Мен 1974-1976 ж.ж. Алматы Жоғарғы партия мектебінде журналистика бөлімшесінде оқыдым. Осы жылдары, осы оқу орнында Қарағанды металлургия комбинатының партия комитетінің хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Махмет Бекшин сырттай оқыды. Мақаңмен мен Қарқаралыда бірге жұмыс істегенмін – ол аудандық атқару комитетінің төрағасы, ал мен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі.
Махмет Сәкенұлы арқылы мектеп қабырғасында екі жыл бойы көктемгі және күзгі сессияларға келгенде Нұрекеңмен кездесіп жүрдім. Онша көп сөйлемейтін, жағдайды сұрасқаннан кейін, сессияға қатты дайындалу үшін кітапханаларға барып дайындалатын. Мектепте Теміртаудан оқитын тыңдаушылар көп болатын. Бірнеше рет солармен әңгімелесіп тұрған кездерінде, мен де барып, ол кісіні тыңдайтынмын. Нұрсұлтан Әбішұлы қалада істеліп жатқан жұмыстар жәйлі көп әңгімелейтін. Саят Бейсеновпен достық қарым-қатынаста болдым. Жақында ғана 70 жылдығын атап өткен Сәкең Теміртау қаласында кеңес атқару комитетінің төрағасы, кейін көші-қон министрі болып, алғашқы оралмандарды Қазақ еліне көптеп тартуға үлес қосты, белгілі қоғам қайраткері болды.
Ол кісі Нұрсұлтан Назарбаевпен әзілдері жарасып, достарша еркін сөйлесетін. Мен оқу бітіргеннен кейін үш ай облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып жұмыс істеп, 1976 жылы қыркүйек айында Нұра аудандық партия комитетінің хатшылығына сайландым. Теміртау металлургия комбинаты Нұра ауданының «Амантау», «Нұра», «Щербаков», «Балықтыкөл» совхоздарына шефтік көмек көрсететін. Осы совхоздарға Нұрсұлтан Әбішұлы жылына екі рет келіп, малшы-жұмысшылармен, ауыл адамдарымен кездесіп, олардағы тыныс-тіршілікпен танысатын. Бір-екі рет ол кісімен осы совхозда жүргенде кездестім. Идеология жұмысының жағдайын сұрап, ақыл-кеңес беретін. Мемлекеттен алған біліміңді іс жүзіне асыратын кезең келді, деп арқамнан қағатын.
Сонан ол кісі көп ұзамай Қарағанды обкомының әуелі өнеркәсіп жөніндегі хатшысы, сонан кейін екінші хатшысы болып сайланды. Үшінші кездесуім өте есте қаларлықтай болды. Біздің ауданды облыстық партия комитетінің бюросында тыңдау жоспарланыпты. Күн тәртібі: Нұра аудандық партия комитетінің КОКП-ның ХХІV съезінің шешімдерін жүзеге асырудағы ұйымдастырушылық және саяси бұқаралық жұмыстары туралы ауданға бюроға материал дайындауға комиссия келді. Комиссияны обкомның саяси-ағарту бөлімі меңгерушісінің орынбасары З.Жанғазин басқарып келді. Құрамында оншақты адам бар. Есте қалғаны, Ульянов аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, қазір аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Төкен Арбабаев болды.
Көп ұзамай бюроға шақырылдық. Есепті беру бірінші хатшыға тапсырылған. Обкомның бірінші хатшысы Василий Кузьмич Акулинцев қызмет бабымен СЭВ-ке ауысып кеткен. Көп уақыт облыстық партия комитетін Нұрсұлтан Назарбаев басқарды. Қалыптасқан жағдай бойынша обком бюросында аудан басшысының есеп беруі дағдыға айналған. Бюро басталуға бес минут қалды да бөлім меңгерушісі Сайрыкин мені шақыртып, бюрода сен есеп бересің, деді. Бұл сөз маған жәйдің оғындай тиді. Барлық материал бірінші хатшыда.
Бюроның екінші ерекшелігі, облыстың қалалық, аудандық партия комитеттерінің идеология жөніндегі хатшылары түгел шақырылған. Бюро басталып, мен өзімнің ойымдағы мәселелерді жеткізуге тырыстым. Сұрақтар қойылып, оған жауап бердім. Идеология жұмысында мынаны істеп тастадым деу қиын, оның өлшемі жоқ дүние. Бір жағы істеліп жатса, екінші жағы қалып жатады. Өзімнің ойымша, біздің ауданды бюрода қарау, оған барлық хатшыларды қатыстырып, бюро мәжілісін актив жиналысы сияқты өткізу біздің ауданға берілген баға ғой деп ойлаймын. Бюро мүшелері Дина Әбдірахимова, В.Саламатов, Якар Пазенко, Қали Әлібеков жұмысқа оң баға берді. Нұрсұлтан Әбішұлы идеология жұмысының тиімділігі немен өлшенеді деп сұрақ қойды. Қойған сұрақ идеология жұмысын грамдап, килограмдап, т.б. өлшеуге болмайды. Сосын астық, ет, сүтті көп берсең, сол ұйымда жұмыс жақсы жүреді дедім. Оған қанағаттанбады. Мен енді идеология жұмысында екі-үш күн жұмыс істейтіндігімді, тәжірибем аз екенін айттым. Ол кісі Жолдас Асанов, сіз Қарқаралы партия комитетінде 10 жыл, Жоғарғы партия мектебінде екі жыл, үш жылдай идеология жұмысында қызмет жасапсыз, жұмысыңызды әлі де болса ширата түсіңіз, астықты ауданда тың игеру кезінде салынған шаруашылықтар ғой, отанға көп астық беру үшін, үгіт-насихат жұмысын адамдар арасында ХХІV съезд шешімдеріне сай жаңа деңгейге көтеру керек деп бюро осы мәселе бойынша қаулы қабылдайды деді. Бюродан қара терге малшынып шықтым. Кейін сұрастырып қарасам, бірінші хатшысыз өткен бюро екен. Бюро өте тез іскерлік жағдайда өтті деді қатысушылар.
Мен жұмыс істеген жеті жылға жуық уақытта Нұра ауданы үш рет отан қоймасына 12, 14, 17 млн. пұт астық құйды. Бірнеше рет одақтың, республиканың ауыспалы қызыл туын жеңіп алды. Оны тапсыруға Акулинцев, Коркин, Назарбаев, Досмағанбетов, Әубәкіров келді. Онда да актив жиналысында облыс басшыларымен кездесіп жүрдім.
Сағындық АСАНОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Қарағанды облысы,
Бұқар Жырау ауданы,
Көкпекті ауылы.