• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2011

Розаның жаңа концерттік бағдарламасы

500 рет
көрсетілді

Жыл сайын болатын Астана күні мерекесі қазақ­стан­дықтар үшін аса қадірлі әрі думанды күн болып есептеледі. Себебі, еншісі бө­лін­бе­ген, іргесі сөгілмеген егемен елдің бұл ұлы тойын той­лау бәріміз үшін зор мақ­таныш болып табылмақ. Би­ылғы мерекелік думанды ша­ралар да өз ерекшеліктерімен әрбір адамның жүре­гін­де мәңгі қалатыны сөзсіз. Астана күні мерекесі ая­сында ұйымдастырылатын мәдени іс-шаралардың ішінде 2 шілде күні Астана қа­ла­сындағы Когресс-Холлда Қа­зақ­стан Республикасының Ха­лық әртісі Роза Рымбаева шығармашылығының 35 жыл­дығына арналған «Арайлы Астана» концерті де бар. Роза Рымбаеваның бұл жолғы концертінің маңыздылығын білу үшін кеше ұйым­дас­ты­рушылар тарапынан болған аталмыш концерттің бас­па­сөз конференциясына біз де қатысып қайтқан едік. Шығармашылықтың ас­қа­ралы асуына өзінің ең­бе­гімен жеткен  Роза Рым­баева сахнада жүрген 35 жыл ішінде талай әнжи­нақ­тар шы­ғарып, талай әнді шыр­қап, кез келген адамның жүре­гі­нен жылы орын ала білді. Роза есімі «Гүлдер», «Арай» ансамбльдерімен тығыз бай­ланысты екенін оның шы­ғар­машылығымен таныс әр­бір өнерді сүйетін адам жақсы біледі. Бұл жолғы концерттің ерекшелігіне журналистермен болған баспасөз кон­фе­ренциясында Роза Рым­бае­ва арнайы тоқталды. Оның ай­ту­ынша, аты аңызға айнал­ған «Арай» ансамблінің бұ­рынғы құрамы тұңғыш рет мерекелік концерттің құр­ме­тіне орай қайта бас қоспақ екен. Байғали Серкебаев, «А-Студионың» әншісі Владимир Миклошич, Батырхан Шүкенов, Болат Сыздықов, Наджиб Вильданов және Сағынай Абдуллин сынды сахна саңлақтары Роза Рым­баевамен бірге ән шыр­қамақ. «Менің бұл жолғы концертім еліме, халқыма, Астанама арналады. «Астана – Ақ ордам» деген әнмен кон­церттің шымылдығын аша­мын. Ал ең соңында «Арай­лы Астана» әні шырқалады. Репертуарымдағы осы екі ән елордаға арналмақ. Айты­ла­тын әндер өте көп. Алайда оларды бір концерттік бағ­дар­ламаға сыйдыру өте қи­ын. Сондықтан да таңдап, тал­дап жүріп бағдарламаға сәйкес әндерді іріктеп ал­дым. Бір айта кететін нәрсе, Ұлы Отан соғысының баты­ры – Әлия Молдағұловаға ар­налған «Әлия» әнін мен әрбір концертімде орындауға тиіспін. Онсыз концертім сәтті шықпайтындай көрінеді де тұ­ра­ды. Әрбір концерт бары­сын­да маған оркестрдің қол­дауы аса қажет. Бұл жолғы кештің де жауапты салмағы оркестрге түсетін болады. Концерттің көңілімдегідей шығатынына кәміл сенемін. Сенім жоқ жерде жемістің де болмайтыны секілді, қасым­да­ғы қолдау көрсеткен бар­лық жандарға сенуге тиіспін», – деді халық әртісі Роза Рымбаева. Баспасөз конференция­сы­на қатысқан Батырхан Шү­кенов пен Болат Сыз­ды­қов та, концерт дирижері Ар­тур Аренбургский мен әнші Бай­ғали Серкебаев та Роза Рым­баеваның жеке адам­гершілік қасиеттері мен шығарма­шы­лықтағы адал­ды­­ғына тоқта­лып, өмірлік ес­теліктерден сыр шертетін әңгімелерін ор­таға салды. Бүгінгі өнер саласын­дағы жеткен жетістіктерін де Роза Рымбаевамен байла­ныс­тыратындықтарын жа­сыр­ма­ды. Мерекелік кон­церт­тің құр­метті қонағы Бол­гариядан келген Орлин Гаранов болатыны да бас­па­сөз конференциясы бары­сын­да белгілі болды. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.