• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 11:12

Ауырмайтын жол ізде: Профилактикалық мәдениет қалыптасып келе ме?

20 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДС) аурудың алдын алу емдеуден әлдеқайда тиімді әрі экономикалық тұрғыдан ұтымды екенін әлдеқашан дәлелдеген. Қазақстанда да скринингтік бағдарламалар жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұрынырықта денсаулық туралы сөз қозғалса, «ауырсақ емделеміз» деген сөзді көбірек естісеңіз, соңғы жылдары сырқаттың алдын алу және ерте анықтау әрі салауатты өмір салтын ұстану мәселелері жиі айтылып, профилактикалық мәдениетке бетбұрыс байқала бастаған. Тұрғындардың (әсіресе, ірі қалаларда) жыл сайынғы кешенді тексеруден өтуді әдетке айналдыра бастауы – жеке жауапкершіліктің күшейіп келе жатқанының айғағы, деп жазады Egemen.kz.

Кешенді тексеруден өтушілердің көбейгенінің бір себебі – онкологиялық, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты әлеуметтік маңызы бар дерттерді ерте анықтауға бағытталған тексерулердің тегін ұсынылуы болса керек.

Тағы бір айта кететін жайт, 2025 жылы скринингтік тексерулер бойынша бұйрыққа өзгерістер енгізіліп, адамдардың өмір сүру ұзақтығының артуына байланысты тегін скрининг 76 жасқа дейін ұзартылған (бұрын 70 жасқа дейін жүргізілген). Бұл да скринингтік тексерулер бойынша адамдар санын ұлғайтып отыр.

76 жасқа дейінгі ел азаматтары тегін скринингтен өте алады

Мысалы, Астана қаласы әкімдігінің «№8 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы (ШЖҚ) мемлекеттік  коммунальдық кәсіпорны (МКК) бойынша соңғы 3-5 жылда профилактикалық тексеруге жүгінетін азаматтардың саны айтарлықтай (35-40%) артқан. 2025 жылы барлық скринингтің жалпы 6 түрі бойынша 30 000-ға жуық адам тексеруден өткен. Бұл – тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапкершілігінің артуы ғана емес, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының, яғни скринингке шақыру жұмыстарының оң нәтижесі.

Ал, ерте сатысында анықталатын сырқаттардың саны бойынша аталған емханада көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы 2 есе артқан. 2025 жылы 500-ге жуық науқас ерте анықталса, соның 20-дан астамы онкологиялық аурулар бойынша екен. Ең жиі анықталатын ауру түрі – артериялық гипертензия, яғни, қан қысымының жоғарылауына байланысты сырқаттар. Ал онкологиялық аурулардың ішінде ең жиі анықталатыны – колоректальды обыр және сүт безі обыры.

Көбіне 50 жастан асқан адамдар профилактикалық тексерулерге басқа жастағылармен салыстырғанда айтарлықтай белсендірек қатысады екен. Сірә, бұл жастағылар профилактикалық тексерудің маңыздылығын басқа жастағылармен салыстырғанда әлдеқайда жақсы ұғынған.

Ал, скринингтік тексеруден өтуге ерлермен салыстырғанда көбіне әйел адамдар белсенді. Ер адамдар мүмкін жұмысбастылау болғандықтан шығар, емханаға жиі жүгінбейді. Оған қоса, әйелдерге арналған скрининг түрлері көбірек, содан да болар, әйел адамдардың саны басымырақ.

«Бірақ 2025 жылы ер адамдарға арналған жаңа скрининг түрі енгізілді. Бұл − ми-қан айналымы жүйесі ауруларын ерте анықтауға арналған скрининг. Мұнда 50 жастан 76 жасқа дейінгі ер адамдар тексерістен өте алады. Біздің емханада скринингке шақырылған азаматтардың нақты 70-80%-ы келеді деп айтуға болады. Бірақ пациенттерге бірнеше рет түсіндіру арқылы скринингтік тексерулер бойынша барлығын 100% қамтимыз», дейді аталған емхананың профилактикалық медицина және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі Жанерке Нұрахметова.

Зерттеулер көрсеткендей, жалпы республика бойынша семіздік, 2 типті қант диабеті, гипертония секілді созылмалы дерттер жасарып бара жатыр. Бұл әрине алаңдатар жайт.

«Бізде диабет және гипертония бойынша науқастар саны жыл сайын артып келеді. 2024 жылы артериялық гипертензиямен 123 адам анықталса, 2025 жылы олардың саны 354-ке жеткен. Ал қант диабеті бойынша 2024 жылы 37 науқас болса, 2025 жылы олардың саны 79-ға жеткен. Яғни, 2 есе көбейген. Аталған дімкәс жандардың жас құрылымында өзгерістер байқалады, бірақ көбіне 50 жастан асқан тұрғындарда жиі кездеседі. Бұндай сырқат түрлерінің пайда болуына себеп болатын ең негізгі және қарапайым қауіпті факторлар қатарына – дұрыс тамақтанбау, тұзды, тәтті өнімдерді артығымен қолдану, шылым шегу әдеті енеді. Жастардың, тіпті ересектер арасында да электронды темекі шегу сәнге айналды. Олардың иісі білінбегенімен, кәдімгі темекіден айырмашылығы жоқ, құрамындағы заттар да ұқсас, ағзаға тигізетін қауіптілігі де деңгейлес. Сонымен қатар спортпен шұғылданбау және аз қимылдау да қауіпті факторлар», дейді Ж. Нұрахметова.

Тағы бір айта кететін жайт, әйел немесе ер адам болсын, жас ерекшелігі сәйкес келсе, жылына бір рет  скринингтік тексеруден өтуге міндетті, яғни, профилактикалық тексерулерден өту қолжетімді.

«Бұған алдын ала жазылудың қажеті жоқ. Емханаға келгенде тиісті кабинетке, мысалы, әйелдерді қарау немесе скрининг кабинетіне келіп, кезек бойынша алдын ала жазылусыз өте алады. Біздің емханамызда кадр тапшылығы жоқ, болған емес. Емхана таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондықтан тұрғындар жұмыс уақытында келе алмаса, жұмыстан кейін де келіп қарала алады. Алдын ала онлайн жазылудың да қажеті жоқ. Дәрігерлерге жазылу бірінші кезеңде мейіргерлерден өткеннен кейін емхана тарапынан жүргізіледі. Яғни арнайы скрининг бойынша графиктер бөлінген, бейінді мамандарға жазуды біздің мамандар жүзеге асырады. Сол арқылы пациенттер әрі қарай тексеруден өте алады. Яғни барлығы жеңіл әрі қолжетімді», дейді Жанерке Берікбайқызы.

Аталған емханада арнайы бекітілген норматив бойынша (жас ерекшелігіне байланысты) барлық қажетті скринингтерден тұрақты түрде толық өтіп жүрген Гүлмира Қарабалаеваның айтуынша, жалпы скринингке 2 ай уақыт берілген, оның ішінде қан талдауы, онкологиялық скринингтер, электрокардиограмма, маммография (әйелдерге) бар.

«Тексерілу барысында менен айтарлықтай ауру белгілері білінбеді. Дегенмен, ең алғашқы мейіргердің тексерісінде көз қысымының көтерілуі байқалғандықтан офтальмолог дәрігер қарады, бірақ ешқандай ауытқу анықталмады. Ал, тексеруге мейіргерлер ұсынған нұсқама бойынша қан талдауларына дайындалып келсеңіз болғаны, туындайтын одан басқа қиындық жоқ», дейді ол.

Оның айналасындағылардың көбі жұмысбасты болса да, құрбылары скринингтерден өтіп тұрады екен, бұл да оның тұрақты тексерілуге бей-жай қарамауына бір себеп.

«Менің танысым онкологиялық аурумен ауырды, ол уақытылы қаралмағандықтан сырқаты асқынуға дейін жетті. Сол жайт – менің осылай профилактикалық тексеруден тұрақты өтіп тұруыма түрткі болды, содан бері 11 жыл, жыл сайын мерзімді уақытым келгенде учаскелік мейіргер арнайы шақырады. Профилактикаға мән бермейтін азаматтарға айтарым – аурудың алдын алу оны емдеуден әлдеқайда жеңіл. Сондықтан өз денсаулықтарына қазірден бастап көңіл бөлу қажет», дейді Гүлмира Рысбайқызы.

Медицина қызметінде кемшілік болмауға тиіс

Профилактика – тек медициналық емес, экономикалық категория. Ауруды асқынған сатысында емдеу мемлекетке де, азаматқа да қымбатқа түседі. Сарапшылардың бағалауынша, алдын алу шараларына салынған инвестиция ұзақ мерзімде денсаулық сақтау жүйесіне түсетін салмақты азайтады.

Банк секторы мен ірі компаниялардың қызметкерлерге арналған корпоративтік медициналық сақтандыру бағдарламалары да профилактикалық тексерулерге деген ынтаны арттырып отыр. Өйткені, бұл еңбек өнімділігіне тікелей әсер етеді.

Ал, скрингтік тексеруге қатысу көрсеткішінің төмен болуының ең бірінші себебі – тұрғындардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарамауында болса керек.

Тағы бір айта кететін жайт, заңнамаға сәйкес жалпы көп жағдайда скринингтік тексеруден өтуге 2 күн арнайы демалыс беріледі. Бірақ кейбір тұрғындар жекеменшік мекемеде еңбек ететіндіктен басшылығы тарапынан рұқсат берілмеуі мүмкін немесе қосымша табыс табу мақсатында жұмыс істеп жүруі мүмкін. Яғни азаматтардың скринингтік тексеруден өтуге келмеуінің бір себебі – тұрғындардың жұмысбастылығы.

Зерттеулер көрсеткендей, ауыл тұрғындарымен салыстырғанда қала тұрғындарында скринингтен өту көрсеткіші айтарлықтай басымырақ. Бұның негізгі себебі – ауыл тұрғындары көп жағдайда өз денсаулығына мән бермеуінде болса керек. Көбі дәрігерге ауырсыну пайда болған кезде ғана жүгініп жатады. Демек, негізгі мәселе инфрақұрылымда емес, денсаулық мәдениетінде болып отыр.

Профилактиканың тағы бір маңызды бағыты – вакцинация. Соңғы жылдары екпеге қатысты ғылыми негізделген түсіндіру жұмыстары күшейіп, қоғамдық иммунитет ұғымы біртіндеп орнығып келеді.

Профилактикалық мәдениет – бір күнде қалыптаспайтын құбылыс. Ол отбасындағы тәрбие, мектептегі дене шынықтыру, ақпараттық саясат, қолжетімді медицина және жеке жауапкершілік арқылы орнығады. «Ауырмайтын жол іздеу» – жай ұран емес, өмір салтына айналғанда ғана қоғам саулығы нығаятыны анық.

Профилактикалық медицинаның парқын білмей жүрміз

Соңғы жаңалықтар