• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Далаға жауған жұлдыздар

367 рет
көрсетілді

Шілденің 3-і күні Мәдениет министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақ­стан» Орталық концерт залында өткен «Әлемнің опера жұлдыздары» Гала-концертін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келіп тамашалады. Соңғы кездегі үлкен тойдың бірі – елорданың туған күні десек, мұны атап өтудің өзін­дік дәстүрлері жылдан-жылға дамып, көркейіп, шуағы молайып келеді. Баяғы­дай қазан-қазан ет асып, ішіп-жеп, ертең­гі күні не болды дегенде көрсетерге еш­теңе таппай отыратын төмендіктен бүгін­де әлдеқайда биіктеп, әр елдің дүлдүлдері мен бұлбұлдарын елорда төріне жиып, рухани ортаны толтыратын асқаралы, еңселі шыңға орнықты. VI халықаралық «Опералия-2011» фестивалі аясында «Қазақстан» Орталық концерт залында өткен «Әлемдік балет жұлдыз­дары» мен «Әлемдік опера жұлдыздары» Гала-концерттері солай екеніне көзіңізді айқын жет­кізе түседі. Еуропаның сахна­сында бұ­рын ән салған әнші деп бір Әмірені мақтан етіп келген қазақ бүгінде сол Әміренің соңынан сандаған балғын өнер­паздар өсіп шыққанына куә. Білімдерін Италия ән мектептерінде ұштап жүрген Салтанат Ахметова мен Бауыр­жан Әндір­жановтың үні осы кеште саңлақтар сары­нымен қатар әуелеп, кешегі сол бабалар салған іздің жалғасындай жарасымды сыңғырлады. Классикалык өнердің отаны Италияның өзінен жыл сайын небір таны­мал әншілердің келіп өнер көрсетуінің өзі кейінгі жас буын өнерпаздар үшін баға жетпес мектеп болып табылуда. Қала күні қарсаңында елордалық театрда Дж.Пуччинидің «Манон Леско» опе­ра­сының тұсауы кесіліп, отандық репер­туардың тағы бір әлемдік классикамен толығуын жұрт тарихи оқиғаға баласа, әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрген Салваторе Личитра мен Амарилли Ницца өнері айшықты әсерге бөледі. Дж.Верди, Дж.Пуччини, Дж.Россини туындылары тұшымды орындалды. Фьорилла мен Джеронио, Де Грие, Леонора, Каварадосси, Баттерфляй, Манрико, т.б. ариялары ара-жігі ажырамай, ашық бейнеде бедерленді. К.Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры симфониялық оркестріне дирижерлік еткен Алан Бөрібаев өнері өте жоғары деңгейде өрілгені көрермен көрсеткен қошеметтен көрініс тапқан. Классикалық шығармалардың орындалуы барысында зал мен сахнаның бір бүтін дүниеге айналып кетуіне дәл осылай ықпал ететін тұлғалар кемде-кем. Әлемдік опера классиктерінің қазақ әншілерінің ешқайсысына өкпесі жоқ қой деп ойлаймыз. Өйткені, бұл жағынан әлем сахналарын бағындырып жүрген тарлан­дарды мысалға келтірсек те жетіп жатыр. Ал шетелдік әншілерден қазақтың әндерін орындап жүргендері бар ма деген сұраққа келгенде, күмілжіп қалатынымыз рас. «Опералияны» өткізудегі бірден-бір мақсат, осындай ойларды келешекте жүзеге асыру болып табылатынын аңғардық. «Әлемдік опера жұлдыздары» Гала-концертінде қос қонақ Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін қазақша орындады. Тенор Сальваторе мен сопрано Амарилли үні дала әуені иірімдеріне ілесіп, сахараның сарқырама­сындай жұпар леп таратты. Абай әнінің әлемдік операмен терезесі теңесті. «Әлемдік балет жұлдыздары» Гала-концертінде А.Адан, С.Прокофьев, Л.Минкус, П.Чайковский музыкалары салтанат құрып, Яна Саленко, Юргита Дронина, Йоэль Карреньо, Дина Тамажлакару, Денис пен Анастасия Матвиенко сынды Берлиннің Штатс­балет, Швед корольдігінің балеті, Норвегия ұлттық балеті, Мария театры жұлдыз­дарымен қатар Мәдина Басбаева, Тайыр Гауытов, Гүлмира Құрбанова, Фархад Бө­риев, Гүлфайруз Құрманғожаева, Жандос Әубәкіров сияқты төл балеттің төріндегі өрендер өнер көрсеткені көңіл марқайтады. Кеше Президенттік мәдениет орталы­ғында халықаралық «Опералия-2011» фестивалі аясында танымал скрипкашы Арман Мырзағалиевтің музыкалық кеші өтті. Заманымыздың әйгілі скрипкашы­ларының бірі болып табылатын оның ха­лық әртісі, алғашқы кәсіби қазақ театры­ның негізін қалаушы Жұмат Шаниннің шөбересі екенін біреу білсе, біреу біле бермеуі мүмкін. Арман бүгінде шетелде тұрып жатыр. Қазақстанға жиі ат басын бұрып тұрады. Мұнда біраз концерттері өткен. Әйтсе де оның есімі мен өнері өз елімізге қарағанда, Шығыс Еуропа және Америкаға кеңінен танымал екенін айта кеткеніміз жөн. Биылғы концерттік мау­сымда оны әлемнің әйгілі залдары күту­де, олардың ішінде Le Salle, Cortot, Paris (Франция), Chicago (АҚШ), Баку (Әзер­байжан), сондай-ақ Ұлан-Батырдағы (Моң­­ғолия) концерт залдары бар. Ақтауда өтеді деп күтілген жеке концерті туралы әңгіме өз алдына бір төбе. Қандас бауырымыз Лион Киршнер, Андреас Кисс, Джозеф Сильверштайн, Рафаэль Хиллер, Менахайм Пресслер, Иври Гитлис, Левон Амбартшумян сын­ды танымал тұлғалармен шығармашылық байланыста екен. Астана күніне арналған скрипкашының музыкалық кешінде шерт­пелі оркестр және скрипкаға арналған концерт, ре-минор (Ф.Мендельсон), «Fratres» арналған скрипка, шертпелі және ұрмалы (Арво Пярт), және шертпелі оркестрлерге арналған тақырыптар мен вариациялар (П.Хейдрич) орындалды. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.