• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Маусым, 2011

Төртінші сессия

350 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары үшін маңызды әрі жауапкершілігі зор сессия болды Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұха­мед­жанов­тың жетекшілігімен осы палатаның жалпы отырысы болып өтті. Палата отырысын қорытындылаған Парламент Мәжілісінің Төр­ағасы, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы фрак­циясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов сөз сөйлеп, төртінші сессиясының аяқталуына орай палатаның бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарына тоқталып өтті. Міне, Мәжілістің төртінші сес­сиясы да өз жұмысын аяқ­та­ды, деп бастады сөзін О.Мұ­ха­меджанов. Бұл кезең ел өмірінде маңызды оқиғаларға толы болды. Көп елдермен салыстырғанда, Қа­зақстан экономикалық дағ­да­рыстан шы­ғын­сыз өтіп, тұрақты даму жолына түсті. Өткен жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 7 пайызды құрады. Елбасы бас­та­машылық жасаған «Жол кар­тасы» халықты жұмыспен қамту проблемасын айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Әр об­лыс­та жүздеген білім беру, ден­сау­лық сақтау, тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық объек­тілері, мыңдаған шақырым көше­лер мен жолдар жөндеуден өтіп, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылды. Еліміздің 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру бас­талып кетті. Біз алдымызға межелі міндет қойдық, ол – 2016 жылға қарай жан басына шаққандағы ішкі жал­пы өнімді 15 мың долларға дейін көбейтіп, табыс деңгейі жағынан жоғары елдер қатарына кіру. Аталған Стратегия шең­бе­рінде экономикамызды жаңа дең­гейге көтеруді көздейтін Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарла­ма­сы ойдағыдай жүзеге асы­ры­лу­да. 2015 жылға дейін жалпы со­масы шамамен 80 миллиард дол­ларды құрайтын 500-ге жуық жо­баны іске асырып, 200 мың   жұ­мыс орнын ашу жоспарланып отыр. Осы орайда атап өтетін бір мәселе, өткен жылдың өзінде жал­пы құны 800 миллиард тең­геден асатын 152 жаңа объект іске қосылды. Республикамыздың халықара­лық деңгейде қол жеткізген та­быстары да айтарлықтай, деп жал­ғады сөзін палата Төрағасы. Өткен жыл Қазақстанның Еуро­па­дағы қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастық ұйымы секілді беделді ұй­ымның тізгінін ұстап, төрағалық ет­кен жылы болды. Жас елор­да­мыз – Астанада соңғы 11 жыл ішінде алғаш рет осы ұйымның Саммиті өтті. Таяуда ғана Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына төр­аға­­лық етуді аяқтады. Осы халық­аралық бірлестікке басшылық ету­іміз Астанада өткен оның ме­рейтойлық саммитімен қорытын­дыланды. Ал күні кеше ғана Қазақстан тағы бір ықпалды халықаралық бірлестік – 1,5 миллиардтан астам халқы бар 57 мемлекеттің басын біріктіріп отырған Ислам Ынты­мақтастық Ұйымына төрағалық етуге кірісті. Еліміздің осындай жетістіктері Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың атымен тығыз бай­ланысты екенін ерекше атап өту қажет. Серпінді дамып келе жат­қан экономикасы бар, демо­кра­тия­лық мұраттарға адал, халық­аралық беделі жоғары жас мемлекетті қалыптастыруға Елбасының сіңірген орасан зор еңбегі 3 сәуір күні өткен Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің кезектен тыс сайлауында қазақстандықтар та­ра­пынан лайықты бағасын алды. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы бас­таған еліміз сын кезеңнен сү­рінбей өтіп, белгіленген мақсатқа қол жеткізу жолында нық қадам басып келеді. Осы салиқалы стратегиялық бағытты іске асыруда Мемлекет басшысына төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары сенімді тірек болып келеді. 4-сессия Мәжіліс депутаттары үшін маңызды әрі жауапкершілігі аса зор сессия болды. Өткен уақыт ішінде Мәжіліс 144 заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жіберді. 104 заңға Елбасы қол қойды. Заң шығару үдерісінде экономикалық реформаларды құқықтық қамта­масыз етуге баса көңіл бөлінді. Осы мақсатта біз салық салу жүйесін жетілдіруге, мемлекеттік мүлікті тиімді басқаруға, көлік қызметінің сапасын арттыруға, аг­рарлық секторды одан әрі да­мытуға бағытталған заңдарды қабылдадық. Біз шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету бой­ынша да ауқымды жұмыс атқар­дық. Бұл мәселе, өздеріңіз білетіндей, Елбасының ұдайы бақы­лауында тұр. О.Мұхамеджанов сондай-ақ де­путаттық қызметтерінің басым бағыттарының бірі халыққа әлеу­меттік қолдау көрсетуді күшейту, білім беру мен денсаулық сақ­тауды дамытуға қажетті жағдай­лар жасау болып табылатынын атап көрсетті. Бұл тұрғыда зей­нет­ақымен қамсыздандыруды арт­тыруға, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағала­рын реттеуге, ипотекалық кредит көмегімен тұрғын үй сатып алған азаматтарға берілген әлеуметтік кепілдіктерді қорғауға, ғылым мен инновацияларға қолдау көр­сетуге бағытталған заңдар күшіне енгізілді, деді ол. Биылғы жылдың 1 қаңта­ры­нан бастап зейнетақы мен шәкірт­ақы мөлшері 30 пайызға артты­рылды, ал 1 шілдеден бастап бюд­жет саласы қызметкерлерінің жа­лақысы дәл осындай мөлшерге көбейетін болады. Бұл ретте, аталған төлемдердің соңғы екі жыл бойы 25 пайызға көбей­тіліп келе жатқанын атап өту қажет. Өткен жылы елге ерекше еңбегі сіңген азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін арнаулы мем­лекеттік жәрдемақылардың, сон­дай-ақ ана мен балаға әлеу­меттік қолдау көрсетуге бағыт­тал­ған жәрдемақылардың мөл­ш­е­рі де айтарлықтай өсті. Біздің халықаралық саладағы заң шығару жұмысымыз да ау­қымды болды, осы сессияда 25 халықаралық шарттарды, конвенциялар мен келісімдерді ратифи­кацияладық. Оның ішінде Кеден одағы мен Бірыңғай экономи­ка­лық кеңістіктің жұмысын реттейтін құжаттар да ратифика­ция­лан­ды. Әрине, Мәжілістің осы сес­сия­да атқарған істері заң шығару қызметімен ғана шектеліп қойған жоқ. Сессия барысында өткізіл­ген үкімет сағаттары, конференциялар мен дөңгелек үстелдер шең­берінде республика өмірінің өзекті мәселелері талқыланып, мемлекеттік және салалық бағ­дар­ламалардың жүзеге асырылу барысы қаралды. Қазіргі сай­ла­нымдағы Мәжілісте фракциялық жұмыстың жаңа деңгейге көте­рілгенін атап өткен жөн. «Нұр Отан» ХДП фракциясы мемлекетіміз тыныс-тіршілігінің бар­ша өзекті мәселелеріне дер кезінде ден қою арқылы елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси жә­не әл­еу­меттік-экономикалық үде­рістерді жіті назарында ұстап отыр. Осы қысқаша шолудың өзі біздің палатамыздың төртінші сес­сияда аса ауқымды жұмыс ат­қарғанын көрсетеді. Бұл нәтижеге депутаттарымыздың жұмыс топ­тары мен комитеттердегі белсенді жұмысының, қажетті заңдарды дер кезінде қабылдауының арқа­сында қол жетіп отыр, деді сө­зінің соңында О.Мұхамеджанов. Сондықтан, құрметті әріптестер, Парламентіміздің, оның ішінде Мәжілістің заң шығару қызметіне лайықты үлес қосып келе жатқан сіздерге өз атымнан алғыс айт­қым келеді. Жазғы демалыс ал­дын­дағы соңғы басқосуымызды пай­далана отырып, сіздерге алда­ғы демалыстарыңыздың сәтті өтуіне, бесінші сессияға тың күш-қуатпен аман-сау оралуларыңызға тілектестігімді білдіремін».