• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Қолөнершілер көрмесі

1120 рет
көрсетілді

Ұлттық өнеріміздің алтын ар­қауының бірі саналатын қол­өнер­шілер көрмесі өткен аптада елорда күніне орай, Президенттік мәдениет орталығында «Шеберлер-2011» деген атпен өтті. Бұған «Қазақ­стан­дағы қолөнер мен дәс­түрлі кәсіп­ші­лікті қайта жаң­ғырту» бағдар­ла­ма­сы­ның аясын­да, «Шеврон» ком­па­ниясы және Орта Азияның Еуразия қорының бастамасымен  «Our Heritage» қоғамдық қоры ұйытқы болды. Сонымен қатар, бұл игі ша­раға Отанымыздың Мәдениет  министрлігі мен ЮНЕСКО да қолдау көрсеткенін айта кетсек дейміз. Көрмеге еліміздің аймақта­рын­да тұратын шеберлердің 92 туындысы түсіп, іріктеу бары­сын­да Астанадағы сайысқа 20 қаты­су­шының шығармалары «Асыл ұс­таз», «Дарынды бастау», «Озат іскер», «Жоғары сапа», «Жаңа­шыл­дық», «Төлтума», «Жо­ғары ше­бе­р­лік» деп аталатын жеті номинация бойынша жіберілген екен. Қолөнер кәсібін дамытуды мақ­сат еткен өнер сайысы ең алдымен ел ішіндегі дарындыларды тауып, олардың шебер қолынан шық­қан дүниелерді көрмеде көрсе­тіп, одан кейін игілікке жара­ту­ды ниет еткен екен. Бұл іс осы­дан екі жыл бұрын басталғанын на­зарға сала кетсек дейміз. «Біз­дің компания 18 жыл бойы мұ­най мен газды өндіріп қана қой­май, адами және институ­цио­налды әлеуетті дамытуға бағыт­тал­ған көптеген әлеуметтік жо­ба­ларды  жүзеге асыру арқылы ел эконо­ми­касына, рухани өмірге өз үле­сін қосып келеді», – дейді Қа­зақстандағы «Шеврон» компа­ния­сының Үкі­метпен және жұрт­шылықпен бай­ланыс жө­ніндегі директоры Еркін Зікібаев. Көрмеге қойылған кон­курс­тық жұмыстарға өнер­тану­шылар, суретшілер, Мәдениет министр­лігінің, ЮНЕСКО және «Шеврон» компаниясының   өкіл­дері­нен, сол  секілді  Малайзиядан қолөнер бұйымдарының са­пасы бойынша халықаралық са­рапшы Эдрик Онг бастаған беделді сараптау комис­сиясы қа­зы­лық жа­са­ды. Олардың шешімі бойынша жоғары баға­ланған рухани құн­дылықтар же­ңімпаз деп танылып, автор­ларына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Сүлеймен МӘМЕТ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.