Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті, Алматы қаласының әкімдігі мен Алматы қаласының альпинизм мен шыңға шығу федерациясы ұйымдастырған «Нұрсұлтан-2011» альпиниадасы 3 шілде күні Алатау баурайында өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ұйымдастырылған бұл шара қалың бұқараны белсенді демалыс түрлеріне шақыру мақсатымен жүзеге асырылып отыр. Құрамында спортшы тобы бар қала тұрғындарынан жасақталған ынталы қауым бір мезгілде төрт бағыт бойынша шыңға көтеріліп, «Тігінен өрлеу» деп аталатын биікке жүгіру түрінен өткізілген жарысқа қатысты. Осы шараға қатысқан қалалықтар «Отбасылық топ», «Халықаралық топ», «Ересектер тобы» және «Ардагелер тобы» деп жасы мен бейіміне қарай бірнеше топқа бөлінді. 4376 метр биіктікте орналасқан Нұрсұлтан шыңының басына шыққан альпинистер бір кісідей «Астана!» деп бар даусымен жар салды.
Іле Алатауының Тұйықсу ауданында орналасқан бұл шың бұрынырақта Комсомол шыңы деп аталып келген еді. 1995 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шыңның төбесіне көтеріліп, зәулім биіктен қол бұлғап, көк байрағымызды желбіреткен. Содан кейін 1998 жылы елдің ықыласымен осы шыңға еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың құрметіне Нұрсұлтан есімі берілген-ді.
Тау басына шығу сапарына қатысушыларға “Медеу – Шымбұлақ – Медеу” қанатты жолы тегін қызмет көрсетті. 500-ден аса ерікті қала тұрғындары қатысқан шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құтқару қызметінің 300-ге жуық маманы жұмылдырылып, жоғарыдан тікұшақпен бақылауды қолға алды. Аталған жарысқа қатысқандарға «Нұрсұлтан-2011» альпиниадасына қатысушы» деген сертификат берілсе, шыңның басына дейін аптықпай жеткен жеңімпаздардың бәрі Ұлттық олимпиада комитетінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қанат ЕСКЕНДІР.
Алматы.