• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Мұстафа Шоқай туралы жаңа туынды көрерменге жол тартты

675 рет
көрсетілді

Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай белгілі ақын Қасымхан Бегмановтың көрнекті қайраткер, қазақтан шыққан тұңғыш эмигрант Мұстафа Шоқай туралы түсірілген «Мұстафа Шоқай жолымен» деректі фильмі көпшілік назарына ұсынылды. Қ.Бегманов ұйымдастырған «Мұстафа Шоқай жолымен» экс­пе­­дициясы ұлтшыл азаматтың туып-өскен жері – Қызылорда облысы­ның Шиелі ауданындағы Наршоқы қыстауын, білім алған, сан түрлі саяси оқиғаларға қа­тыс­қан Ташкент, Ферғана, Қоқан, Самарқан қа­лала­рын, жоғары білім алған, саяси қоз­ға­­лыстарға ара­ласқан Санкт-Петер­бург, ежел­гі Кавказ бойын­дағы Баку, Тбилиси, Кутаиси, Батуми қала­ларын, алғашқы эмигра­циялық өмі­рі бас­талған Ыстамбұл, жиырма жыл­дан аса ғұмыр кешкен Фран­цияның Париж, Ножан-сюр-Марн, Фонтенбло, сондай-ақ Мұс­тафа­ның жары Мәриям Шоқай жерленген Шель және Мұста­фаның бақилық сапарға аттанған жері Германияның Берлин қала­ларын жүріп өтті. Республикалық БАҚ өкіл­дері­мен бірге Мұстафа Шоқай­дың өмірін зерттеп жүрген белгілі ғалымдардан жасақталған экспе­ди­ция мүшелерінің әрбір тарихи орындарда өткізген сан алуан кездесулері, дөңгелек үстел ба­сын­дағы әңгімелері мен сапар барысында барған мемлекеттердегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшілерімен өткен ресми жүздесулер, Мұстафаның өмір сүрген, еңбек еткен мемлекеттерінде тұратын шетел ғалым­дарымен жүргізілген сұхбаттар осы деректі фильмнің басты ар­қауына айналған. Деректі фильмде нақты мәлі­меттер, сәтімен түсірілген бейне­кө­ріністер, жасалған ғылыми тұжырымдар шынайы жеткізілген. Экспедиция құрамында бол­ған әрбір журналист пен тарих­шы ғалымның сапар мақсатына өз үлестерін қоса білгендігі байқалады. Сонымен қатар, осы фильм үшін арнайы жазылған сырлы әуен де жүректі қозғап, үлкен әсерге бөлейді. Сегіз мемлекетті сүзіп өтіп, Мұстафа Шоқайға қатысты жинақталған мол мәлімет өте тиімді қамтыл­ғандықтан, бұл еңбек халықара­лық дәрежеде түсірілген деректі фильм деп атауға тұрарлық. Сценарийі мен режиссурасын Қасымхан Бегманов, ал музы­касын жас композитор Арман Бексұлтан жазған, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Мәм­бет Қойгелді бас кеңесші болған бұл туынды жас ұрпақты отансүйгіштікке баулып, тәуел­сіздіктің мәнін терең түсінуге жетелейтін таптырмас құрал ретінде еліміздегі орта және жоғары оқу орындарының түлектеріне, жал­пы, жастары­мызға көрсетуге әбден лайық. Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.