Өткен сенбіде Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылдығы мен Астана күні мерекесіне орай, қалалық Әділет департаментінің ұйымдастыруымен, қалалық АХАЖ бөлімі елордалық 38 жұптың салтанатты неке қию рәсімін өткізді.
Жас жұбайлар әдетте бақыт әкеледі деген ырыммен тойларын елеулі даталарға сәйкестендіріп өткізуге тырысатыны баршаға мәлім. Сондай күндердің бірі – Астана күні. Қос мерекеге арналған салтанатты неке қию рәсімі – ұзақ әрі бақытты бірлескен өмір сүрудің бастауы. Бұл дәстүрлі іс-шараның қатысушылары – үйлену тойлары Астанамыздың туған күніне тұспа-тұс келіп отырған жас жұбайлар. Статистикалық деректерге сүйенсек, Астана күні қарсаңында некелесуді ниет еткен жұптардың саны Астанада ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша жылдан-жылға артып келеді екен.
Биылғы салтанатты шара «Қарақат» мектеп-студиясында білім алып жатқан шәкірттердің жетігеншілер тобының өнерімен ашылды. Астана қалалық АХАЖ бөлімінің бастығы Гүлнәр Сағындықова: «Құрметті жас жұбайлар, Неке және отбасы заңына сәйкес, 2 шілде күні сіздердің некелеріңіз заңды түрде қиылды. Бүгіннен бастап, сіздерді ерлі-зайыптылар деп жариялаймыз. Неке туралы куәліктерді бүлдіршін балалардың қолымен тапсырып отырмыз. Себебі, балалар – өмірдің жалғасы, болашағы. Астана мерекесі қарсаңында басқан қадамдарыңыз осы сәбилердің жүрегіндей пәк, таза әрі шынайы болсын», – деп жас жұбайларды неке қию сәтімен құттықтады.
Салтанатты жиынға, барлығы 38 жұп пен олардың туған-туыстары, жолдастары, сондай-ақ арнайы қонақтар да шақырылған екен. Шақырылған қонақтардың бірі С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің ректоры, Астана қалалық мәслихатының депутаты Айтбай Бұлашев сөз кезегінде: «Құрметті жас жұбайлар, бүгін сіздер мен ата-аналарыңыз үшін, туған-туысқандарыңыз үшін үлкен мереке екені сөзсіз. Некелеріңіз қиылып, көптеген жас отаудың шаңырағы көтеріліп отыр. Бұл оқиғаның егемен еліміздің бас қаласының төрінде орын алуы баршамызды қуантады. Тойларыңыз құтты болып, қадамдарыңызға гүл бітсін демекпін!», – деді. Ал «Қазақстан аруы – 2008» байқауының жүлдегері, «Хабар» телеарнасының тележүргізушісі Динара Сәтжанова жас жұбайларды құттықтай келе, салтанатты шараға тіркелген ең жас жұп Жәңгір Жұмабеков пен Жұлдыз Мақашеваға, сонымен бірге жас жағынан ең үлкен жұп Андрей Русский мен Татьяна Серденчукке «Сезон» журналына жылдық жазылу сертификатын тарту етті.
Неке қию рәсіміне ерлі-зайыпты тележүргізушілер Нұрділда Ораз бен Гүлназ Әлімгерей де жаңадан отау құрып жатқан жас жұбайларға өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін арнады.
Салтанатты шараны бұлтсыз көгілдір аспаннан төгілген күн арайландыра түссе, «Қарақат» мектеп-студиясының шәкірті Аяулым Сәдуақасова «Саған халқым» әнімен мерейлендірді. Астанадағы «Атамекен» этно-мемориалды кешенінен бастау алған салтанатты неке қию рәсімі, «Думан» ойын-сауық орталығы мен «Отан қорғаушылар» монументі алдындағы алаңда жалғасын тапты. Жас жұбайларға мерекелік айрықша белгісі бар неке қию туралы куәліктер салтанатты түрде табысталғаннан кейін, шашу шашылып, көкке ақ шарлар ұшырылды.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.