• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Сарабдал саясаттың салтанатын салмақтаған «Салтанат»

342 рет
көрсетілді

Кеше «Егемен Қазақстанның» қарашаңырағында бір айтулы оқиға болды. Ол жуырда өмірге келген «Салтанат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі еді. Еліміздің Еуропадағы қау­іп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мына төраға болуы және оны жо­ғары деңгейдегі сәттілікпен атқа­рып, ұйымның 11 жыл бойы өт­пеген саммитін ұйымдастыруы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назар­ба­евтың сарабдал саясатының же­ңісті салтанаты (триумф) екені даусыз. Әлемнің барлық ізгі ниетті жандары жас Қазақстанның осындай табысына таңырқай қа­рап, тамсана сүйсінді. «Егемен Қазақстан» еліміздің төрағалыққа өткен сәтінен бастап, өзінің бетінде оның барлық қадамдарын айшықты жолдармен, ақжолтай тілектермен, жы­лы ниетпен халыққа жеткізіп отыр­ды. Газет бетіне түскен сол жолдар архивтерде сарғайған қағаз күй­ін­де қалып қоймас үшін жина­қ­талып, «Салтанат» атты үлкен кітапқа айналдырылды. Сөйтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лы­ғының қалай болғандығын, қа­лай өткендігін, оған отандық, шетелдік саяси қайраткерлер мен са­рапшылардың қандай баға бергендігін іздеген жан – жас зерт­теу­ші, саясаттанушы, тарихшы, дипломат, журналист, студент бір жерден табатын болады. Былтыр Президент Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазылған ма­қала, сұхбат, пікірлердің бәрін жи­нақтап, «Елбасы» атты жинақ шығарылса, биыл дәл сондай үл­гімен «Салтанат» өмірге келді. «Бүгін соның қуанышына жина­лып отырсыздар, қош келді­ңіз­дер, құрметті қауым, – деді өзінің сөзінде басылым басшысы Сау­ыт­бек Абдрахманов». Одан әрі Сау­ытбек Абдрахманұлы егемен­қа­зақстандықтардың қазақстан­дық төрағалықтың қадамдарын ха­лық­қа сапалы, білікті әрі сын­дарлы етіп жеткізуге көмек берген, сұх­баттарды ұйымдастыруға жәрдем­ші болған азаматтарға ри­за­шы­лығын білдірді. «Мысалы, мен өзім ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбомен, Ұлт­тық азшылық істері жөнін­дегі Жоғар­ғы комиссар Кнут Вол­лебекпен, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сының президенті Петрос Эфт­и­миумен, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ басшысы Янез Ленарчичпен Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерінің кө­мегінсіз сұх­бат ала алмас едім», – деді газет басшысы. Тұсаукесер рәсіміне Сенат Төрағасының орынбасары Мұ­хам­­бет Көпеев, Мәжіліс Төр­аға­сы­ның орынбасары Жәнібек Кә­рі­бжанов, Сыртқы істер минис­трі­нің орынбасары Қайрат Сары­бай, Президент Әкімшілігінің жау­апты қызметкерлері Әлібек Ас­қаров пен Қуат Бораш, Мәжі­ліс депутаттары Зейнолла Ал­шым­баев, Тоқтарбай Қадамбаев, Берік Бекжанов, жазушы Әкім Тарази, «Казахстанская правда» газетінің басшысы Александр Тараков, БАҚ өкілдері және бас­қалар қатысты. Қонақтар арасындағы ерекше атап өтуді қажет ететін азамат – кітаптың жарыққа шығуына демеу­шілік көрсеткен «Жеті Жарғы және Қожаберген жырау» қоры­ның төрағасы, солтүстік­қазақ­стан­­дық Бекет Тұрғараев. Ол об­лыс әкімі Серік Біләлов екеуі «Сал­та­наттың» өмірге келуін қар­жылық тұрғыдан қамтамасыз етті. Тұсаукесерде өрісті ойлар, ай­шықты пікірлер, жарасты тілектер айтылды. Соның ішінде Жә­нібек Кәрібжанов кітап төраға­лық­қа өтер алдындағы «Жүрек күпті, үміт алға тартады» деген барлығымыздың толқуымызды білдірген мақаладан басталып, ең соңғысы «Жауапты миссияның абыройлы мәресі» деген көңілді мақаламен аяқталғаны жүйелі жарасым тапқан екен, деді. Со­нымен бірге, ол Елбасы Н.На­зар­баевтың сыртқы саясаттағы көре­гендігі туралы бірқатар фактілерді ауызға алды. Соның ішінде Қырғызстанның биліктен тайды­рылған президенті Қ.Бакиевті Нұрсұлтан Әбішұлының баста­ма­сымен ел аумағынан алып шы­ғудың қаншалықты маңызды бол­ғанын Солтүстік Африкадағы елдерде толассыз болып жатқан қантөгістерге қарап, енді біліп жа­тырмыз, деді ол. Егер Бакиев әлі күнге елде отыратын болса, бау­ырлас қырғыз елі әлі күнге өзара қантөгісте болуы мүмкін еді. Мұхамбет Көпеев Астана сам­митінің ешқашан аты өшпей­ті­нін, оны талай ғасырлар бойы ұрпақтар ауыздан тастамасын айт­ты. Сонда бұл кітап баға жетпес құнды дүниеге айналып, қолдан қолға өтетін болады, деді ол. Қайрат Сарыбай 2007 жыл­дың 30 қарашасында Мадридте болған Қазақстанның төраға­лық­қа өту сәтін еске алды. Сол сәтте бізбен – қазақстандық дипломаттармен бірге толқып, бірге қо­балжып «Еге­мен Қазақстанның» журналисі де жүрген еді. Ол өз мақа­ла­сын­да сол сәттің суретін бере алды. Мақалалар сондай жанды­лы­ғымен құнды, ал ондайлар кітапта көп екені көрініп тұр, деді ол. Сөзінің соңында «Еге­мен­нің» музейіне СІМ тапсы­ры­сымен Қа­зақстанның Ислам Кон­ферен­ция­сы Ұйымына арналып Ұлттық банк шығарған санаулы банк­нот­тардың бірін сыйға тартты. Жазушы Ә.Тарази, Б.Тұрға­ра­ев, А.Тараков, Ә.Асқаров, З.Ал­шым­баев және т.б. сөздерінде Пре­зидент Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қол жеткізілген ЕҚЫҰ төраға­лы­ғы және оның саммитін өткізу сияқ­ты ұлы жеңістің ешқашан да мәні ортаймайтындығын және жыл­дар өткен сайын оның ма­ңы­зы арта беретіндігін атап көр­сет­ті. Бәрінің де ойы: сол кездерде бұл кітап іздесең таптырмайтын асыл қа­зы­на болары даусыз дегенге сайды. «Салтанаттың» көлемі 786 бет, таралымы 1 мың дана. Жақсыбай САМРАТ.