• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Елордадағы «Есіл» флотилиясы

444 рет
көрсетілді

Астананы кесіп өтіп, оның сұлулығын еселей түскен ерке Есілдің үстінде ата-аналар мен балаларды қайықпен қыдыртып, оның тылсым сырына саяхат жаса­тып, маусымдық демалыс сыйлай­тын арнайы экскурсия екені белгілі. Жуырда экскурсиялық қызмет көрсету мекемесі жаңа маусымның ашылу рәсімін өткізіп, балғындар­ды бір қуантып тастады. «Есіл Астана» мемлекеттік мекемесі айналысатын бұл демалыс орны биылғы жаңа маусымды үлкен сауапты іспен бастады. Бұ­лай деуімізге себеп, мүмкіндігі шектеулі 30 баланы тегін қыдырту осы істің үлкен жанашырлықпен басталғанын көрсетті. Құлдыраң­даған құлындар Есілдің бойын арнайы қайықпен Сарыарқа көше­сі көпірі маңынан Ақордаға дейінгі аралықты шаттық көңілмен жүзіп өтіп, ұйымдастыру алқасына деген шексіз ризашылықтарын білдірумен болды. Балаларды бастап келген Психоневрологиялық әлеумет­тік балалар мекемесінің директоры Серік Бөпежанов пен Астана қала­лық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар басқар­ма­сының бастығы Алма Алтыбаева бұл игі бастаманың алғашқы мау­сымды мүгедек балаларға қуаныш сыйлаумен ашуы нағыз азамат­тықтың белгісі екендігін айта келе, биылғы маусымда арнайы атбасын тіреген әрбір жанның жақсы демалуларына деген тілектестіктерін де назардан тыс қалдырмады. – Күннен-күнге көркейіп, өркендеп келе жатқан ару Аста­намызға қонақтар жылдан-жылға көптеп келуде. Бұл әсіресе, жаз айларында жиі көрініс береді. Біздің қызмет көрсетуіміздің негізі де осы маусымда болады, – деп бастады өз сөзін «Есіл Астана» мемлекеттік мекемесінің дирек­торы Зейнолла Досмағамбетов. – Жалпы, мамыр айынан, яғни күннің жылуымен басталатын бұл жұмыс, қазан айының басына дейін халыққа қызмет көрсетеді. 60, 24 адамға лайықталған арнайы қайықтар осы уақыттар ішінде қала халқы мен қонақтарына қызмет көрсетуге дайын. Бұйырта, маусым-шілде айларында тағы да 3 қайық келеді деп кү­тілуде, – деді ол. Өзен экскурсиясына қызығушылық таны­тып, табиғатты су бетінде тамашалауға де­ген халық ниеті жыл­дан жылға артып келеді екен. Оған дәлел, мәсе­лен, бұл жерді алдыңғы жылы маусым аралы­ғында 16 984 адам тамашаласа, былтырғы көрсеткіш 19 094 адам­ды құрағаны болып отыр. Есіл өзенін жоғары­дағы келтірген бағыт бойынша сая­хат жасауда, оны жол-жөнекей таныстырып отыруда зор еңбек сіңіретін маманның еңбегі де ұшан-теңіз. Осы ретте мекемеден екі маман құрақ ұшып қызмет етуге даяр. Сондай-ақ қауіпсіздік шара­ларын қамтамасыз етіп, адам өмірінің арашашысы қызметтерін абыроймен атқаратын төтенше жағдайлар қызметінің еңбектерін де ерекше атаған жөн. Сайып келгенде, мекеменің жалпы саны қырықтан аса қызметкерінің жұмы­сы халық үстінде. Қай кезде де демалушылар жағдайына басты назар аударатын мекеме жұмы­сының жеңіл емес екенін жіті көз жіберген былайғы жұрт­тың оның байқай­тыны кәдік. Әйтсе де олар мұны өздерінің кәсібіне деген парызы деп санайтынын олар­дың елгезектене  көр­сетіп жатқан қызмет­терінен байқау қиын емес. Жаңа маусымның ашылуын тағатсыздана күтіп жүрген жандар­дың бірі көзін осы өзен бойында ашқан балғындар екен.  Есілді жаға­лай жартылай жалаңаш жүгір­ген бір топ бала қайыққа мінген жоғарыда айтқан жеткіншектерге қызыға қол бұлғады. Әрине, баланың аты бала емес пе? Оларға бәрі де таңсық. Әсіресе, өздері күнде көріп жүрген қайықтан гөрі оларға жаңа тамашалаған жанның жүзіндегі қуанышты көру қызық. Мұның барлығы да алысты жа­қындатып, адамдарды бір-бірімен танысып-білісуде үлкен рөл ат­қарып жатқан осынау игі бастама мен еңселі елордамыздың арқасы екені даусыз. Адам бойына сергектік келтіретін бірден-бір құрал, оның жақсы демалуы мен көңіл-күйдің орнықтылығы десек, Астанаға келген барша жанның Есіл бойын ерекше бір сезіммен тамсана тама­шалауы аса қажеттілікті туды­рары хақ. Ерке Есілдің жағасында қайық­тағы шат-шадымен көңілді жандарды көргендегі ой осыны меңзейді. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК. Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕНОВ.