Егемен еліміздің барлық өңірлеріндегі жұрт елорданың 13 жылдық мерекесін ерекше көтеріңкі көңілмен атап өтуде. 13 жыл деген көп пе, аз ба? Қалай болғанда да осы бір мүшел жас ішінде Астана қаласы Қазақстанның жаһандық брендіне айналып, дүниедегі ең әсем де, жас қала ретінде танылуда. Астана – тәуелсіздік перзенті. Астана – жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның жарқын бейнесі. Астана – дүниежүзілік сахнада Бейбітшілік пен Келісім ордасы. Астана – Батыс пен Шығысты байланыстырып жатқан алтын көпір. Ақордалы Астананың Бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі», деген қанатты қағидасы барлық қазақстандықтардың жүрегіне нұр шуағын құяды. Бүгінгі Бас қаламыздың мүшел мерекесінде бір топ зиялы қауым өкілдерінің Астана қаласына деген жүрекжарды лебіздерін жариялап отырмыз.
* * *
Өмірбек БАЙГЕЛДИ, Парламент Сенатының депутаты. Бүгінгі Сарыарқаның кіндік тұсына орын тепкен Астана – жаңа ғасырдың пассионарлық туындысы. Бұл Қазақ халқының келешектегі жарқын бет-бейнесі, оның тұрақты өркендеп, өсуінің кепілі. Осындай тағдыр сыйлаған зор мүмкіндіктің иесі болған бүгінгі ұрпақ бақытты. Бұлар мыңжылдықтар тоғысындағы жаңа рухани туындының іргесін қалаушылар ретінде тарихта қалары сөзсіз.
Әлем таныған елорданың шаңырағы биік болғай!
Төрегелді ШАРМАНОВ, Қазақ Тағамтану академиясының президенті, ҰҒА академигі. Астана бүгінде Қазақстан деңгейінде қолға алынған шаралардың шын мәніндегі орасан ордасына айналды. Мәселен, елді дамытуға қатысты әртүрлі кластердің қатарында медицина кластері бар. Астананың осы мүшел мерекесі қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ТМД-да теңдесі жоқ тағы бір медициналық кешен – Кардиологиялық ғылыми-зерттеу орталығының тұсауын кесті. Болашақта Қазақстан халқы денсаулығын түзеу және басқа шаралар үшін ат арытып, алыс шетелдерге бармайтын мүмкіндік туды.
Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі. Әрине, Астана туралы көп толғауға болады. Кезіндегі облыс орталығы болған шағын қала аз уақыттың ішінде адам танымастай өзгерді. Астана болғалы архитектуралық айшығы күрт өзгеріп, көрсе көз сенгісіз көркем шаһарға айналды. Еліміздің жас астанасы туралы бүгінде шет мемлекеттер де жақсы біледі. Олар елордамыздың даму қарқынына, келбетіне тәнті. Тәуелсіз Қазақстан турасында, елордамыз жөнінде шетелдіктердің жылы лебізі мені де қуантып, жүрегіме еліме деген мақтаныш сезімін ұялатады.
Аманжол БӨЛЕКБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты. Астана – менің туған қалам. Барлық саналы ғұмырым осы қаламен тығыз байланысты. Бүгінде жиырма бірінші ғасырдың ең жас астанасы келешекке батыл қол созды. Қазақ елінің айбыны асқақтап, Астана төрткүл дүние тамсанғандай ғажайып қалаға айналып келеді. Сондықтан, келешекте елордамыздың Еуразиялық кеңістіктегі үлгілі астанаға айналатынына сенімім мол. Бұрындары шетелдіктер бізді ресейліктермен шатастырса, енді «Қазақстан, Астана, Назарбаев» деп, бас қаламызды әлем танып, сый-құрметке бөлеп жатыр.
Секен ТҰРЫСБЕКОВ, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Мемлекеттің Астанасын ардақтау, оның жақсылығын асыру қай кезде де болған. Бола береді. Елінің ертеңін ойлаған патшаның бір арманы туған халқы үшін үлкен шаһар орнату болса керек. Біздің еліміздің мақтанышы болып, Сарыарқа төсінде адам айтса нанғысыз әсем қала бой көтерді. Келбетіне көз тастасаң, дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей. Мәдениеті дейсіз бе, өнері, сәулеті дейсіз бе, қатар өркендеп, даму қарқыны жағынан әлем жұртшылығының өзін таңдандырып отыр.
Хью ПИРМАН, британдық архитектура сыншысы. (Англия). «Әлем пирамидасы»: дала төсіндегі жаңа елордада салынған орасан зор пирамида, ол қазіргі заманғы әлем кереметінің бірі бола алады. Ғимарат бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің, зорлық-зомбылықтан бас тартудың, адамдардың сенімі мен теңдігін нығайтудың нышаны болады деп жоспарлануда. Осындай ғимарат салуға тапсырыс беру үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болу керек.
Егор КОНЧАЛОВСКИЙ, кинорежиссер. (Ресей). Мен астаналықтарға гүлденуді тілеймін, себебі, Астананың өркендегені – елдің өркендегені ғой. Өз басым Қазақстанға бейжай қарай алмаймын, оны өзімнің Отаным деп санаймын. Қазақстанда әжем тұрады. Мен Астана мен Қазақстанның басқа да қалаларының тұрғындарына барша жақсылықты, тыныштықты тілеймін. Астанадан елдік пен тыныштық лебі еседі. Астананың қазіргі келбеті орасан күш-жігердің арқасында келді. Ендеше, болашақ ұрпақ соны бағалай білсе керек-ті!