• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Ұйымға жаңа бас хатшы келді

433 рет
көрсетілді

Италия өкілі Ламберто Заньер Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымының жаңа Бас хатшысы болып тағай­ын­дал­ды. Мұндай шешімді 56 қатысу­шы мемлекет министрлері бірнеше күнге созылған «тыныштық рәсімі» арқылы 30 маусым күні бірауыздан қабылдады. Заньер қызметіне 1 шілдеде кірісті. Жаңа Бас хатшы – кәсіби дипломат, 2002 – 2006 жылдар ара­лығында ЕҚЫҰ-ның Жан­жал­дар­ды болдырмау орталығының ди­рек­торы қызметін атқарған. 2008 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұй­ымының Косово бойынша арнайы өкілі және БҰҰ-ның Косоводағы Өтпелі әкімшілігі миссиясының басшысы болды. ЕҚЫҰ Бас хатшысы Іс басын­дағы төрағаның өкілі және ЕҚЫҰ-ның бас әкімшілік қыз­мет­кері ретінде әрекет етеді. Ол Сыртқы істер министрлері кеңе­сі­нің шешімімен үш жылдық мерзімге тағайындалады. Қазіргі Іс басындағы төраға Ау­дронюс Ажубалис Бас хатшы қызметін аяқтаған Марк Перрен де Бришамбоға қатысушы мемлекеттер атынан алғысын білдіріп, «Сіз және сіздің командаңыз ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті кезінде оның жақсы қызметін қам­тамасыз еттіңіздер. Ол азат, демокра­тия­лық, ортақ әрі бөлін­бейтін Еуро­атлантикалық және Еу­разиялық қауіпсіздік қоғамдас­тық мақсаты бойынша келісімге қол жеткізуге едәуір жәрдем­дес­ті», деді ол. Аталған “тыныштық рәсімі” министрлерге іс жүзінде кездеспей, шешім жобасын қарастырып, қабылдауға мүмкіндік береді. То­лықтыруы немесе ескертпесі бар министр оны жазбаша түрде немесе өкілі арқылы Іс басындағы төрағалыққа жеткізеді. Ал белгіленген мерзім ішінде ешкім қарсылық білдірмеген жағдайда шешім күшіне енеді. Еске сала кетейік, нақ осы­лай­ша, “тыныштық рәсімі” арқылы екіжақты және көпжақты кеңес­тер­дің нәтижесінде былтырғы жы­лы тамыз айында ЕҚЫҰ-ға мү­ше елдер сыртқы істер минис­тр­ле­рі­нің Астанада 1-2 желтоқсан күн­де­рі ЕҚЫҰ Саммитін өткізу ту­ралы шешімі қабылданған болатын. Талғат ЖҰМАҒҰЛОВ, «Егемен Қазақстан» – Венадан.