Есілдің екі жағында баяғының батырларындай сағат санап өскен Астана күні биыл тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен орайласып отыр. Осындай айтулы оқиғаға еліміздің оқушылары да өз үлестерін қосып, өнерлерін тарту етуде. Сондай бір әдемі кеш «Тәуелсіз елдің өнерлі ұрпақтары» деген тақырыпта елордадағы Президенттік мәдениет орталығында өтті. Оған ұйытқы болған Алматы қаласы Медеу ауданындағы №172 жалпы білім беретін мектеп оқушылары еді.
Жыр төгіп, ән әуелеткен 120 өнерлі ұл-қыз сахна төрінде Әнұранды домбыраның сүйемелдеуімен орындап, рухыңды көтеріп, сананы серпілтіп жіберді. Айтыскер ақын Фархат Маратұлы өлең өрімдерімен Астана келбетін айшықтап, зал орта болғанымен, көңілдің тоқ екенін термелей жеткізді. «Үлкеннің мыңына бергенше баланың біріне бер» деген ұлттық қағиданы аңғартты. Оқушылардың өнеріне қарай киген киімдері де ұлттық нақышымыздың нәрін көз алдыңа әкеледі. «Астанам – бағы биік асқарымсың, Астанам – мәңгі жарық аспанымсың. Астанам – пейіш қала ел арманы, Астанам – қайда жүрсем мақтанышым», десе ақындар, «Қарлығаштар» ансамблінің мүшелері алма-кезек өнер көрсетіп жатты. Жақан Тамырлан «Қазақ осы» әнін шырқады. Қолдарына домбыра тиген тұста Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқиссасын» тартып, жұрттың ерекше ілтипатына бөленді. Ал жас талапкерлер Мұратәлі Серікболұлы мен Жүніс Айбек Астана туралы өлеңдерін оқыса, балғын талапкерлер Нұрай Айтуарова мен Әмір Сатыбалды әп-әдемі айтыстың жоралғысын жасады. Әмір өзінің ертең құрылысшы болып, Астананың ажарын ашуға үлес қосатынын айтса, Нұрай әнші болып елорда сахнасынан ән салсам деген арманын алға тартты.
Қазақ күй өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар домбырашы, талантты оқушылардың қамқоршысы А.Райымбергенов пен «Қарлығаштар» ансамблінің жетекшісі Ғалиябану Қожабергенқызы шәкірттерімен қосылып «Наурыз» күйін орындады.
Концерттен кейін аталмыш мектептің директоры Нұрайым Үсенова тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаған оқушылардың концерттік бағдарламасын Астана төрінде таныстыру өздері үшін үлкен мерей екенін айтып, жалпы білім беретін мектепте оқумен қатар, өнерлі жастарды баулу үшін атқарылып жатқан игілікті іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде «Мұрагер» жобасы бойынша жүзеге асқанын жеткізді. Сегіз жылдың ішінде оқу мен өнерді ұштастырған ондаған оқушылар елге танылды. Ұлттық рухтары көтеріліп, тәуелсіз елдің патриоты болуы үшін осындай алтын діңгек өнерге ден қойды. Өздерінің қазақ екенін, қазақ ұлтының ұланы екенін сезді, түсінді. Бұған үлес қосқан А.Райымбергенов пен Ғ.Қожабекқызына алғысым шексіз. Сол секілді осындай кешті елордада өткізуге Астана қаласы әкімінің орынбасары В.Крылов пен өзге де демеушілік көрсеткен азаматтарға шынайы ілтипатымды білдіремін. Астанамен танысқан 120 оқушының есінде бүгінгі Астана келбеті өмірбойы қалатыны сөзсіз, деді. Ал Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина Алматыдан келген өнерлі жастардың болашағына сәт-сапар тілеп, алдағы уақытта бірге жұмыс істейтіндерін тілге тиек ете келіп, алғыс хат пен бағалы сыйлық тапсырды. «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы директоры Н.Өтешов балапан кездерінен рухани құндылыққа ден қойған оқушылардың талпынысына әркез қолұшын созатындықтарын білдірді. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов оқушылармен ой бөлісті.
Сүлеймен МӘМЕТ.