• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2011

Жасампаздықтың жиырма жылы

509 рет
көрсетілді

2011 жыл – қазіргі Қазақстан тари­хындағы ерекше белес. Биылғы жылдың 16 желтоқсанында біздің еліміз өз Тәуел­сіздігінің  20 жылдығын атап өтеді. Бұл тарихи оқиғаны мерекелеу Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Жарлығымен жалпыхалықтық іс деп жарияланды, ол «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өтуде. Егемен еліміздің бүгінгі жарқын жолы жиырма жыл бұрын белгісіздік белең алған бұлыңғыр күндерден бастау алды.  Тарихи тұрғыдан қарағанда күрмеуге келмейтін қысқа мерзім ішінде Қазақстан дамыған, нарықтық эконо­микасы, орнықты саяси жүйесі бар, өз азаматтарының әлеуметтік қорғалуын жақсы жолға қоя алған осы заманғы мемлекет ретінде қалыптасты. Еліміз халықаралық қоғамдастық алдында жоғары құрмет пен беделге ие бола оты­рып, әлемдік координаталар жүйе­сін­де лайықты орнын белгіледі. «Қазақ­стандық даму жолы» деп аталған та­бысты саяси-экономикалық өзгерістер­дің бұл оң сипаты, бірінші кезекте, Пре­зидент Н.Назарбаевтың терең байыпты, сарабдал саясатының, оның ай­рықша саяси дарыны мен страте­гиялық көрегендігінің арқасында мүм­кін болғаны баршаға мәлім. Елбасы талай рет атап көрсеткен­дей, Қазақстанның ең басты байлығы да, игілігі де – оның тәуелсіздігі. Еркін өмір сүру құқығына қазақ халқы көп ғасырлар бойы азаттық күрес бары­сында көп қиындық көріп, қан мен тер төгіп, қол жеткізді. Сондықтан біздің мем­лекетіміз үшін тәуелсіздіктің ірге­та­сын нығайтудан асқан саяси ба­сымдық жоқ. Осы мақсатқа жету жолында Қазақ­станға кез болған күрделі мәселелер аз болған жоқ. Алда өтпелі кезең талап­тарына сай келетін тиімді сатылас бас­қару жүйесін құру, экономикада түбе­гейлі реформалар жүргізу, инфляцияны ауыздықтау, әлеуметтік жағдайды тұ­рақтандыру, мемлекеттік басқару жүйе­сін, оның ішінде заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласында мем­лекеттік басқару жүйесін қалыптас­тыру міндеті тұрды. Оның үстіне бұл мәселелерді іс жүзінде бір мезгілде шешуге тура келді. Осындай елең-алаң жағдайда бітімі бөлек қайраткерге ғана тән қайсарлық пен батылдықтың, саяси ерік-жігер мен өршілдіктің үлгісін көрсеткен Президент Н.Назарбаев Қазақстан тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына ал­ды. Тәуелсіздікті нығайтуды, саяси де­мократияландыруды, нарықты эконо­микаға көшуді, ұлтаралық келісім мен азаматтарды әлеуметтік қорғауды стра­тегиялық міндет ретінде белгілеген ба­ғыт жұртшылық тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Қазақстан халқының ай­нымас құндылығына айналған бұл саясат бүгінде сенімді және табысты бол­ғанын тарих дәлелдеп отыр. Президенттің стратегиялық бағыт-бағдарын ілгерілете отырып, республи­камыз егемен мемлекеттілік құрылысы­ның барлық міндеттерін бірте-бірте жүзеге асырды. 1992 жылғы наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының елдері  Қазақстанды халықаралық тұрғыда таныды. Бұрынғы кеңестік республикалар шегінде шекаралардың бұлжымас­тығын тану туралы 1991 жылғы 21 жел­тоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тастығы елдерінің Алматы декларация­сымен еліміздің аумақтық тұтастығы бекітілді. Кейінірек ҚХР-мен шекара­лық мәселелердегі өзекті проблема­ларды шешу жұмыстары қолға алынып, Қырғызстанмен, Ресеймен, Өзбекстан­мен және Тәжікстанмен арадағы мемлекеттік шекараларды нақты белгілеу жұмыстары жүзеге асырылды. Еліміздің сыртқы қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде елеулі табыстарға қол жеткізілді. Ресеймен, ҚХР-мен, Орта­лық Азиядағы көрші елдермен  көп­тарапты және екіжақты келісімдер жа­салды. Сондай-ақ, ЕҚЫҰ, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК секілді өңірлік қауіп­сіз­дік жүйелеріне қатысу Қазақстанға өз төңірегінде әскери қауіпті болдыр­мауға және мемлекетаралық мәселе­лерді бейбіт реттеуге кепілдік беретін «достық және ынтымақтастық белдеуін» қалыптастыруына мүмкіндік туғыз­ды. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін Президент Н.На­зарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу және қуаты жағынан әлемде төр­тінші орын алатын атом қаруы арсенал­дары мен оларды жеткізу құралдары­нан өз еркімен бас тарту туралы тарихи шешімі әлем тарихында теңдесі жоқ оқиға болды. «Ядролық клубтың» мүшелері – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция және ҚХР тарапынан Қазақ­станға ядролық қауіпсіздік кепілдігінің берілуі жаһандық қауіпсіздікті нығай­ту­ға қосылған  қомақты үлес болды. Президент Н.Назарбаевтың қазіргі кезде халықаралық тұрғыда танылған Еуразиялық идеясы мен ТМД, Кеден одағы, ЕурАзЭҚ пішініндегі Қазақ­станның интеграциялық күш-жігері мен бастамалары бейбітшілік пен ынты­мақ­тастық әлеуетін елеулі түрде нығайтуға ықпал етті. Мемлекет басшысы белгілеген Қазақстанның көп белдеулі саясаты аясында АҚШ-пен, Еуропа елдерімен, НАТО-мен, мұсылман әлемі, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері және бірқатар халықаралық ұйымдар­мен әріптестік қарым-қатынас орна­тылды. Экономикада да сапалық тұрғыда құрылымдық өз­ге­рістер жасалды. Жеке кәсіпкерлік қызметін мемлекеттік қол­дау ша­руашылықтың да­муына ықпал етті, жүздеген азамат өз ісін аша бас­тады. Солардың іс­кер белсенді­лігі­н­ің арқасында 1995 жылдың өзінде «тауар тапшы­лы­ғы» деген ұғым іс жү­зін­де келмеске кетті – азық-түлік сөре­лері тауар­лар­ға лық толды, зат сататын базарлар мен ком­мерция­лық дүкен­дер ұсы­на­тын ха­лық тұтына­тын тау­ар­лардың түр-түрі кеңестік уа­қыт кезеңін­дегі­ден әл­де­қайда асып түс­ті. 1993 жылдың қарашасында өз ва­лютамыз – тең­ге­нің енгізілуі аса маңызды оқиға бол­ды, бұл егемен ақша жүйесін қа­лып­тастыруға мүмкіндік берді. Қазақ­стандағы макроэкономика­лық және қар­жы­лық тұрақтылық өзінің дамуы дең­гейі бойынша қыс­қа мерзімде ТМД-да көшбасшыға айналған отандық банк жүйесін құруға ықпал етті. Мемлекет өзі­нің келісім-шарттық мін­­деттемелерінің берік сақталатын­дығына кепілдік бере отырып, тартым­ды инвестициялық ахуал жасау жөнін­де белсенді саясат жүргізді. Нәтиже­сінде, ре­формалардың алғашқы жылда­рында-ақ шетелдік инвестициялар ағыны мил­лиард­таған долларға жетті, өнеркәсіпке ең жаңа технологиялар мен осы заманғы өндірістік-басқару тәжіри­бесі келді. Экономиканы қайта құрылымдау мәселелерімен бір мезгілде әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мәсе­лелері шұғыл шешімдер қабылдауды талап етті. 90-шы жылдардың дағда­рыс­ты кезінде қираған халықты қол­даудың дәстүрлі тетіктерінің орнына әлеуметтік қорғаудың жаңа модельдері құрылды. Осы салада уақтылы қолда­нылған шаралар қазақстандықтардың өтпелі кезеңнің болмай қоймайтын қиын­дықтарына төтеп беруіне, халық­тың мемлекеттік саясатқа деген сенімін сақтауына көмектесті. Қоғамдық-саяси салада да орасан зор өзгерістер болып жатты. Елде көп партиялылық белсенді түрде дамыды, демократиялық құқықтар мен бостан­дықтар заңнамамен бекемделді, тәуел­сіз БАҚ-тар пайда болды, азаматтық қоғам орныға бастады. Бірақ, сол кезең­нің ең басты жетістігі ділдің «қайта құрылуы» болды – адамдар өзін еркін сезінетін дәрежеге жетті, мемлекеттің қамқоршылығына емес, өз күшіне көбірек сене бастады. Қайта құрудың табысты болуына этносаралық және дінаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуда мемлекет жүргізіп отырған саясат үлкен рөл атқарды. Ұлт пен ұлыстар өкілдерінің ынтымағын басшылыққа ала отырып, Қазақстан ұлтаралық жанжалдар мен қақтығыстарды болдырмауға қол жеткізіп қана қоймай, қоғамның алуан этнос­тық және поликонфессиялық сипатын өзінің мәдени баюы мен ілгерілеуінің оң факторына айналдыра білді. Мемлекет басшысының бастамасымен 1995 жылы құрылған әлемдік практикада бірегей орган – Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл үдеріске қомақты үлес қосты. Елорданы Астанаға көшіру ел өмі­рінде өзекті оқиғаға айналды. Ұлт көш­басшысы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында-ақ кеуделі жобаны – елдің жаңа әкімшілік орталығын салуды ұсын­ды. Мұның өзі оның Қазақстанды Батыс пен Шығысты жақындастырып, жалғастырып тұратын аралық дәнекер күш ретінде көргісі келетін ойымен ұштасып жатты. Мерзімі мен ауқымы жөнінен бұ­рын-соңды болмаған құрылысты небәрі он жыл ішінде жүзеге асыра отырып, Қазақстан Сарыарқа төсінде бүкіл еу­разиялық кеңістіктің саяси, экономика­лық және мәдени «орталығына» айнал­ған өзінің жаңа астанасын салды. Астана халықаралық күн тәртібінің ең күр­делі мәселелерін талқылайтын, барша жұрт мойындаған үнқатысу алаңына айналды. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үш съезі болып өтті, келесі жылы дінбасылардың төр­тін­ші съезі болады. Астана ықпалды өңірлік ұйымдардың – ЕҚЫҰ-ның, ТМД-ның, ШЫҰ-ның саммиттерін қабылдады, елдің ең басты қаласында жоғары деңгейдегі конференциялар мен кеңестер, халықаралық экономикалық форумдар өтіп жүр. Мемлекет құру және реформалар жүргізу жөніндегі қызметтің кенеттен пайда болмағанын, олардың ойласты­рыл­ған жоспарлар негізінде жүзеге асырылғанын және жүйелі сипатқа ие екенін атап көрсеткен жөн. Қазақстан посткеңестік мемлекеттер арасында ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау моделіне көшкен алғашқы елдердің бірі болды. Н.Назарбаевтың 1992 жылы жарық көрген «Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму стратегиясы» атты бағдарламалық жұмысы оның идео­логиялық іргетасын құрады. 1997 жылы осы кітаптың ережелері мен идеяларын Президент мемлекеттің таяудағы отыз жылдағы дамуының ұзақ мерзімді басым бағыттарын айқындап берген «Қазақстан-2030» тұжырымда­ма­лық еңбегінде одан әрі дамыта түсті. Осы еңбектерде айтылған мақсаттарды дәйектілікпен іске асыра отырып, Қа­зақ­стан одан кейінгі жылдары айтар­лықтай нәтижелерге қол жеткізді. Ресейдің белгілі саясаттанушысы Ю.Солозобов былай деп атап көрсетеді: «Халық аз орналасқан көпэтносты үлкен аумақта Қазақстан жаңа ұлттық мемлекет құрды. Және ең маңыздысы, ойдағыдай жұмыс істеп жатқан осы мемлекеттілік мұнайдың бағасы жоға­ры болған жағдайда емес, керісінше, 90-жылдардың бас кезіндегі экономика­ның толық дерлік тұралаған жағдайын­да құрылуы кеңестік кезеңнен кейінгі неғұрлым табысты мемлекеттіліктің жарқын үлгісі болып табылады». 2000 жылдан бастап ел жаңа кезеңге аяқ басты. 90-жылдардың аяғындағы экономикалық күйзеліс Қазақстанның күрт өсу кезеңімен алмасты. Елге шетел инвестициясының ағылуы қайта жанданды, өнеркәсіп өндірісі жедел қарқынмен ұлғайды, қаржы жүйесі ны­ғайды, республикалық бюджеттің мүмкіндігі айтарлықтай кеңейді. 2008-2009 жылдары әлемдік дағ­да­рысқа алып келген экономикалық да­бы­ра өрлеу кезінде Қазақстандағы ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсімінің қарқыны 8-10 пайызды құрады. Сонымен қатар,              90-жылдардың соңындағы тәжірибе қолайсыз экономикалық жағдайларға дер кезінде дайындық қажеттігін ескертті. Осыларға байланысты әлемдік экономиканың өсуі мен құлдырауының  қайталанып отыратындығын, еліміз онымен тығыз біте қайнасқанын ескеріп, Президент Н.Назарбаевтың көре­ген­дік шешімімен 2001 жылдың ма­мырында Ұлттық қор құрылды. Президенттің көреген стратегиясы 2008-2009 жылдардағы жаңа экономи­ка­лық дағдарыстан өтуде шешуші рөл атқарды. 2007 жылы жақындап келе жатқан жаһандық экономикалық дауыл­дың алғашқы белгілерін сезіп, мемлекеттік реттеудің барлық тетіктерін қатыстырып, алдын ала құрылған «қауіп­сіздік жастығы» – Ұлттық қордың қаржысын іске қоса отырып,  Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы ұлттық бағдарламаны жедел дайындауға тап­сырма берді. Қазақстан дүниежүзілік қаржы дағ­дарысынан алғашқы болып өткендердің бірі және бүгінгі күні орнықты эконо­ми­калық өсу траекториясына тағы да шықты. Үкіметтің бағалауы бойынша экономикалық өсу таяудағы 5 жылда жыл сайын 7%-ды құрайды. Елдің ал­дында қазақстандықтардың қарқынды  еңбек етуін талап ететін ауқымды жаңа міндеттер тұр. Президент «Нұр Отан» партиясының XIII съезінде сөйлеген сөзінде  «Әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру туралы мақсаты­мызды естен шығармауға тиістіміз», – деген болатын. Алдағы экономикалық құрылыстың кең құлаш жаюын ескере отырып, бұл мақсатқа қол жеткізуге болады деп айтуға негіз бар. Экономикалық өзгерістерге байла­нысты үдерістер Қазақстанның саяси салаларын да шарпыды. Өзінің «алды­мен – экономика, содан кейін саясат» деген қағидаты бойынша Президент 2004 жылы өткен «Нұр Отан» партия­сының VII съезінде Парламенттің өкілеттіктерін кеңейтуді, саяси партия­лар­дың рөлін көтеруді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, сот және құқық қорғау жүйесінің қызметтерін жетілдіру, азаматтық қоғам институттарын одан әрі дамыту, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуді көздейтін кең көлемді саяси реформаға бастамашылық жасады. Демократияландыру және азамат­тық қоғам мәселелері жөніндегі ұлттық комиссия және оны алмастыратын Мем­лекет басшысының басшылығы­мен жұмыс істейтін Демократиялан­дыру жөніндегі мемлекеттік комиссия 2007-2008 жылдардағы саяси реформа­ның негізін қалайтын бағдарлама әзір­леді. Комиссияның жұмысына оппо­зицияны қоса алғанда, елдің барлық  негізгі саяси күштері қатысты, оның басты мақсаты елдегі халықтың бірлігіне, қоғамдық татулық пен тұрақтылық­қа, прогресті қамтамасыз етуге қол жететіндей болса, барлық мүдделі тараптармен кез келген мәселелер бойынша талқылауға Елбасының ашық және дайын екендігін  дәлелдеді. Қазақстанның саяси жүйесіндегі жүзеге асырылған реформа демократия жолындағы елдің тұрақты алға жыл­жуының айшықты куәсі болды. Парламент 2007 жылы қабылдаған қолданыс­тағы заңнамаға жасалған түзетулер ел­дің репрезентативтi органдарының түр­лі деңгейлердегі бюджеттерді қалып­тас­ты­руы мен бақылауы, атқарушы би­ліктің заң шығарушылар алдында есеп беруі, жоғары мемлекеттік лауазым­дарға тағайындау кезінде кандида­тураларды келісу бөлігіндегі өкілеттік­терін кеңейтті. Сондай-ақ,  Парламенттегі саяси партиялардың үкіметті қа­лыптастырудағы рөлі нығайтылды. Көптеген беделді халықаралық сарап­шылар бұл түзетулерді демократиялық жолмен «жоғарыдан жасалған революция» деп атады. Мемлекет басшысы басым көңіл бөліп келе жатқан Қазақстанның әлеу­меттік саладағы соңғы он жылдықтағы қол жеткізген та­быстары баршаға мәлім. БҰҰ Дү­ние­жүзілік сам­ми­тінде 2000 жы­лы қабылданған Мыңжылдық­тың даму мақсаттары мерзімінен бұрын орындалды. Елде жұмыссыздықты 2000 жылғы 12,8 пайыздан 2010 жы­­­лы 5,5 пайыз­ға дейін қысқартуға қол жетті. Президенттің «Болашақтың іргесін бірге қалай­мыз!» атты Жол­дауында, оның «Нұр Отан» пар­тия­сының XIII съезінде сөйлеген сөзінде және ұлық­тау рәсіміндегі сө­­зінде  біздің азамат­тары­мыздың әл-ауқатын одан әрі жақсарту жөнінде міндеттер қойды. Жаңа әлеу­меттік саясаттың негізгі мақсат, міндеті қазақстандықтардың өмір сүруінің жо­ғары деңгейін, олардың денсаулығын, қолайлы тұрғын үйге қолжетім­ді­лі­гін қамтамасыз етуге бағыттал­ған. Ол үшін берік негіз жасалды. 1994 жылы жан басына шаққан­дағы  ІЖӨ 700 дол­лардан сәл астам ғана болды. 2011 жылдың 1 қаңтарында ол 12 еседен астам өсіп, 9 мың АҚШ дол­ларынан асып түс­ті. Тәуелсізді­гінің алғашқы 20 жылдығында бір­де-бір ел осындай нәтижелерге қол жет­кізе алма­ға­нын әлемдік тәжі­рибе көрсетіп отыр. Стратегиялық жоспарлар  шең­бе­рінде таяудағы онжылдықта ІЖӨ-ні 2020 жылға дейін 2009 жылғы көрсеткіштері негізінде экономи­ка­ның 30 пайыз­дық өсіміне қол жеткізу, Ұлттық қордың активтерін ІЖӨ-нің 30 пайызына дейін, ал ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесін  кемінде 40 пайызға жеткізу міндеті алға қойылды. Қазақстанның соңғы онжылдықтағы сыртқы саяси қызметі Мемлекет бас­шысының тікелей қатысуымен қол жеткізілген ірі табыстармен айшықталады. Ірі, ең бір ықпалды өңірлік қауіпсіздік жүйесі – ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы сәтті төрағалық ету еліміздің дәуірлік жетістігі болып табылады. Ұйымның 1999 жылғы Ыстамбұл­дағы саммитінен бері ЕҚЫҰ-ға басшы­лық еткен ешбір ел төрағалықтың Қа­зақстан ұсынып, іске асырғандай бағ­дар­ламасын әзірлей алған емес. Ұйым­ның Астанада өткізілген  соңғы 11 жыл ішіндегі бірінші саммиті ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның басшылық етуінің нәти­желеріне ерекше мағына қосты. Осы іс-шараның шарықтаған табысы ең әуелі Қазақстан басшысының саммитті өткізуге ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің келісімін алуына, сондай-ақ форумның қорытынды құжаты – Астана деклара­циясына қол қою кезінде бітімгершілікке қол жеткізудің шешуші факторы болған халықаралық беделінің жоғары­лығына және Елбасының осы істерге тікелей қатысуына байланысты болды. Біздің Президентіміздің декларацияда көрініс тапқан идеяларының арқасында Ванкуверден Владивостокқа дейінгі бүкіл кеңістікте бейбіт өмір орнату үрдісінің заманауи түсінігін бейнелеген «Астана рухы» және «еуразиялық қауіпсіздік» ұғымдары халықаралық саяси лексиконға берік орнықты. Үстіміздегі жылы Қазақстанның беделді әрі ықпалды мемлекет ретінде халықаралық тұрғыдан танылған абы­ройы арта түсті. Еліміз Шанхай ынты­мақтастық ұйымындағы бір жылдық төрағалық функцияларын табысты жү­зеге асырса, 1  шілдеден бастап Ислам Конференциясы Ұйымындағы төраға­лы­ғына кірісті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен осы әлем­дік ұйымның аты Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымы болып өзгертілді. Ынтымақтастық сөзі бүкіл мұсылман жұртын ортақтастыра түсетініне сенеміз. Ал Ас­танада өткен ШЫҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммиті саяси күн­тізбенің елеулі оқиғасы болды. Қазақстанның Әлемдік және дәс­түрлі діндер лидерлерінің съезін, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру туралы халықаралық үндеуі жаһандық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуге қосқан қомақты үлес болып табы­лады. Осы бастама­лар­дың табысты іске асырылуының арқа­сында біздің еліміз­дің өркениеттер ара­сындағы үнқатысу, бейбітшілік, қауіпсіз­дік және бірге өркендеу үшін жаһандық ынтымақтас­тық идеясын ілгерілету жө­ніндегі сырт­қы саяси мүмкіндіктері әлемдік қоғам­дастыққа паш етілді. Еліміздің қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық табыстары мен саяси күш-қуаты, елеулі геосаяси рөлі көп­теген шет мемлекеттер мойындайтын өңірлік көшбасшылығына арқау болды. Мәселен, осындай пікірді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Х.Клинтон Астана Саммитіндегі сөзінде айтты. Бұл – өте дұрыс пікір. Біздің еліміздің ІЖӨ-сі Орталық Азияның басқа мемлекетте­рінің жиынтық ІЖӨ-сінен екі есе артық, Қазақстан нарықтық қайта құ­рулар қарқыны мен тереңдігі, тартыл­ған инвестициялар көлемі, жан басына шаққандағы кіріс мөлшері жағынан көрші елдерден асып түсті. Мемлекеттік басқару тиімділігінің дәрежесі, саяси ырықтандыру үдерісінің серпіні өңірдегі ең үздік деп саналады. Қазақ­стан Қырғызстан мен Тәжікстанға туыс­тық көмек көрсетуде, өңірлік ин­тег­рациялық бастама танытуда. Бүкіл Орталық Азияның ортақ мүдделерін қорғай отырып, өзінің лидерлік мәрте­бесін растай түсуде. Қазақстанның Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен және Еуроодақпен екіжақты байланыстары орнықты өрлеуді білдіреді. Ал өрлеудің негізінде өзара саяси және экономикалық мүдделермен қатар, осы елдер басшылығы мен біздің Пре­зидентіміздің арасында орнаған сенімді жеке байланыстардың жатқандығын да атап өткім келеді. Сондықтан Қазақ­станның халықаралық беделі, ең алды­мен, біздің Президентіміздің жеке беделінің арқасында келді деп батыл түрде айтуға болады. Осы жылдарда Парламент Прези­дент­тің қазақстандық мемлекеттілікті ойдағыдай құру жөніндегі стратегия­лық идеяларын алға апара білді. Жо­ғары заң шығарушы орган аса маңызды мемлекеттік міндеттерді шешуге белсенді атсалысты, енді-енді ғана қарқын алып келе жатқан реформаларды жедел құқықтық қолдауды қамтамасыз етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да барлық қажетті заңнамалық база шап­шаң түрде қалыптастырылды, на­рық­тық экономиканың құқықтық негіздері салынды, қоғамның тыныс-тірші­лігінің маңызды салаларын регламенттейтін заңдар қабылданды. 1995 жылы білікті қос палаталы Парламент  құрыл­ған кезден бастап 1860 заң жобасы қабылданды, сайлаушылармен мыңда­ған кездесулер өткізілді, шетелдік әріп­тестермен заң шығару үдерісін кеңінен халықаралық пысықтау жүргізілді. Ха­лықаралық сарапшылардың біздің қа­зақ­стандық заңнаманы кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі озық заңнама­лар­дың бірі деп  тануы осы үлкен жұмыс­тың нәтижесі болып табылады. Өкілді билік органының ілгері да­муында Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың жоғары рөл атқарғандығын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы­ның Парламентті күшейту жөніндегі бастамалары қазақстандық парламентаризм институтын қалыптастырудың негізіне айналды. Тұтастай алғанда, барша қазақстан­дық­тардың жаңа, тәуелсіз, қуатты әрі өркендеген мемлекет құруға бағыт­талған 20 жылдық жасампаз еңбегі Ел­басы, Президент Н.Назарбаевтың: «Біз тұрақтылықтан жаңғырту арқылы  өр­кен­деуге жетелейтін даму мен табысқа жетудің ерекше, дұрыс формуласын таптық», деген сөздерінің әділеттілігін толығымен дәлелдейді. Сондықтан сәуірде өткен кезектен тыс президенттік сайлау біздің хал­қымыздың осы бағытты – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзі бастап, жүргізіп келе жатқан бағытты жалғастыруға деген шын ниетін растап берді. Конституциялық кеңестің «Қазақ­стан Республикасындағы конституция­лық заңдылықтың жай-күйі туралы» таяудағы жолдауында мемлекет құры­лы­сының жиырма жылдық тарихы, осындай күрделі де ізгі жолда қол жеткізген жеңісті жолдары, таяудағы және одан арғы кезеңдерді көздейтін межелер Қазақстанның дамуы әлемдік практикада жалпы қабылданған демократия, «адами капиталға» ұқыпты көзқарас қағидаттарына сәйкес келеді деген тұ­жырым жасауға негіз бола алады, мұ­ның өзі біздің қоғамның өз болашағына қатысты таңдап алынған бағытының дұрыстығын танытады. Бұл ретте «Қазақстан Республика­сы­ның мемлекеттік тәуелсіздігі тура­лы» 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Конституциялық заң жаңа, тәуелсіз Қазақстанды дамыту үшін негізгі құжат  болып табылатындығын әрқашан есте сақтау қажет. Құжат «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» 1990 жылғы 25 қазандағы декларацияның негізгі қағидаттарын бекітіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің нағыз декларациясына айналды. Қазақстанның 20 жылдығы тұ­сын­да, оқиғаның ерекше маңызын сезіне отырып, Парламенттің Тәуелсіздіктің Жиырма жылдық декларациясын қа­был­дауын орынды деп санаймын. Осындай қазіргі және болашақ ұрпаққа арналған салтанатты саяси-құқықтық құжатта Қазақстанның негізгі жетістіктері көрсетіледі деп ойлаймын. Жаңа Декларация әрбір азаматқа біздің еліміздің, Қазақстан Республи­касының Тұңғыш Президентінің бас­шы­лығымен 20 жыл ішіндегі жетіс­тіктерінің ауқымын түсінуге мүмкіндік береді. Тәуелсіздіктің Жиырма жылдық декларациясы жаңа биіктерге шығу үшін, жарқын жеңістерге жету үшін берік негіз қалайды. Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы.