• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Көшпелі жиын көшелі сөз айта алды ма?

334 рет
көрсетілді

Алматыда С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Салидат Қайырбекованың төрағалық етуімен Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген көшпелі алқа отырысы болып өтті. Оның жұ­мысына республикалық медицина мекемелерінің бас дәрігерлері, рес­пуб­ли­калық санэпидстанса жетекшілері, облыстық және Астана, Ал­маты ден­саулық сақтау басқармаларының басшылары, денсаулық сақтау жүйесіндегі республикалық ҒЗИ директорлары, Медициналық және фар­мацевтикалық қызметті бақылау комитетінің өкілдері қатысты. Алқалы жиынға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов те келді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – меди­циналық көмектің сапасы, 2011 жылдың 12 мамырындағы Қазақстан Республикасы Пре­зидентінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес лицензиялау, тегін медициналық көмек көр­сетудің ауқымы болды. Бұл тақырып бой­ынша Денсаулық сақтау министрлігі Меди­циналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің төрағасы Н.Бейсен баян­дама жасап, қаладағы бүгінгі денсаулық сақтау саласының жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Е.Дүрімбетов қала тұрғындарына кепілдік берілген тегін медициналық көмек кө­ле­мін қамтамасыз ету, жүрек-қан тамыр­лары, онкологиялық, жүйке және нашақор­лық дертіне шалдыққан науқастарға медици­налық көмек көрсететін бейінді қызметтер­дің про­бле­малары мен оларды шешу жол­да­ры, со­нымен қатар қан қызметі және салам­ат­ты өмір салтын қалыптастыру қызметінің жұмыс­тары жайлы мәлім етті. Ағымдағы жылы қалада бала туудың тұ­рақты жоғары деңгейі (1000 тұрғынға 27,2), алматылықтардың табиғи өсімі (1000 тұр­ғын­ға 18,6) қамтамасыз етілді. 2011 жылдың 5 айы ішінде ана өлім-жітім деңгейі (100 мыңға шаққанда 27,3-тен 21,0-ге дейін) және бала өлім-жітімі көрсеткіші (100 мың­ға шаққанда 17,1-ден 16,6-ға дейін) төмен­де­ді. Алматы қаласында стационарлық жәрдем көрсететін 40 медициналық ұйым және ста­цио­нарды алмастыратын 55 ұйым кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі бой­ынша қызмет көрсетеді. 2011 жылы Алматыда стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кө­ле­мін қаржыландыру көлемі 2009 жылмен салыстырғанда, 59 пайызға артты (2009 жы­лы 8,3 млрд. теңге болса, 2011 жылы 13,2 млрд. теңгеге жетті). Жалпы республикалық және ведомствалық емханаларды қоса есептегенде бұл көрсеткіш 22,9 млрд. теңгені құрайды. 10 жылдың ішінде кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландыру 12,2 есеге ұлғайған. Екінші мәселе – денсаулық сақтау бас­қар­маларымен және комитеттердің аумақтық департаменттерімен өзара іс-әрекетте ден­сау­лық сақтау саласының бейінді қызметте­рінің жұмысын жетілдіру болды. Бұл бой­ынша Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Бай­жүнісов, «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Е.Біртанов, сондай-ақ бірқатар ғылыми зерттеу инс­ти­туттары мен ғылыми орталықтардың бас­шы­лары сөз сөйлеп, бүгінгі көтеріліп отыр­ған мәсе­ле­лер­ге қатысты өз ойларын ортаға салды. – Бүгінде республикалық деңгейдегі көр­сеткіштерге назар салсақ, біріншіден, тегін медициналық көмек алуда әр азаматтың аурухана мен дәрігерді еркін таңдауына мүм­кіндік туды, – деді былтырғы жылы қа­был­данған Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің (БҰДЖ) нәтижесі қандай деген сауалымызға «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқарма төрағасы Е.Бір­та­нов. – Екіншіден, БҰДЖ – жоғары меди­циналық көмектің деңгейін көтеріп келе жатыр. Оның себебі, қаржыландыру тәсілі өзгерді. Мәсе­лен, біздің Ұлттық холдингке кіретін алты емдеу мекемесі де жоғары технологиядағы медициналық көмек көрсе­теді. Бұдан екі жыл бұрын республикалық мекемелерде емделетін бір науқасқа 120 мың теңге көлемінде ғана қаржы бөлінетін. Ол жерде аурудың күрделілігі есептелмейтін. Қазір біздің институттарда кейде бір науқасқа 4-10 млн. теңгеге дейін қаражат жұмсалады. Яғни, БҰДЖ-ның тарифтік тетігі бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұрын науқастарды 120 мың теңгеге жеткенінше емдеуге тырысқанмен, жоғары технология­ларды пайдалануға мүмкіндігіміз болмады. Қазір өте күрделі операциялар жасауды тікелей министрлік арқылы шеше аламыз. Бұл БҰДЖ-ның қаржыландырудағы ең тиімді нәтижесі деп білемін. Көшпелі алқа отырысының қорытын­ды­сында тұрғындарға көрсетілетін кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемінің сапасын және қолжетімділігін әрі қарай арт­тыру мақсатында әлеуметтік маңызды ау­руға шалдыққан науқастарға медициналық көмек көрсетуде денсаулық сақтаудың бейінді салаларының қызметтерін жетілдіру жө­нінде қаулылар қабылданды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ. Алматы.