Биыл қазақ театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО һәм Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, халық әртісі Серәлі Қожамқұловтың туғанына 115 жыл толып отыр. Ел мәдениетінің осынау мерейлі оқиғасы аясында Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта ұлы актерге арналған «Шеберлік шыңы» атты альбом-кітаптың тұсаукесер таныстырылымы болып өтті.
Бұл рәсімнің мұрағат мекемесінде өтетін жөні де бар екен. Алда 90 жылдығын атап өткелі отырған Орталық мемлекеттік мұрағат басшысы Ләззат Ақтаеваның айтуынша, 1979 жылы Серағаң мұрағатқа өз қолынан 192 іс құжатын әкеліп тапсырған көрінеді. Содан бері С.Қожамқұловтың ғылыми-сараптамалық өңдеуден өткен жеке қоры мұрағат бөлімінде мұқият сақталып келеді. Мұнда саңлақ актер ойнаған рөлдердің мәтіндері, қолжазбалар, жазысқан хаттар, фотосуреттер, марапаттар, басқа да құжаттар жетерлік. Міне, аталмыш альбом-кітапты құрастырып дайындау барысында осы жеке қордағы бай материалдарды пайдаланғандарын актердің қызы мен күйеу баласы – Рената Серәліқызы және профессор Ахмет Мұса айтып өтті. Альбом-кітап «Киізкітап» баспасынан Байланыс және ақпарат министрлігінің қолдауымен шығарылыпты.
Төрт бөлімнен тұратын альбом-кітапта сахна саңлағының өмірбаяны мен шығармашылық жолы кеңінен қамтылған деуге болады.
Альбом-кітаптың көрікті әрі мазмұнды болып шығуына мұрағат қызметкерлерімен бірге М.Әуезов театрының ұжымы да атсалысқан. Көптеген сахна көріністері мен кино рөлдерінің суреттері, жоғары мемлекеттік марапаттардың тапсырылу сәттері, қаншама грамоталар мен дипломдар, құттықтаулардың нақ осы қара шаңырақтан алынып берілуі альбом-кітаптың құндылығын арттыра түскен.
С.Қожамқұловқа арналған «Шеберлік шыңы» альбом-кітабымен бірге осы арада ұлы актер туралы материалдарды өмір бойы жинастырып, бұған дейін «Актер және Азамат», «Шеберлік мектебі» жинақтарының шығуына мұрындық болған профессор Ахмет Мұсаның да «Атамұра» баспасынан шыққан екі кітабы таныстырылды. Баспа директоры Рақымғали Құл-Мұхаммед «Қазақ-қырғыз жырларындағы бірлестік» және «Негізгі мақсат – мемлекеттік тілді меңгеру» деп аталатын бұл кітаптарды жоғары бағалады.
Академиктер Сейіт Қасқабасов, Өмірзақ Айтбайұлы, жазушы Ахат Жақсыбаев, Мәриям Серәліқызы, Серағаңның немересі, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан елшісі Асқар Мусинов және басқалар ұлы актердің өнегелі өмірі жайында естелік айтып, көптеген ғибратты жайларды алға тартты, көзайым альбом-кітап хақында оң пікірлерін білдірді. Ал, «Киізкітап» баспасының директоры, көркем жоба авторы Шәйзада Байкенова «Шеберлік шыңы» альбом-кітабының Мәскеуде өткен халықаралық конкурста «Мәдениет, білім және ғылым» аталымы бойынша лауреат болып үлгерген қуанышты хабарын сүйіншілеп жеткізді.
Қорғанбек АМАНЖОЛ.