• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2011

Сауықтыру лагері ашылды

527 рет
көрсетілді

Білім және ғылым министрі Бақыт­жан Жұмағұлов жұмыс сапарымен Өскеменде болды. Ол облыс әкімі Б.Са­парбаевпен бірге балаларға арналған А.Матросов атындағы сауықтыру лагерінің ашылуына қатысып, бірқатар білім беру нысандарының жұмысымен танысты. Бұдан екі жыл бұрын өңір басшысы Б.Сапарбаев «Қазатомпром» ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы В.Школьникпен бірқатар әлеуметтік ғимараттарды салу және балаларды сауықтыру лагерін қайта жарақтау жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Бұл Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы. Ақыры әбден тозығы жеткен ескі лагерьдің орнына жаңа ғимараттар бой көтерді. Ұлттық компания лагерь құрылысына 1 миллиард 45 миллион теңге жұмсады. Екі жыл ішінде аталмыш кәсіпорын облыста бір жарым миллиард теңгенің жобасын жүзеге асырды. Министр жаз кезінде 800-ден аса баланы қабылдайтын сауықтыру кешенінің құрылысына ризашылығын білдірді. Бұл жерде 19 коттедждің 13-і қайтадан салыныпты. Жаңадан салынған кең де жарық асхана, спорт алаңдары мен жазғы театр, бассейн көздің жауын алады. Б.Жұмағұлов кәсіби маман әзірлей­тін аймақаралық мәшине жасау саласы бойынша бой көтеретін құрылыс алаңын аралап көрді. 700 орындық жаңа нысан 2013 жылы іске қосылмақ. №45-ші орта мектепте болған кезде министр қаладағы мектептердің сапасына оң баға беріп, жаңадан білім ордасын салу жөнінде ойларын ортаға салды. Министрдің айтуынша, алдағы бес жылда елімізде 522 мектеп салы­натын көрінеді. Өңірдегі білім ордаларының бас­шы­ларымен, ұстаздар қауымымен кездесуде облыс әкімі Б.Сапарбаев жыл соңына дейін балабақшамен қамта­масыз етуді 85 пайызға жеткізу қажет­тігіне тоқталды. Ал 2015 жылы балалардың барлығын балабақшалар қабылдай алады, деді өңір басшысы. Қазір облыста 751 мектеп болса, соның 286-ы заман талабынан қалып қойған. Демек, алдағы уақытта оларды күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа білім ошақтарын салатын уақыт жетті. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Шығыс Қазақстан облысы.