Премьер-Министр К.Мәсімовтің төрағалық етумен Үкімет жанындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірінші отырысы болып өтті. Онда құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша құқық қорғау және уәкілетті органдардың қызметіне қатысты бірқатар мәселелер талқыланды. Мәжілісте Ішкі істер министрі Қ.Қасымов нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндама жасады.
Министр «ауғандық» есірткі трафигі, Шу алқабының проблемасы, Ресей мен Еуропадан келетін есірткі трафигі, есірткіні қолдан өндіру мәселелеріне және өткізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шаралардың нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, мектептегі есірткі бекеттерінің жұмысын жаңғыртудың және есірткіге тәуелділерге әлеуметтік көмек, психологиялық қолдау көрсетудің, оларды еңбекке орналастырудың нақты тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ кейбір түзеу мекемелерін мамандандырылған мекемелер ретінде қайта ұйымдастыру қажеттілігі және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі мемлекеттік саясаттың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету, алкоголизмді, нашақорлықты, уытқұмарлықты ерте анықтау және олардың алдын алу әдістемелерін әзірлеу бойынша қабылданып жатқан шаралар талданды, деп хабарлады есірткі бизнесіне қарсы күрес комитетінің баспасөз қызметі.