Еліміз егемендік алғалы тәуелсіздік тұғыры бекіп, экономикалық жағдайымыз жыл сайын жақсарып, тұрмысымыз түзеліп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендіктің елең-алаңында: «Алдымен экономика, содан кейін барып саясат», деген сарабдал саясаты мен ұлағатты ұстанымы өз жемісін беріп отырғанын барша қазақстандық айқын сезінуде. Соның нәтижесінде ел экономикасы әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында да ілгерілеудің ілкімді қадамдарын жасауда. Елбасы халықтың аз қамтылған тобын әлеуметтік қорғауға айрықша көңіл бөліп жүр. Сондай-ақ, зейнетақы мен шәкіртақыны, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің еңбекақысын тұрақты өсіруді жүйелі жүргізуде. Бұл халықтың ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып, тұрмысы түзелуіне, денсаулығы мықты ұрпақ өсіруіне алғышарт жасауда. Бұрынғы ТМД елдері арасында бірде-бір мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты мұндай әлеуметтік жағдай жасай алмай отырғаны шындық. Мұны біз ұстаздар қауымы да айқын сезінудеміз. Елбасы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «Үстіміздегі жылы біз зейнетақылар мен стипендиялар көлемін, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын 30 пайызға өсіреміз» деген болатын. Сөзі мен ісінде алшақтық болмайтын Елбасы уәдесінде тұрды. Біз әлемдік қаржы дағдарысынан толық шығып болмаған жағдайда осындай әлеуметтік қолдау жасап отырған Елбасының тегеурінді іс-әрекетіне ризамыз. Бұрынғы жылдары оларды 25 пайызға ғана ұлғайтып келген Үкіметтің мұндай қадамға баруы Нұрсұлтан Әбішұлының небір әлемдік деңгейдегі өзекті мәселелерді өзіндік ой-тұжырыммен шешетінінің дәлелі болса керек. Мыңдаған адамдар мен отбасылары осы қалтқысыз қамқорлықтың игілігін көруде.
Еліміздің ертеңі бүгінгі мектеп қабырғасында білім алып, тәрбиеленіп жатқан балалар екені белгілі. Ал, білім негізі бастауыш сыныптарда қаланатыны да шындық. Сондықтан да мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктеледі. Мен өзім ұстаздар отбасында өскендіктен, мұғалімдік мамандықты таңдадым. Оған қазір ешқандай өкінбеймін. Он төрт жылдан бері бастауыш сыныптарды оқытамын, жоғары санатты мұғаліммін. Қазіргі алып жүрген еңбекақымыз да салыстыра қарағанда, жерге қарайтындай емес, шүкіршілік болатын. Енді оған шілдеден бастап 30 пайыз қосылды. Бұл Елбасының ұстаздардың, дәрігерлердің, басқа да бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбегін бағалау деп білемін. Бізге алаңсыз жұмыс істеуге барлық жағдай жасалуда.
Біздің облыста бұдан басқа да ынталандыру шаралары жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын 500 мұғалімге 100 мың теңге көлемінде облыс әкімінің ақшалай сыйлығы беріледі. Биыл шәкірттерім үшінші сыныпты аяқтады. Енді осы облыс әкімінің сыйлығы үшін байқауға қатысуға дайындалып жатырмын. Осындай әлемдік қаржы дағдарысы етектен тартқан күрделі кезеңде де еңбекақымызды 30 пайыз өсіруге дем берген Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мұның өзі бізден өзіміз еңбек етіп жатқан салада ізденіспен жұмыс істеуді талап етеді, білімді де саналы шәкірт тәрбиелеуге міндеттейді. Бұл бір ғана менің пікірім емес, мыңдаған әріптестерімнің ақжарылқап тілегі екені сөзсіз.
Жанаргүл МАҒЗЫМОВА, № 40 қазақ орта мектебінің мұғалімі.
Ақтөбе.