Кеше Ақордада жоғары лауазымды қызметке тағайындалған бір топ мемлекеттік қызметкер Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына сәйкес ел Президенті мен Қазақстан халқына салтанатты жағдайда ант берді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында антты алғашқы болып Бас прокурор Асхат Дауылбаев берді. Ол «Қазақстан Республикасының халқы мен Президенті алдында өз Отаным – Қазақстан Республикасын экономикалық және рухани дамыту ісіне бар күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекеттерімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық пен ұлтаралық татулық қағидаларын ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант беремін, ант етемін», – деді еш кідіріссіз.
Одан кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов, Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов, Ішкі істер министрі Қалмұхамет Қасымов, Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, Көлік және коммуникациялар министрі Берік Камалиев, Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев, Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсаханов және Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев ант берді.
Ант беру сіздер үшін ерекше салтанатты күн деп есептеймін, деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ант беру рәсімі аяқталғаннан кейінгі сөзінде. Кез келген азаматқа мемлекеттік қызметкер болу – өте үлкен мәртебе. Оған барлық қазақстандықтардың қолы жете бермейді. Ал Үкімет мүшесі болу, министр болу одан да зор жауапкершілік болып табылады. Жаңа өздеріңіз айтқан ант мәтінінің әр сөзін жүректен өткізетіндей, жұмыс үстелдеріңнің үстіне қойып, күн сайын қарап отырсаңыздар, онда менің айтайын деген сөздерімнің барлығы бар.
Бұдан соң Президент мемлекеттік қызметкерлер халықтың мүддесіне адал қызмет ету қажеттігіне тоқталды. Елбасының тоқталып өткеніндей, мемлекеттік қызметке алған кезде, оларды мемлекетке адал қызмет ету үшін шақырады. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметкер өздерін халықтың қызметшілері ретінде сезінулері тиіс. Осы мәселені ұмытпаулары қажет. Мансапқорлықтан аулақ болу, әрбір адамның мұң-мұқтажына назар аударып, уақыт оздырмай тиісті жауабын беру – мемлекеттік қызметкердің парызы. Сонда әкімдіктер де, мемлекеттік қызметшілер де халыққа жақын болады.
Тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жыл ішінде жүзеге асырылған қыруар шаруаларды жүргізгендер кімдер? Мемлекеттік қызметкерлер, деді Президент әрі қарай. Қол жеткізген табыстарымызды ұйымдастырып, басы-қасында жүргендер, тағы сол мемлекеттік қызметкерлер. Алдымызға қойылған индустриялық-инновациялық бағдарлама ең үлкен белес болып саналады. Оны жүзеге асыру үшін ерекше күш-қуат, бірлік пен білімділік, жігер керек. Соның барлығын орындауға сенім артып отырған сіздер боласыздар.
Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызметкерлер арасында тәжірибесі мол үлкен буын да, орта буын да бар. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметке жастар да келіп жатыр. Олардың барлығы бір-бірімен сабақтаса отырып, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі үшін аянбай қызмет етулері тиіс.
Елбасы сөзінің соңында ант бергендерге қызметтерінде табыс тіледі.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.