• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Маэстро

542 рет
көрсетілді

Әлемнің музыка сүйер қауымы Алан Бөрібаевты небәрі 18 жасында-ақ осылай атаған болатын Өткен жылдың аяғына қарай, нақтылап айтсақ Астанада өткен ЕҚЫҰ-ның Саммитінен кейін Австрияның астанасы Вена қаласына жолымыз түс­кен. Өйткені, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қа­зақстанның өнер шеберлері сол қалада концерт берген. Бұл концертке Вена жұртшылығы, дип­ломатиялық корпус өкілдері, сондай-ақ осы елде тұратын өз ағайындарымыз да қатысты. Сол жерде бізбен шүйіркелесе табысқан осы қандастарымыз­дың көмегімен кеш соңынан кейін біз бірқатар адамдарға жолығып, олардың Қазақстан өнері жайлы ой-пікірлерін білуге тырысқанымыз бар еді. – Бүгінгі концерт қазақ халқының жан әлемі өте бай, өнері де, өздері де сұлу ел екенін байқатты. Рас, біз бұған дейін қазақстандық Алан Бөрібаев деген жас дирижердің өнерін тамашалап, оның алғашқы аяқ алысына ерекше тәнті бол­ған едік. Сөйтсек, қазақ шетінен талантты халық екен-ау. Оған бүгінгі кеш барысында көз жеткізіп отырмыз, – деді өзіміз жолыққан веналық ерлі-за­йыптылар. Бір ғажабы, бұдан кейін кездескен жұрттың бәрі де Аланның атын алдымен ауызға алған. Оның мәнісіне қасымыз­да жүрген қандасымыз Абдол­ланың әңгімесінен қанық­қанбыз. – Бұл кісілер де Алан Бөрібаев дирижерлік ететін концерттерді құр жібермейді екен. Тіпті, олар оны пір тұтатынын да жасырмайды. Сондықтан да Аланның шығармашылық өсу жолын қалт жібермей, қадағалап отыра­тын көрінеді, деді ол. – Сонда бұл адамдар музыканттар ма? – Ол жағын сұрамаппын. Бірақ мұндағы жұрттың бәрі негізінен музыканы өте терең сезінеді десе де болады. Талай-талай мықтылардың өнерін көрген жұрт қой. Іштей соларды салыстыратын болар. Және олар ешкімге елп ете түспейді. Біреуді мақтауға да өте сараң келеді. Шынайы таланттарға ғана бас иеді. Оның да өз мәнісі бар – дей келе ол одан әрі Венаның әр көшесінде әлемге әйгілі музы­кант­тардың ізі жатқанын әңгі­мелеп кетті. Онысы рас, Венаны өнердің киесі қонған жер десе де болады. Бұл қалада тіпті ауаға музыканың иісі сіңіп қалғандай әсер етеді. Ал мына кафеге Моцарт жиі келетін, мына жерде Штраустың алғаш­қы концерті өткен деп әспеттеп отырған орындардан тіпті аяқ алып жүргісіз. Ендеше, осындай классикалық музыканың нағыз білгірі саналатын веналықтар­дан мұндай жоғары баға алу тума таланттың ғана маңдайына жазылған бақыт деген сөз тегінде рас болса керек. Абдолла бауырымызбен ара­да­ғы осы әңгімеден кейін мен Аланның көкөрім кезінде, Ал­матыда өткен концертін тың­даған сәтімді еске алдым. Иә, сол концерттен кейін біз алған әсерімізді айтып, осы «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жазып, жұртшылықтан сүйінші сұрағанбыз. Бұл Алан туралы оның туған елінде жарық көрген тұңғыш мақала еді. Бұдан кейін де бізге Аланмен жүздесудің сәті түскені бар. Бұл Вена университетінде оқып жүрген жас жігіттің Загребте өткен Ловро фон Матачич атын­дағы халықаралық дирижерлер конкурсында бас жүлдені жеңіп алған кезі болатын. Оттай жанған бозбаланың дүние жүзі­не танымал, атағынан ат үркетін марқасқа дирижерлердің бәрі­нен өнер оздыруы ра­сында да классикалық музыканы тамыр­шыдай тап басып біліп отыратын музыкатанушылар үшін тіпті күтпеген жағдай болғаны анық. Олай дейтініміз, өнертанушылар­дың пікіріне сү­йен­сек және өмірдің өзі көр­сеткендей, дирижерлік пультке музыкант әдетте өз өмірінің екінші жартысына қарай көтерілетін көрінеді. Алайда Алан бұл қатып қалған қа­ғиданың быт-шытын шығарып, дирижерлік пультке 18 жасында-ақ тұрған екен. Әрине, ол алғашқы аяқ алысынан-ақ әлемді өзіне қаратты. Осындайда ғой Қасым ақынның: «Ей, тәкаппар дүние, Маған да бір қарашы, Танисың ба сен мені, Мен қазақтың баласы» деген өлең жолдары тіл ұшына еріксіз оралады. Иә, тәкаппар дүниенің Аланның ал­дында бас игені сол емес пе, бүкіл әлемнің ақпарат­тық құрал­дары жап-жас жігіттің виртуоз­дығы, қандай шығармаға болса да қайталанбас өзгеше реңк бере білетін суреткерлігі хақында таң­дана жазып жатты. Осы тыр­нақ­алды жеңісі жас жігітке құт боп қонды. Яғни, оның есімін әлемге танытып қана қойған жоқ, бірден бірқатар еуропалық оркестрлерден шақыр­ту алды. Иә, бұл өмір жолын жаңа бастаған жас музы­кант үшін үлкен табыс еді. Міне, осыдан бастап музыка­танушылардың назарын өзіне байлап келе жатқан жас жігіт алғашқы жеңісінің еш кездей­соқтық емес екенін талай рет дәлелдеді де. Бұл сөзімізге оның 2001 жылы «Келешегінен зор үміт күттіретін аса көрнекті талант иесі ретінде» Копенгагенде өткен Николай Малько атындағы халық­аралық дирижерлер конкур­сында бас бәйгені, сондай-ақ Италия­ның Тренто қаласында өткен Антонино Педретти атын­дағы халық­аралық конкурста І орынды жеңіп алуы толық дәлел бола алады. Музыка әлемінің бас айнал­дырар биігін бағындырған Алан туған елінің өнерін де өрге сүйреуді еш ұмытқан емес. Бұл орайда оның 2004-2007 жылдар аралығында Астана қаласының симфониялық оркестрінің бас дирижері ретінде елордалық жас ұжымды жаңа бір биікке көтеріп тастағанын айтсақ та жеткілікті. Ал осы оркестрді оның Берлин қала­сына апарып, елге зор табыспен оралғандарын да жұрт­шылық әлі ұмыта қойған жоқ. Осы сапарда Еуропа жұрт­шылығы қазақ өнерімен, қазақ ком­позитор­ларының шығармала­рымен алғаш рет танысып, ондағы бір-бірімен астасып жат­қан сан түрлі буыр­қанған музы­калық бояулар арқы­лы қазақтың сайын даласының кеңдігін, асқақ та айбынды таулардың биіктігін айқын сезінгені анық. Олай дейтініміз, шы­ғарма ой­налып біткеннен кейін бір сәт залдағы барша көрермен үнсіз қалған көрінеді. Осы кезде біз «не болып қалды дегендей қорқып кетіп едік. Жоқ, іле дүрілдеген шапалақ үні залды кернеп кетті», деп еске алады бүгінде осы оркестр мүшелері. Бір айта кететін жәйт, Астана оркестрімен қатар ол осы кезеңде Мейнинген (Германия) театры­ның да музыкалық жетекшілігін қатар атқарған болса, осы тұста Ж.Оффенбахтың «Гофманның ертегілері», В.Мо­царттың «Фигаро­ның үйленуі», Л.Яначектің «Енуфа», Р.Штраустың «Саломея», Фон Шиллингстің «Моно Лиза», Дж.Вердидің «Трубадур», Р.Ваг­нердің «Қанатты голландия­лық» сияқты опералық туындыларын музыкамен көркемдеген. Өрімдей бозбала шағында осындай салмақты дүниелерді игеріп қана қоймай, музыка әлемінде өзіндік қолтаңбасын айқын танытқан Аланды әлемнің әр түкпірінен өздеріне шақы­рушылар қатары тіптен толастар емес. Үнемі ізденісте жүретін жас жігіт өзіне үлкен тәжірибе алаңы болатын мұндай шақы­рулардан мүмкіндігінше бас тарт­пады. Сөйтіп, Дрезден, Берлин, Милан, Лондон, Осло, Токио, Мельбурн, Балтимор сияқты ірі-ірі қалалар­дағы сим­фониялық оркестрлермен қоян-қолтық жұ­мыс істеді. Әрине, әртүрлі оркестрлермен жұмыс істеу оның кәсіби шеберлігін шыңдай түскені анық. Жалпы, әртүрлі оркестрлермен жұмыс істей білу дирижерге аса қажет қасиет кө­рінеді. Өйткені, музыка құді­ретін әр жүрекке жеткізу үшін оркестр мүшелерін бір тынысқа бағын­дырып, оны тұтас тірі организмге айналдыра білу кез келген сиқырлы таяқша иесінің қо­лынан келе бермейтінін осы сала мамандарынан естіп жүрміз. Ал Аланда бұл қасиет оған құдай берген таланттың бірі көрінеді. Өнердің тағы бір кереметі сол, шын жүйрікті ешкім тасада ұстай алмайды. Клас­сикалық музыка сүйегіне дейін сіңіп кеткендей дейтін Еуро­паның өзде­рінің айтулы оркестрлерінің тізгінін қазақтың қара баласының қо­лына беріп қоюы да бұл сөзімізді нақтылай түссе керек. Иә, осы арада біз оның 2010 жыл­дан бастап Ир­ландияның ұлттық радио және телеви­дениясының сим­фония­лық ор­кес­тріне музы­калық жетекші, Шве­ция­ның симфония­лық ор­кес­­трі­нің бас дирижері және Нид­ер­ландияның Брабантск ор­кес­­трінің музыка­лық жетекшісі екенін де айта кетсек дейміз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Астанаға келген кезде ол елге неге жиі келмейсіз деген тілшінің сұрағына «Менің бар жан жү­регім елім деп соғады. Алайда жиі келуге мұршам келмейді» дегені бар еді. Расы да сол, оның әр күні түгілі, әрбір сәті бос емес деуге болады. Бүгін Лондонда, ертең Парижде дегендей, әлемнің әр түкпірін шарлап, дүниеге сұлулық сыйлап жүр. Алайда ел тынысындағы елеулі оқиғалардан Аланның тыс қалмайтынын да көзіміз көріп жүр десек, оның осыдан бірер күн бұрын ғана Астанада өткен «Опералия-2011» фестиваліне келген әлемдік опера және балет жұлдыздарының гала-концертіне қатысып, өз халқына да ерекше көңіл-күй сыйлағаны белгілі. Ең бастысы, Аланның өзі дирижерлік еткен оркестр ұжы­­мын баурап алатыны музыка сыншылары тарапы­нан қағаберіс қалып жүрген жоқ. Олар сиқырлы таяқша иесінің өзіндік техникасында ешкімде кездеспейтін соны бояу, өзгеше лиризм бар екенін тамсана жазады. Айталық, Гамбург, Мюнхен, Дрезден, Дублин сияқты және тағы басқа әлемнің ірі-ірі қалала­рында әртүрлі оркестрлерге жетекшілік еткен, жас жігіттің оркестрдің бар мүм­кіндігін жан-жақты аша білгеніне сыншылар еріксіз тәнті бола­ды. Мысалы, 2011 жылдың 10 сәуірінде жарық көрген «Біз сізді асыға күтеміз, маэстро» деген мақалада Алан Бөрібаев жетекшілік жасаған Берн сим­фониялық оркестрінің өнері жайлы айта келіп, дирижердің алғашқы такттан бастап-ақ жұртшылықты соншалықты ұйытып тастағанын жазыпты. Тіпті, онда Аланды таныстыра кетуді де ұмытпаған. Ол Қазақ­­станда туған. Бұл Орта­лық Азияда, классикалық музыкамен ауылы қатар қон­баған ел. Бұл аймақтағы ең таны­мал тұлғалар – шаңғы­шылар, боксерлер, альпинистер дей келіп, ең соңында ма­қала авторы өз сөзін «Маэс­тро, өтінеміз, бізге тағы да келіңізші» деп қорытын­ды­лапты. Осы арада бір айта кететін жәйт, Алан жайлы жазылған дүниелерді оқып отыр­саңыз, Қазақстанның клас­­­сикалық музыканың ота­ны еместігін шетелдік журналистер бір ескертіп өтуді ұмытпайды. Мұның бәрі әри­не, білместіктен. Егер олар Құрманғазының, Түркештің күй­лерін тыңдаған болса, сөз жоқ, бұлай айтпаған болар еді деген ойдамыз. Осы арада Аланның асылдың ұшқыны екенін де айта кетсек дейміз. Тіпті, зерделеп қарасаңыз, оның музы­кант болмауға еш қа­қысы да жоқ сияқты. Олай дейтініміз, ата-анасы Шолпан мен Асқар екеуі де му­зыкант болса, Аланның атақ­ты композитор Ахмет Жұ­бановтың шө­бересі екені де біраз жәйтті айтып тұрған жоқ па?! Әрине, аяулы апа­мыз Ғазиза Жұба­нованың да Аланнан еш алыс­тығы жоқ. Бір сөзбен айт­қанда, ол өнер қонған әу­леттің, зәулім бәй­теректің бір бұтағы. Қазақ­тың «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген сөзінің де мән-мәнісін осы әулет тыны­сына қарап-ақ айқын бай­қауға бо­ла­ды десек, алғашқы но­таны Аланның Еуропада емес, өз елінде үйренгені ел өнерінің де осал еместігін байқатып тұр­ғандай. Иә, ол Алма­ты­дағы К.Байсейітова атын­дағы музы­калық мектеп­тің скрипка сыныбынан кейін Құр­манғазы атындағы кон­сер­­ваторияны опералық сим­фо­ниялық дирижерлік маман­дығы бойынша (ұстазы Тө­леп­берген Әбді­рашев) бітірген болатын. Міне, осыдан кейін ғана Алан Вена университетінде оқуын жал­ғас­тырған еді. Бүгінде Алан есімі әлемге танымал музыканттар қата­рында, саусақпен санар­лық дүлдүлдер санатында айтылып жүр. Бұл дегеніңіз, тәуелсіз қазақ өнері еңсесінің тіктелгені, қырқылған қанаттың жа­зыл­ғаны деп білеміз. Ендеше, қазақтан талай-талай талант­тардың туатыны, Алан сияқты олардың да әлем назарын Қазақстанға бұратыны анық. Ләйім, солай болғай! Жұмагүл ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ.