• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Шілде, 2011

Алдаспан

630 рет
көрсетілді

Бүгінде Арқа төсінде жарқырай бой көтерген елорданың – ару қаланың әсем көркі қиялыңа қанат бітіріп, көңіліңді көкке өрлете түсетіні, жүрегіңе өз еліңе деген мақтаныш сезімін ұялататыны анық. Бас қаланың дәл кіндігіне орналасқан зәулім «Бәйте­рек­тен» жан-жағыңа байыппен көз тастасаң, Аста­на­ның келбетіне тамсанбай тұра алмайсың. Шығыс­тың сәулет өнерінің классикалық үлгісімен салын­ған Ақ­ордамыздың көгілдір күмбезі, оның шырқау биік мұнарасына тігілген көк туымыз ерекше нұрланады. Онан бері әлемдік озық жетістіктермен өрнектелген мемлекеттік мекемелердің ғима­раттары да өзіндік сән-салтанатымен көз тартады. «Астананың құрылысында да, жасампаз жоба­ла­рында да адам ойланарлықтай, таңдай қағар­лық­тай кереметтер бар деп айтуға болады. Айталық, «Тәу­ел­сіздік сарайы», «Пирамида», «Хан шатыр», «Астана триумфы» сияқты ғимараттардың қай-қай­сысы да Астанаға сән беріп, көріктендіріп тұрғаны сөзсіз. Гүлзар бақтарға оранған әсем Астана – мону­мен­тал­ды ескерткіштерге де бай қала. Мәселен, «Қа­зақ елі» монументінің өзі ерекше құбылыс. Ес­ілдің жаға­сына орнатылған Хан Кене ескерткіші, «Тәуелсіздік монументі», қа­зақ халқының аты аңызға ай­налған даңқты баты­ры Бау­ыржан Момышұлы ес­керт­кіші де қаланың сә­ніне сән қосып тұр. Осы орайда Астанаға ал­ғаш келіп, ертегідегідей аб­ат­­танған шаһарды ара­ла­ған, қала құрылысы ту­ралы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының жоба-жоспар­ла­рымен та­ныс­қан Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның, сондай-ақ 2010 жылғы желтоқсанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақ­тас­тық ұйымы­ның Астанада өткен Саммитіне жи­налған әлемдегі 56 мемлекеттің үкімет делега­цияла­ры, оның ішінде АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон­ның да Астананы ең жаңа, ең сәулетті қала деп тамсана айтқан сөздері осындайда ойға оралады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы қиын­шы­лыққа толы өтпелі мерзім кезеңінде Арқаның тө­сін­де жаңа қала салуға сеніммен қадам жасауы шы­нын­да да Елбасының ерен ерлігі демеске әддің жоқ. Тәу­елсіздігімізді жариялағанымызбен, ел эко­но­микасы әлсіреп, әлтек-тәлтек күй кешіп отырған бұл кезде астанамызды Алматыдан Ақмолаға көші­реміз деген Елбасының шешімін әркім әр саққа жүгіртіп, ел іші гу-гу болып жатты. Біраз жұрт бұ­ған тіпті күдік-күмәнмен, сенімсіздікпен қарады. Алайда, жасампаз елдің жарқын болашағын ойла­ған басым көпшілік Президенттің ұсынысын мақұл­дады. Үкімет пен Парламент те бір шешімге келді. Арнаулы қаулы қабыл­данды. Ос­ындайда Елбасы шетелдік инвес­тицияға иек артты. Ол кісінің іскерлігі, саңлақ саясаткерлігі арқасында Астанада жаңа ғимараттар салуға тілек білдірген инвесторлар да табыла кетті. Жаңа шаһар­дың жолы осылайша ашылған болатын. Бұдан біраз бұрын теледидардан Елбасы туралы жақсы бір хабар көрсетілді. Онда болашақ бас қала­ның кіндігіндегі алып ғимарат «Бәйтеректің» нобай­ын Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ақ қағазға қарын­даш­пен сызып отыр екен. Жалғыз «Бәйтерек» қана емес, қаладағы әрбір ғи­марат Нұ­ре­кеңнің ой қия­лының жемісі екенінде еш күмән жоқ. Ендеше, «Астананың бас сәулетшісі Нұрсұлтан На­зар­баев­тың өзі» деген сөз өте орынды айтылған. Шындығында да қысқа ғана кезеңде заманы­мыз­ға лайықты сәулетті шаһар салдырып, 250 жылдан астам уақыт бойы Ресейдің боданында болған қазақ елінің тәуелсіз мемлекеттігін құрып, оны айдай әлемге танытуы – тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен ерлігі мен данышпан­дығының арқасы екенін бүгінде әркім-ақ, тіпті айдай әлем мойындайды. Анығында туа біткен табиғи да­рынның, алымдылығы мен шалымды­лығының арқа­сында мемлекетті биіктен-биікке бастап келе жатқан, елін сүйген, елі сүйген Елба­сымыздың біз үшін жөні бөлек. Сонау сақ дәуірінде де, қағанат, хандық заманында да, әз Жәнібек пен Керейдің, Абылайдың тұсында да еш ұрпақ мұндай бақытты, мұндай дәу­летті көрген жоқ. Бүгінде Қазақстан төрткүл дүние мойындаған, өркениетті елдермен терезесі тең, керегесі кең, іргелі мемлекет дәрежесіне көтерілсе, құ­дайшылығын айту керек, бұл тікелей Елбасымыз­дың ересен іскерлігінің, көреген басшы­лығының ар­қасы. Қазақстандық­тардың жаңа Астана мен елі­міздің жетістіктерін Н.Назарбаевтың есімімен байла­ныс­тыруы тегіннен-тегін емес. Өйткені, бұл – әлем серкелері даусыз мойындаған ақиқат шындық. Нұрсұлтан Назарбаев – халық бірауыздан сай­лаған, әлем сыйлаған саяси-экономикалық табысы­мыз­ды алға сүйреп келе жатқан өршіл рухты Ұлт көшбасшысы ғана емес, қай өлшеммен, қай биіктен қарасаңыз да еңсесі мен ерендігі ешқашан аласар­майтын, ұлықтығы төмендемейтін тарихи ұлы тұлға. Оның талайларды тамсандыратын ерекше бір қыры – арманы мен аңсары ешбір аласарып көрмегендігі. Бір биікті бағындырса, екінші бір биікке ұмтылу, ұмты­лып қана қоймай, көздеген мақсатына жету үшін еш шаршап-шалдығуды білмейтін қажымас қайраткер­лігі тәнті етеді. Иә, әрқашан алысты көздейтін Елбасы Астанадан Бейбітшілік және келісім сарайын салғызып, онда 3 жыл сайын әлемдік және дәстүрлі діни конфессиялар өкілдерінің басқосуын өткізіп, жер бетіндегі әр алуан діндердің басшыларын қол алыс­тырып, дінаралық, ұлтаралық және мемлекет­ара­лық тату­лықты нығайту мәселе­лерін талқылап оты­руы Нұр­сұлтан Әбішұлы­ның дана саясатының бір қыры. Діндер тату болса, елдердің де арасында алауыздық болмайды, яғни бү­гінгі таңда дін – бейбітшіліктің тірегі. Діндер­аралық келісімді ны­ғай­ту арқылы Елбасы Қазақстанның беделін көте­ріп қана қоймай, төл дініміз – Исламның да абыройын асыруға үлес қосып отырғаны анық. Сөз реті келгенде өзіміз куәсі болған Елбасы қабылдауын айта кеткенді орынды санап отырмыз. Ол 1994 жылдың 24 қарашасында болған еді. Бұл жы­лы жүзді кездесуді Президенттің сол кездегі кө­мек­шісі, бүгінгі Парламент Сенатының депутаты, саясаткер-ғалым Ақан Бижанов ұйымдастырған бола­тын. Біз ол тұста Үкімет жанындағы Дін істері жө­ніндегі кеңестің жауапты хатшысы қызметін атқа­ра­тынбыз. Бүкіл ислам жамағатының әйгілі діндар ғалы­мы, Құрани Кәрімді тұңғыш қазақ тіліне тәр­жімалап, Медине-Мунаууаррада бастырған қа­дір­­мен­ді ақсақалымыз Халифа Алтаймен бірге бізді (осы жолдар авторын) Президент Н.Ә.Назарбаев өз рези­денциясында бір сағаттан астам уақыт бойы арнайы қабылдап, емен-жарқын әңгімелескені бар еді. Сол шынайы да шырайлы кездесуде Елбасы дін, діни тәрбие, ұлттық құндылықтар, рухани келісім, жер бетіндегі бейбітшілік пен татулық жолында барлық дәстүрлі діндер мен конфессиялардың күш-жігерін біріктіру қажеттілігін, өзара діни сый­ласымдылық, төзімділік, ынтымақтастық ұстаным­дарын қалыптас­ты­руды, әлемдік діндердің келісім орталығын құру, өз еліміздің барлық деңгейдегі оқу орындарына «Дінтану» пәнін енгізу жайына кеңі­нен тоқталған бола­тын. Әсіресе, бағзы замандардан бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан әр­түрлі іргелі діндер, мәдениеттер, өркениеттер ара­сындағы үнқатысуды жүзеге асыру керектігі, олар­дың өзара үнқатысуын біздің мемлекетімізде ұй­ым­дастырудың маңызды­лығы да қадап айтылған еді. Бұдан он жеті жыл бұрынғы әңгіме өзегі болған құнды ойлардың қазіргі таңда рет-ретімен іске асып жатқанын көргенімізде мерейленгендей күй кешеміз. Сол әсерлі қабылдауда сексеннің сеңгіріне шық­­­қан қа­рия Елбасының аса биік өрелі азамат­ты­ғына, ер­ек­ше кішіпейілділігі мен асқан қа­рапайым­ды­лы­ғына, ай­рық­ша пайым-парасатты­лы­ғы­на дән риза бо­лып, ақ батасын берген-ді. Мұны ғұлама ғалым «Ел мен Елбасы» (2003 ж.) кітабында риясыз көңілмен алғысқа толы жылы лебіздері арқылы білдіріп, игі тілектерін айтыпты. Биылғы жылы Қазақ елі әлемнің 57 елінің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төраға­лық етуін бастады. Ұйым жиынына бес мемлекет және бес халықаралық ұйым байқаушы ретінде қ­а­ты­­са­ды. Жер шарының үштен бір бөлігін құрайтын бұл іргелі ұйымның тізгінін ұстау – Елбасының жеке тұлға­сының, сонымен бірге, ұлы Отанымыз – Қазақстан­ның да иісі мұсылман дүниесіндегі абы­рой-беделінің аса жоғары екенін білдірсе керек. Осы арада Мемлекет басшысының тiкелей тап­сыр­масымен бiлiм берудiң барлық талаптарына сай келетiн «Назарбаев интеллектуалды мектептері» мен «Назарбаев Университетiнің» ашылуы елiмiз үшiн үлкен абырой болғанын айта кетсек дейміз. Иә, білім – жаңа әлемнің өркендеуі мен дамуын­дағы негізгі индикатор ретінде бағаланып отырғаны мәлім. Елбасының отанымыздың ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық гүлденуін қамтамасыз ету үшін білім жүйесін дамытуға бірінші кезекте басым­дық беруінде осындай сыр бар. Мұның өзі біздің еліміздегі білім беру мен интеллектуалды тәрбие беру сапасының халықаралық стандарттарға сай келуі қажет деген сөз. Ал, осы білімді беретін, оны интел­лектуалды тұлғаны тәрбиелеу бойынша оқытатын бірден-бір мекеме – жоғары оқу орны болса, ол кез келген бәсекеге қабілетті ұрпақты кемел адами тұр­ғыдан қалыптастыруға әзір болуы керек. Қазіргі білім беру мен ғылым жүйесі үшін қой­ылатын негізгі талап осындай. Астанадан ашылып отырған Назарбаев Университетінің алға қойып отырған негізгі мақсаты, міне, осы – қазақстандық жастардың алыс-жақын шетелдерге бармай-ақ, өз Отанында жүріп, әлемдік стандарттарға сай білім алуына мүмкіндік жасау. Жалпы, жаңарған әлемдегі жаңа Қазақстан тәу­ел­сіздіктің 20 жылдығына орнықты, қуатты және ширақ мемлекет ретінде қадам басып отыр деп нық сеніммен айта аламыз. Мемлекет басшысының өзі атап көрсет­кендей, еліміздің ұлттық тарихи жолы негізінен үш жүйе құрушы міндетті қамтиды. Атап айтатын болсақ, бұлар – қуатты мемлекет, біртұтас толеранттық қоғам және инновациялық экономика. Осы орайда Назарбаев Университетінде оқыған дәрісіндегі ел Президентінің мынадай ой-пікірі біз үшін, әрбір қазақстандық азамат үшін аса маңызды деп ойлаймыз: «Мынаны есте сақтаңдар: әркімге өмір бір рет қана әрі соңғы рет беріледі. Ал, сіздерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр, бұл кезеңді дұрыс пайдаланып, өздеріңді көрсете біліңдер. Өздеріңді біздің еліміздің интеллектуалдық элитасы ретінде көрсетіңдер, сосын Қазақстанның ғылымын алға жетелеңдер. Бүгінгі басты миссияларың – алға жүктеген міндеттерді шешу үшін лайықты оқып, білім алу». Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбіш­ұлының осы пікірі ортақ Отанымыздың барлық жастарын сапалы білім алуға, сол білім арқылы бірігуге шақырған үн­де­уі секілді десек, шындықтан алыс кетпеген болар едік. Тағы бір айта кететін жәйт – Елбасының тікелей нұсқауымен жер жүзіне тарыдай шашылған қандас­та­рымыздың біразы өздерінің тарихи Отанына ора­лып, атажұртта өмір кешуде. Бұл да Н.Ә. Назар­баев­тың табандылығының, уәдеге беріктігінің, жа­нашыр­лық сезім мен бауырмалдық қамқорлығының белгісі іспетті. Қандастарының атамекенінде басын қосқан әлемде тек Израиль, Германия, Қазақстан секілді үш-ақ мемлекет бар. Мұны мамыр айында өткен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрыл­та­й­ында бас қосқан отандастарымыз тарапынан ай­тылған жылы лебіздер, жақсы пікірлер дәлелдейді. Алдағы уақытта да Қазақстанды тамаша істер күтіп тұр. Жеңіс қашанда бірлік пен ынтымақтың арқасында келеді. Ел бірлігін сақтау, ұлтаралық тату­лықты ұлықтау әр қазақстандықтың қасиетті парызы болуға тиіс. Бүгінде Қазақ елінің тарихи миссиясы – тәуелсіз Отанымызды ғаламдық арена­да­ғы саяси және әлеуметтік-экономикалық күрделі құбылыстар ортасынан сүрінбей алып шығып, жаһан таныған қуатты елге, батыс пен шығысты жалғайтын алтын көпірге айналдыру болып табылады. Мұндай тарихи міндетті бүкіл төрткүл дүние таныған еліміздің сенімді Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастап, атқарып шығатынына еш күмән жоқ. Елбасымыздың тікелей бастамасымен өмірге келген «Жасыл ел» бағдарламасы да қазақ жерін кө­рік­тендіруге бағытталып отырғаны белгілі. Осы бағдар­лама аясында соңғы он шақты жыл көлемін­де елімізде мыңдаған гектар жасыл алқаптар пайда болды. «Тәуелсіздіктің 20 жылдығына – 20 миллион ағаш» бастамасы да Елбасының туған жерді түлетуге, эко­ло­гиямызды сауықтыруға деген ізгі ниетінің көрінісі. Елорда және Елбасы. Бүгінде осы екі ұғымды бір-бірінен бөліп қарау еш мүмкін емес. Өйткені, елор­даны Елбасы салғызды, ал елорда Елбасы мен бүкіл Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Сөйтіп, Н.Ә. Назарбаев ұлтының ұлы арманын жүзеге асыра білді. Аз ғана жылда аспан астын жайнатып, Астана-шаһар тұрғызды. Іргеміз тыныш, түндеріміз бейбіт, күндері­міз нұрлы... Астана қаласының қақ төріндегі күн нұрымен шағылыса жарқырап, айна­ланы арайға бөле­ген алып «Бәйтеректің» ұшар басынан абаттанған шы­райлы шаһарға құмарлана, сүйсіне қарап тұрғанда кез келген адам осындай ордалы ойларға кететіні кәміл. Бақтияр СМАНОВ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.