Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!
Жарылқаушы айда жұртқа жеңілдік жасайық
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, бас мүфти, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлінің министрліктер мен түрлі салалық мекемелер жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен ел халқына қасиетті Рамазан айына қатысты
ҮНДЕУІ
Құрметті мұсылмандар, отандастар! Биыл – сүйікті Отанымыз үшін ерекше жыл. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Дәл осы айтулы кезеңде егемен еліміз Ислам Ынтымақтастық Ұйымының тізгінін қолға алып, қазақтың байтақ даласының шежіре-тарихы Исламмен біте қайнасып жатқандығын дүйім жұртқа паш етуде. Тәуелсіздігімізді алғалы бергі аз ғана мерзім ішінде еліміз аяғынан тік тұрып, қарқынды даму жолына түсті. Алла тағаланың мейірім-рахымы түсіп, Қазақстан жұрты мерейлі 20 жылдығын әлем алдында абыроймен, толағай табыс және береке-бірлік, ынтымақпен қарсы алып отыр. Небәрі 20 жылда ғасырға татырлық орасан зор істер атқарылды. Халықаралық мәртебелі ұйымдарға төрағалық етті. Мұның қай-қайсысы да елім, жерім, халқым деген әрбір отандасымыздың мақтаныш сезімі мен қуанышын тасытары сөзсіз. Бұл табыстарда кеңпейіл де жомарт халқымыздың бейбітшіліксүйгіш дархандығының үлесі мол деп білемін. Алла тағаладан еліміздің одан әрі биік белестерге көтеріле беруін тілеймін. Мүмкіндігі бар отандастарымды осынау қасиетті де, берекеге толы айда Алла разылығы үшін игі істерді мейлінше көбірек жасауға шақырамын. Жыл сайын Рамазан айы келуімен дүкендер мен базарларда азық-түлік бағаларының күрт қымбаттап кететінін көріп жүрміз. Бұл, әрине, халықтың орынды наразылығын туғызады. Мүбәрак айда кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жасаған Иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақ үйлер мен қоғамдық қызметтердің бағасын 10 пайызға жеңілдетуге шақырамын. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық төлемақылар және телекоммуникациялық байланыс тарифтері де осылай төмендетілсе дейміз. Жұртымыз қасиетті айда Алла тағаланың ашуы мен қаһарын тудыруға себепші арақ-шараптан, шариғатымыз тыйым салған басқа да харам іс-әрекеттерден аулақ болса деген тілегім бар. Мейрамханалар мен жиын-тойларда ішкіліктің ешбір түрі ішілмесе, дүкендерде сатылмаса. Себебі, ардақты Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың құдси хадисінде Алла тағала ішімдік ішкенді, ішкізгенді, сатқанды, сатып алғанды, сондай-ақ оны жасап шығарғанды лағынеттеген. Қасиетті Құран Кәрімде: «Әй, иман келтіргендер! Арақ ішу, құмар ойнау, пұттарға табыну және бал ашатын оқтар – ластық, шайтанның iстерi. Мұратқа жетем десеңдер олардан аулақ болыңдар», делінген («Маида» сүресi, 90-91 аят). Бұл үндеу барша адамзат баласына мол ризық беруші Алла тағаланың разылығына біздің жұртымыз мұнан әрі қарай да бөленіп, сауабына ие бола берсе деген ізгі мақсаттан туып отыр. Сауапты амалдар жасаудың сәтін қолдан шығарып алмайық, ағайын!