• RUB:
    5.16
  • USD:
    526.81
  • EUR:
    542.72
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Мыңжылдықтар тоғысында

391 рет
көрсетілді

Астана күні мерекесінің мәдени іс-шаралар бағдарламасы аясында жыл сайын ұйымдастырылып, бүгінде дәстүрге айналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы – Астана» атты көш­пен­­ділер өркениеті фестивалі өтуде. Осымен төртінші рет өткізіліп отыр­ған этноауыл биыл «Хан Шатыр» сауда, ойын-сауық кешенінің маңында орнала­сып, онда 50-ге жуық киіз үй тігілді. Олардың ішіне көшпенділердің тұрмыс­тық заттары, зергерлік бұйымдар, қолдан­балы өнер туын­дылары, саятшылық және аңшылық өнер­дің бұйымдары қойылған. Көшпенді ха­лықтың сонау сақ заманынан келе жатқан киім үлгілері фестиваль қонақ­тарының ерекше қызығушылық­тарын туғызды. Ал арнайы жасақталған ауылдың дайындық сапасы ұлттық салт-дәстүр мен ырым-жоралардың көрсетілім­дері мен эпос кештері арқылы ерекше айқындалып тұрды. Төрт күн бойы «Хан Шатыры» пішіндес сахнада этникалық музыка мен күй кештері бір толастаған жоқ. Бір қызығы, ауылға келген қонақтар көш­пенділер өмі­ріне өздері араласып, оған тікелей қаты­суға мүмкіндік алды. Мәселен, атқа мініп, үй тігу, киіз басу, құмыра жасау үдерістеріне араласу­ларына толық жағдай жасалған. Еу­разияның жүрегінде орналас­қан Ас­тананы тамашалауға келген туристер мен өзге де қонақтардың құрметіне арнайы жолсеріктер дайындалғандығы тағы бар. Ауылға кіріп келген қонақты қазаққа тән қонақжайлығымен, ерекше сый-құрметпен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде халқымыздың тарихы мен мәде­ниеті жайлы әңгімелеп беретін қыздар мен жігіттер қарсы алып тұрды. Ауыл іші, одан өзге қазақтың қыз ұзату, беташар, тұсау кесу, шашу, бесікке салу салт-дәстүрлерін, қазақтың ежелгі ұлттық киімдерімен таныстыратын театр­лан­дырылған қойылымдарды, айтыс пен көшпелі цирк өнерін тамашалауға да ба­рынша жағдай жа­салған. Бұл жөнінде осы шараның сценарийін жазған Гүл­мира Салық­баева Астана күніне орай ұйым­дас­тыры­латын мерекелік шаралар Қа­зақстан Тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылды­ғын да қамтыған­дығын атап көрсет­ті. «Ереуіл атқа ер салмай» деп ата­ла­тын фестивальдің ал­­ғашқы күні өткен ұлт-азаттық күресі жолындағы қо­йы­лым­дар тақырып ая­сын толығымен қам­­тыған. Көш­пен­ділер өркениеті фес­тивалінің ашылу салтанатын Голливуд киножұл­дыз­дары мен көптеген шет елдерден келген қонақтар тама­шалады. Шетелдік қонақтардың арасында ресейлік бокс­шы Николай Валуев, Голливуд жұлдыз­дарынан «Одиссей» фильмінің басты рө­лін сомдаған Арманд Ассанте, Стивен Сигал, Майкл Мадсен, Мишель Родригес, ресейлік киножұлдыздар Сергей Светлаков сынды қонақтар бар. Ұлттық мәдениет пен дәстүрді насихаттауға арналған шара бағ­дарламасы өте мазмұнды әрі жан-жақты қамтылған. Бұл жерден фестиваль кө­рермендері төл тарихымызға бір сәт ой жүгіртіп, ұлттық мәдениеттен сусындай алады. Астананың төріне тігілген ақ киіз үйлер қалашығы көшпенділер өмірінен алтыншы шілденің ымырт қараңғысына дейін сыр шертпек. Жұлдыз БАЙДІЛДА.
Соңғы жаңалықтар