін атады. Өз басым олардың бәрі де орынды деп білемін. Ал енді сессия жұмысының ұйымдастырылуы туралы айтатын болсам, ол жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айтуға болады. Делега­цияларға барлық жағдайлар жасалған. Техникалық қызметкерлер үзіліссіз қызмет көрсетуде. Қонақ үйде де, қала ішінде де осындай жағдайлар жасалған. Астана қаласы да әсем шаһарлардың бірі екен, маған ол өте ұнады. Рафаэль СЕГУИЗ, (Филиппин): – Мен Ислам Конференциясы Ұйымының жұмысына бірнеше рет қатыстым. Онда әлемдік ахуалды жақсарту жөнінде жақсы ойлар айтылады. Бірақ Ұйым аймағына енетін кейбір елдер оның шешімдерін орындамайды. Астана қаласында өтіп жатқан сессияда да жақсы ойлар айтылды. Жаңа төрағаның да сөзін естідік. Ол өзара ынтымақтастықты арттыру аясында бірнеше ұсыныстар жасады. Бәрі де орынды. Маған Қазақстан төрағалығының, әсіресе, экологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі мәселені үлкен бастамалардың біріне қойғаны ұнады. Экологиялық апат ешқашанда естен шықпау керек. Маған Қазақ елі ұнады, халқы дос көңілді, қонақжайлылық көрсетіп отырды. Қайнарбек ТОХТОМЫШЕВ, (Қырғызстан): – Әлемдік ұйымның жиыны бізбен туысқан Қазақ елінде өтіп жатқанына қуаныштымын. Сессия жұмысын өткізу жоғары деңгейде ұйым­дас­тырылған. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі Қазақстанның Ұйым жұмысына үлкен мүдделілік танытатынын көрсетті. Мен осы мүмкіншілікті пайдаланып, сіздің газет арқылы Қазақстанды ИЫҰ төрағалығына сайлануымен құттықтаймын. Қазақ­стандық төрағалық әлемде қиын жағдай орнап тұрған кезде өтеді. Әсіресе, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканың мұсылман елдеріндегі жағдай қазір қатты ушығып тұр. Сөйлеген делегация мүшелерінің бәрі де осыған көңіл аударып, жағдайды қалпына келтіру қажеттігін ауызға алып жатты. Меніңше, Қазақстан өз тарапынан жағдайдың тұрақтануына оң ықпал етер деген үміттемін.