• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
15 Шілде, 2011

Мәскеудегі – «Алматы», Алматыдағы – «Мәскеу»

432 рет
көрсетілді

Ресей астанасындағы метро­станциялардың біріне қазақ­стан­дық атау беруге қол жеткізу ел басшылығының тапсырмасымен қолға алынған, соңғы жылдары Қазақстан елшілігі дәйекті жүр­гізіп отырған мақсатты істердің бірі. Қазақстандықтардың осы отаншыл бастамасы Мәскеу бас­шылығы тарапынан да лайықты түсіністік табуда. Нысаналы ба­ғыттағы ілгерілеушілік деп таяуда белгілі болған бір жақсы хабарды айтуға болады. Яғни, Мәскеу метросының Замоскворецк желісі бойынша салынып жатқан бір станцияға «Алматы» (Алма-Атинская) атауын беру туралы қала басшылығымен ал­дын ала уағдаластыққа қол жетті. Болашақ станция қаланың оңтүстік шығысындағы Алматы көшесіне таяу, «Домодедово» әуежайы бағытында орналасқан. Бас жоспарға сәйкес «Алматы» метростанциясы 2012 жылы пайдалануға берілуге тиіс. 1935 жылы ашылған Мәскеу метросы Ресей астанасындағы көлік жүйесінің жүрегі десе бо­лады. Қазір метроның жалпы қа­лалық жолаушы тасыма­лын­дағы үлесі 56 пайызға тең. Оның радиусты-сақиналы құрылымы бойынша төселген болат жолды бойлаған жүрдек пойыздар орта есеппен күн сайын жеті миллион, ал жұмыс күндері тоғыз мил­лионға дейін жолаушыны орта­лықтан қала шетіндегі аймақ­тарға және шеткі аудандардан қала орталығына жылдам жеткізеді. Дерек көздерінің мәліме­тін­ше, көлік қозғалысының жеделдігі, жалпы көлемі және сенімділігі жа­ғы­нан Мәскеу мет­ро­сы әлемде бірінші ор­ында тұр. Мәскеу қалалық заңнамасын­да ау­мақ­­тық бірліктерге, көше­лер­ге, метрос­танция­ларына атау беруді белгілі бір сараптамадан өткеннен кейін Мәскеу үкіметі жа­нын­дағы уәкілетті орган жү­зеге асыратыны жазылған. Бұл атаулар қазіргі заманғы орыс әде­би тілінің сөзжасам, айтылу та­лаптарына сай келіп, стилис­ти­калық нормасына жауап бере алатын, екіұшты мағына тудыр­майтын болуы керек. Ең бас­тысы – метростанцияларының ата­уы жер үстіндегі объек­ті­лер­дің ата­уы­мен үндесіп, қаланың тарихи және мәдени өзіндік ер­ек­ше­­лі­гін бейнелеуі қажет. Жер-су ат­та­рын белгілеу кезінде сол ма­ңай­­да тұратын халықтың қо­ғам­дық пікірі қатаң ескерілетіні және бір шешуші фактор болып са­на­лады. Сол сияқты метро­станция атауы белгілі бір мемлекет есімін тұтына алмайды және оны кеңестік кезеңдегідей Мәс­кеу­дің жекелеген белгілі адам­дарын, Ресейдің және шетелдің азамат­тарын есте қалдыру үшін пай­да­лануға болмайды. Мәскеу метро­станцияларының жаңа та­лапқа сай тоқсаныншы жыл­дары «Чистые пруды», «Лубянка», «Воробьевые горы», т.б. бо­лып өзгергені, ал жаңа стан­ция­ларды негізінен тарихи-гео­гра­фиялық ерекшеліктеріне байла­ныс­ты атау дәстүрі қалып­тас­қаны сондықтан. Болашақ «Ал­маты» станциясының Алматы кө­шесіне жақын жерде бола­тын­дығының осындай себебі бар. Мәскеудің Оңтүстік әкімші­лік округіндегі қалаішілік муни­ци­палдық құрылым – Братеево («Алматы» станциясының қазір­гі жобалық атауы) ауданына қа­рай­тын Алматы көшесі 1985 жы­лы Қазақстан астанасының құр­меті­не қойылған. Көше бо­йы­на бірнеше муниципалдық-әкім­ші­лік мекемелермен қатар, көп­те­ген қоғамдық-әлеуметтік объек­ті­лер, фирмалар, дүкендер, бала- бақшалар, емханалар, орта мектеп, шаштараз, т.б. орналасқан. Мәскеуде ел атымен атала­тын, 1952 жылы ашылған бір ғана «Белорусская» метростан­ция­сы бар. Оның мәрмәр панно­лары осы елге қатысты тақы­рып­тарды бейнелейді. Аталған стан­цияны жобалауға, салуға қа­тыс­қан үш адам кезінде сол заман­ның дәрежелі атағы – Сталиндік сыйлыққа ие болған екен. Әрине, Мәскеу метрополитені бойынша өткен дәуірді бейнелейтін жекелеген ұғым-сөздер («Ком­­сомольская», «Марксистская», т.б), орыс тарихында орны бар дара тұл­ғалар құрметіне қойылған («Тур­геневская», «Маяковская», «Пушкинская», т.б.) атаулар кездеседі. Бірақ бұлар көп жағ­дайда сол ма­ңайдағы бұрыннан бар көше­лерге, даңғылдарға, т.б. осын­дай жерүсті объектілеріне байла­ныс­ты аталған. Ал еларалық қа­рым-қа­тынас тұр­ғы­сынан алған­дағы бай­ла­ныстар негізінен «Киевская», «Риж­ская», «Варшавская», «Пражская», «Римская», «Братиславская» болып келетін қалалар атымен атау бағы­тымен орныққан. Мысалы, 1954 жылы ашылған «Киевская» станциясының безендірілуі орыс және украин халық­та­ры достығы тақырыбына арнал­ған. 1958 жылы ашылған «Рижская» станциясының сәулеттік жо­басын ригалық сәулеткерлер жасаған. Мұнда Рига зауыт­та­рын­да әзірленген керамика барынша көп пайдаланылып, әрлеу жұмыс­тарын Латвия шеберлері жүргіз­ген. 1969 жылы пайдалануға берілген «Варшавская» станциясы­ның аты айтып тұрғандай, оның ішкі безендірілуі Варшава қала­сы­ның кескінді бейнелерімен ұш­та­сады. 1985 жылы іске қосылған «Пражская» станциясының көр­кем­дік-сәулеттік безендірілуін чех шеберлері жүргізсе, құрылыс жұмыстарын кеңестік және чехословак метро салушылары бірлесіп атқарған. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде тағы екі станция пайда болды. Оның бірі – 1995 жылы пайдалануға берілген «Римская» стан­циясы. Станцияның безендірілу жұмыстарына италиялық сәу­лет­шілер қатысқан. Көркемдеу ісінде Рим қаласының көзге тү­сер көріністері көбірек қам­тыл­ған. Ал 1996 жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқан «Братиславская» станция­сы ресей-словак достығы құр­метіне ашыл­ған. Безендірілу ба­ры­сында Бра­тиславадағы ба­йыр­ғы қорған, бекініс, қамал суреттері пайда­ланылған. Сәтін салса, бұл сапқа «Ал­маты» станциясы да қосылып қалуы мүмкін. Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков метростанция мәселесін Мәскеу қала­сы бас­шылығының назарына тұрақ­ты ұсынумен келеді. Бұған дейін мүмкін болатын нұсқалар ретінде Мәскеу метропо­ли­тені­нің жұмыс істеп тұрған стан­ция­ларының бірін, не алдағы жылдарға жоба­ла­нып, салынып жатқан станциялар арасынан біреуін «Қазақстан» деп атау жайы қарастырылып, бел­гілі бір деңгейде уағдалас­тық­қа да қол жетіп қалып еді. Мүм­кін бола­тын жолдарды саралап, Мәскеу заңнамасының метро­стан­цияға атау берумен байла­ныс­ты қа­лыптасқан ортақ тала­бын ескере келгенде, мәселенің шешімін табудың бүгінгі таңдағы оңтай­лы жолы «Алматы» атауы екендігі байқалып отыр. Мәскеуліктер осымен байла­ныс­ты Алматы метросының бір станциясына «Мәскеу» атауын беру жөнінде тілек білдіруде. Бұл Алматы қалалық мәсли­хаты­ның құзыретіндегі мәселе. Былайша айтқанда, Мәскеудегі «Алматы» станциясының ашы­луы Алма­ты­да «Мәскеу» стан­циясының пайда болуымен тығыз байланысты. Алматыдай ару қаланың есімі күн сайын бірнеше ми­л­лион­да­ған жолаушы жүріп-тұратын Мәс­кеу метросында бір жарым ми­нут сайын аталып жатса, бо­ла­шақ станциясының ішкі бе­зен­дірілуі қазақ халқының тұр­мыс-тіршіл­і­гі­мен, Қазақстан­ның жетістіктерімен бірге өріл­се, төрт­күл дүниеге танымал болған елі­міздің жақсы атақ-даңқы мың сан жолаушы жү­регіне бұрын­ғы­дан да тере­ңі­рек сіңіріле бермей ме? Сол себепті, орайы келіп тұрған істі орта жолда қалдырмай, аталған мәселенің өз елімізге қатысты ж­а­ғын жылдамырақ жүзеге асыр­ған жөн болар еді. Серікқали БАЙМЕНШЕ, «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден.