• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Білім ордасы жас ғалымдардың басын қосты

565 рет
көрсетілді

С. Аманжолов атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінде Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғына арналған «Постин­дус­три­ал­дық әлем: ғылым Шығыс пен Ба­тыс сұхбатында» атты халық­ара­лық жастар форумы болып өтті. Шекаралас елдер – Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Қытай жоғары оқу орындарының жас ғалым­да­ры, сонымен қатар, Украина, Италия, Шотландия, Польша, Германия, Израиль және Түркия елдерінен келген өкілдер екі күн бойы ин­нова­ция­лық формаларды дамыту, ғылыми бастамалар мен жоба­лар­ды да­мы­ту туралы пікір алмасты. Іс-шараның бірінші күні шетел делегациясының Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсі­мі­нен басталды. Бұдан соң С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың №5 ғимаратындағы акт залында «Алтай – біздің ортақ үйіміз» атты Қазақстан, Ресей, Моңғолия және Қы­тай жоғары оқу орындары ғы­лы­­м­и жетістіктерінің көрмесі, со­ны­­мен қатар, аталмыш форумы­ның пленарлық отырысы болып өтті. Отырыста облыстық мәсли­хат­тың хатшысы Василий Ахаев, Ресейдегі Алтай өлкесі губерна­то­ры­ның орынбасары Борис Ларин, Қазақстан-Американ еркін уни­вер­ситетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев және басқалар сөз сөйледі. – Қытай мен Қазақстан бай­ланыс тамырын тереңнен тартқан көрші елдер. Екі ел қатынасының дамуына бүгінде барлық жағдай жасалған. Біз экономикалық тұр­ғы­да ғана емес, мәдени және рухани тұрғыда да ақшамен өл­шеу­ге келмейтін нәтижелерге қол жет­кіземіз деп ойлаймын. Барша­ларыңызды елімізге келуге, өзара тәжірибе және ғылым алмасуға шақырамын, – деді осы жиында сөйлеген Қытайдың Құлжа қала­сын­дағы Іле педагогикалық инс­ти­тутының ректоры Серіжан Ұғы­байұлы. Осыдан кейін кезек ғылыми баяндамаларға берілді. Ресейлік зерттеушілер Дмитрий Чинахов, Виктор Марков, Андрей Иванов, сондай-ақ отандық ғалымдар Қуа­ныш Бекмағанбетов пен Альмира Жылқашынова Алтайдың эконо­ми­калық, туристік, өндірістік, мә­дени әрі ғылыми әлеуетін арт­ты­рудың өзіндік жолдарын ұсынды. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры, филология ғылымда­ры­ның докторы, профессор Бейбіт Мамраевтың айтуынша, Шығыс­тың байырғы білім ордасы осы күндері көршілес елдердің жас ғалымдары үшін сұхбат алаңына айналып отыр. Алтай жаста­ры­ның ғылымға айрықша қызығу­шы­лық танытып отырғаны қуан-тады. Еуразиялық университеттер қауымдастығы аясында өткен бұл форумда дәстүрлі және қалпына келетін энергия көздері, экология және биотехнология, ақпараттық және телекоммуникациялық технологиялар және тағы да басқа ғылымның келешегі зор ба­ғыт­тары бойынша дөңгелек үстелдер, шеберлік сыныптары ұйым­дас­ты­рылды. Форум шеңберінде «Үлкен Ал­тай аумағындағы халықаралық ынтымақтастық: дәстүр және бо­ла­шақ» атты студенттердің 9-шы халықаралық жазғы мектебі өз жұмысына кірісті. Басқосулар барысында ынты­мақтастық туралы бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Атап айтсақ, ШҚМУ мен Іле пединституты Қытайдың Құлжа қаласында Абай орталы­ғын құру жөнінде уағдаласты. Ос­ын­дай орталық қазір Ресейдің Пол­зунов атындағы техникалық университетінде (Алтай өлкесі) та­бысты жұмыс істеуде. Қатысу­шылардың пікірінше, Еуразия құр­­лығындағы елдердің индус­трия­лық, ғылыми-технологиялық даму деңгейі әртүрлі, міне, осы мәселені шешу үшін ғылымдағы интеграциялық үдерістерді ны­ғай­ту қажет. Шығыс пен Батыс осы тұрғыда бір-бірін толық­ты­рып отыруы тиіс. – Өскеменге алғаш рет келіп отырмын. Қала өте әдемі екен. Келешекте осындай жиын, фо­рум­дардың жиі-жиі өткізіліп тұр­ғаны жөн. Сіздердің студентте­ріңіз, оқытушыларыңыз Моңғо­лияға, біздің жақтың студенттері мен ұстаздары осында келіп, бір-бірімізбен тәжірибе алмассақ, ор­ынды болар еді, – дейді Моңғо­лиядағы Хобда университеті Ба­ян-Өлгей бөлімшесінің студенті Аманжол Түгелбайұлы. Форум келесі күні жалғасып, атап айтсақ, университеттің бас ғимаратында «Кенді Алтай «ес­кі­дәстүрлілерінің» тілі, мәдениеті мен әдет-ғұрыптары» атты уни­вер­ситетаралық дөңгелек үстел отырысы өтті. Сонымен бірге шах­маттан, волейбол мен футболдан жолдастық кездесулер, шеберлік сыныптары ұйымдасты­рыл­ды. Форумның екінші күні С. Аман­жолов атындағы ШҚМУ рек­торы Бейбіт Мамраев, Іле пе­дагоги­ка­лық институтының (Қы­тай) рек­то­ры Серіжан Ұғыбайұлы Абай орталығын көрші мем­ле­кеттің жо­ғары оқу орнында құ­рып, қазақ халқының тарихы, мә­дениеті мен тілін терең меңгеру жөнінде ын­тымақтас­тық­қа қол қойды. Форум қарары қабылданып, онда ШҚМУ-дың жас ғалым­дар­дың Еуразиялық клубын құру идея­сы қолдау тапты. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.