Мереке аясында елордадағы Абай ескерткіші алдында «Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі» атты кітап және поэзия мерекесі болып өтті.
Күмбірлеген «Сарыарқа» күйінің әуенімен ілесе:
«Армысыздар, Астананың саңлақтары!
Толысқандай елімнің жан-жақтары,
Тоғысқандай осында Алашымның,
Хас жүйрік бағыланы, ардақтары» – деп басталған жыр жолдары оқылып, сөз алушылар тарапынан: «Биыл еліміз үшін айтулы жыл. Тәуелсіздіктің мерейлі 20 жылдығы, Астанамызға 13 жыл. Еңселі елорда Алаштың айбынын асырды. Адамзатқа қазақтың ақпейіл, ақ жүрегіндей айқара құшағын ашты. Ақмоланың құдіретті рухы ұлы дала мұрагерлерінің жүрегі мен ой-қиялын тербеп, асқақтата бермек. Хакім Абай туралы Мұхтар Әуезов: «Абай – мұхит, мұхитты тауысуға бола ма?» деген екен. Сол мұхиттай Абайдың соңында қалған мұрасынан халқымыз рухани байлық алып, асылға бергісіз әрбір сөзін жадында ұстаған. Халқына өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетін әлемдік деңгейде мойындатқан майталман классигіміз Абайға тағзым ету – біз үшін зор мәртебе» делініп, арнайы кітап жәрмеңкесімен көмкерілген сахнаның екі шетінен ұлттық киімде әжелер көрермендерге шашу шашты.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Марфуға Айтқожина мен қалалық тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразгүл Асанғазы бүгінгі мерекенің мән-маңызын айта келіп, бүгінгі бас қосудың басалқасы – «Тәуелсіздік таңым атты арайлы!» жыр мүшәйрасы мен «Мұқағали оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы екенін атап өтті.
Сөйтіп, мереке барысында алдын ала іріктеуден өткен 17 жас ақын «Тәуелсіздік таңым атты арайлы!» жыр додасында бақтарын сынады. Бас жүлдені – Қарағандыдан келген Ақерке Асан жеңіп алса, «Атаулы диплом» Қажыбек Батылға бұйырды. Ал І-ші бәйгені – Салтанат Смағұлова иеленсе, ІІ-ші және ІІІ-ші жүлделерді – Гүлсара Шалқар, Назгүл Бердіқожа, Нұргүл Оқашева, Салтанат Жүсіпова, Динара Мәлік пен Мөлдір Айтбай қанжығаларына байлады.
Ал «Мұқағали оқулары» көркемсөз оқу шеберлерінің байқау жеңімпаздарын – Алматыдан арнайы келген Жұлдыз Мақатаев пен «Мұқағали Мақатаев» атындағы қордың төрайымы Бақыткүл Айдарова марапаттап, арнайы сыйлықтарын табыс етті.
Берік САДЫР.