Елорда мерекесінде ұйымдастырылған түрлі мәдени іс-шаралар легінің бірқатары қала күні жұртшылықты Конгресс-Холл маңайына көптеп жинады. Алаңның маңы өздеріне арналған думанды тамашалауға келген қала тұрғындары мен қонақтарын ерекше сезімге бөледі. Солардың бірі Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының алдында өткен «Балалар – елорданың жүрегі» атты қаланың туған күні мен алдағы келе жатқан Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай өткізілген мерекелік бағдарлама дер едік.
Бүгінгі күні Еуразия кеңістігінде ірі білім мен мәдениет орталығына айналған Астанамыз күннен-күнге жаңарып, жасыл желек жамылып келеді. Әсем безендірілген аталмыш сарай аймағына таңертеңгі уақыттан мектеп жанындағы күндізгі бөлім лагерьлерінің оқушылары келіп, сазды әуендер ойналып, балалардың шат күлкісімен үндесіп жатты.
Айтулы мереке күні қарсаңында «Астана құрдастары» байқауы биыл оныншы рет қаламыздың жас құрдастарының басын қосқан-ды. Ал жеңімпаз атанғандар бағдарламаның құрметті қонағы болып, естелік сыйлықтарды еншіледі. Байқаудың ең қызықты сәті де осы жерден көрініс тапты. «Кішкентай Астана аруы» мен «Кішкентай Астана сұлтаны» байқаулары жеңімпаздарының салтанатты шеруі де тартымды көріністермен көрермендерін қуантты. Жалпы аталған байқаудың мақсаты – балғындардың дарындарын ашу мен олардың шығармашылық орындаушылық деңгейлерін көтеру болса, елорданың жас таланттарын анықтап, қолдау білдіру де басты назарға алынған.
Мерекелік шара аясында өткізілген тас жолға түрлі-түсті бормен сурет салу байқауы да қатысушылар мен оны тамашалаушыларды ерекше сезімге бөледі. «Бақытты ғаламшарда-бақытты балалар!» тақырыбымен өткен бұл сайыста байқаудың жеңімпазы атанған жеткіншектер мен өзге де қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.