Жылдағы дәстүр бойынша Астананың туған күні түрлі мәдени шаралармен жалғасып жататыны белгілі. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген халық нақылының айна-қатесіз келетінін осы бір шаттыққа толы мереке күніне дейінгі өтетін іс-шаралар легі тағы бір еске түсіреді. Соның бірі кеше «Керуен» ойын-сауық орталығының «Kinopark 7» кинотеатрында балғындарға арналған «Бәйтерек» атты мультипликациялық фильмнің тұсаукесерінің өтуі дер едік.
Аталмыш анимациялық фильм – жоба авторларының ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Астана күніне жасаған тартуы. Мультфильм экранға қазақ тілінде жарыққа шықса, орыс тілінде субтитрмен берілген. Жобаның жарыққа шығуына Астана қаласы әкімдігі мен мәдениет басқармасы мұрындық болыпты.
«Бәйтерек» – бұл жас көрермендерге бағытталған шытырман оқиғаға толы анимациялық фильм. Сюжет желісі бойынша фантастикалық теріс күштер Тәуелсіздік күні мерекесіне балта шаппақ болады. Дұшпандар бейбітшілік пен молшылықтың белгісі болған «Бәйтерек» өмір ағашының ұшар биігіндегі алып самұрық құстың күн тәрізді алтын түстес жұмыртқасын ұрлап, сол арқылы әлемге аласапыран мен астан-кестен орнатпақ болады. Сондай-ақ фильмде қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлер де жаңа қырынан көрінеді. Ал қаладағы Бейбітшілік және келісім сарайы, Цирк ғимараты, Хан Шатыр сынды ғажайып құрылыс нысандары фильмдегі Астана келбетін аша түседі.
Анимациялық фильмді түсірген сценарий авторы әрі бас продюсері Әбдіқадір Сабыр: «Бұл он екі жасқа дейінгі өскелең ұрпаққа арналған туынды болғандықтан, бұларға алғашқы кезекте патриоттық тәрбие беру мен Бәйтеректің қасиетін түсіндіруді басты мақсат етіп алдық. Көп жеткіншектеріміз оны суреттерден тамашалап, Астана деп қана түсініп жүр. Ал мультфильмді көргеннен кейін оның қандай қасиеті болғанын, оны не үшін сақтау, қорғау керек екенін жіті түсінер деген ниеттеміз. Біз осыны түсіндіруге тырыстық. Шығармадағы оқиға Тәуелсіздіктің 20 жылдығы емес, 200 жылдығы кезеңінде болып жатқан оқиға болып табылады. Яғни, бұл алдағы болашақ төңірегіндегі оқиға болып өрбиді», – дейді.
Мультфильм «Астана-Комплекс» корпорациясы» ЖШС жанындағы «Бәйтерек» киностудиясында жасалған. Оның ұзақтығы он минөтті қамтиды. Кейіпкерлерді дыбыстау кезінде екі дауыс пайдаланылыпты. Қазақ тіліндегі дубляжды Ержан Емелхан мен Жанқалдыбек Төленбаев жасапты. Отандық аниматорлардың жаңа бұл мультфильмін 1-6 шілде аралығында «Кинопарк» кинотеатрлар желісінен тамашалауға болады.
«Бәйтерек» туындысының авторлары алдағы уақытта фильмнің келесі сериясын түсіруді жоспарлауда.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.