Кеше Астанадағы «Риксос» қонақ үйінде Сыртқы істер министрлігінің қызметкерлері өздерінің кәсіби мерекесі – Дипломатия күнін салтанатты түрде атап өтті.
Жалпы Дипломатия күнінің аталып өтуін тарихи оқиғалардың бірі деп санауға болады. Себебі, еліміздің сыртқы саясатымен біздің қазіргі жағдайымыз бен болашағымыз тығыз байланысты. Әсіресе, соңғы жылдары Қазақстан халықаралық өмірге батыл араласып, оның жұмыстары мен қызметіне белсенді атсалысып жүр. Бұл – еліміздің абыройы, халқымыздың беделі, егемен мемлекетіміздің басқа дамыған елдермен терезесінің теңелуі деген сөз.
Сондықтан да осындай айтулы күнді өз дәрежесінде атап өткен абзал. Осылайша, өз әріптестері мен қызметкерлерін құттықтап, сөз алған Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов сыртқы саясат ведомствосы құрылуының тарихына үңіле отырып, «Бүгін Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің кәсіби мерекесін атап өтудеміз. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін құру туралы Жарлыққа Елбасы 1992 жылғы 2 шілдеде қол қойды. Осы кезеңде еліміздің тәуелсіздігін баянды ету үшін сыртқы саясат саласында көп жұмыстар атқарылды. Халықаралық қоғамдастықта ұлттық мүддемізді қорғап, әлемдік аренада беделімізді нығайту жолында жұмыстанған қазақстандық дипломаттардың қажырлы еңбектерін ерекше атап өтеміз. Осы орайлы сәтті пайдалана отырып, барша қазақстандық дипломаттарды, ардагерлерімізді және келген қонақтарымызды кәсіби төл мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын», – дей отырып, елімізге тыныштық, жерімізге береке, отбасыларымызға бақыт және зор денсаулық тіледі.
Сонымен қатар, салтанатты мереке барысында еліміздің сыртқы саясатына үлес қосып, ерекше еңбектерімен көзге түскен бірқатар дипломаттар марапаттау қағаздары мен дипломатиялық дәрежелерді иеленді.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлыбританиядағы елші Қайрат Әбусейітовке және Беларусь Республикасындағы елші Анатолий Смирновқа Төтенше және өкілетті елші дипломатиялық дәрежелері берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Нұрлан Ермекбаевқа, Армениядағы елші Айымдос Бозжігітовке, Түркіменстандағы елші Асхат Оразбайға және Әзербайжандағы елші Серік Пірімбетовке I сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежелері берілді.
Сонымен бірге, Иорданиядағы елші Болат Сәрсенбаевқа II сыныпты Төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежесі беріліп, куәліктері ресми түрде табыс етілді.
Тағы басқа да түрлі деңгейдегі дипломатия қызметкерлері дипломатиялық дәрежелер мен марапаттау қағаздарын алды.
Нұрбек ЖОЛТАЙҰЛЫ.