• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
16 Шілде, 2011

Бекзат өнер жұлдызы

436 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқалы тойымен тұспа-тұс келген күні кешегі Астана күні ме­рекесінің ыстық-суығы әлі бас­ы­­ла қойған жоқ. Мереке аясында өткен ауқымды іс-шаралардың ішінде Қазақстан және Татарстан республикаларының Халық әртісі Нұржамал Үсенбаеваның кон­цер­тінің әсері ерекше болғаны аян. Мерекелік шаралар шымылды­ғын ашқан Нұржамал Үсен­ба­еваның шығармашылық кеші Астана күніне арналған мәдени шаралардың ішіндегі шоқтығы биік әрі тартымдылығымен есте қалды. Қазақ ұлттық опера өнерінің арқауы – ежелден келе жатқан ұлттық фольклорымыз бен тарих түзген халықтық мұра болып та­былады. Осы бекзат өнерді ба­ғын­дырған талант иелерінің ішінде операның әлемдік деңгейдегі жұлдызы, қазақтың күміс көмей өнерлі қыздарының бірі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлы­ғы­ның лауреаты, Барсело­на­дағы Франсиско Виньяс атындағы ха­лықаралық байқаудың лауреаты Нұржамал Үсенбаеваның алар орны ерекше. Астана күні мерекесіне арналған шығармашылық кешінің бағдарламасын опера жұлдызының өзі белгіледі. Ай­тулы концертке ол өзінің шығар­машылық достары германиялық дирижер әрі композитор Пьера-Доминика Поннеляны, чехиялық баритон Филипп Бонджаканы, мәскеулік тенор Роман Муравицкийді және алматылық тенор Медет Чотабаевты арнайы шақыр­тыпты. Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші әншісі ретінде Нұржамал Үсенбаева осы шы­ғармашылық кеште өзінің бойына біткен табиғи талантын, жоғары орындаушылық шеберлігін бар­лық қырынан танытты. Ол ария, дуэт және трио сияқты клас­си­калық  концерт нөмірлерімен қа­тар жеке орындауында қазақтың халық әндерін де құйқылжыта шырқады. Астана мемлекеттік филармониясының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен опера жұлдызы орындаған бүгінгі заман әндері де, оперетталар мен мюзиклдерден алынған көңілді ариялар да шығармашылық кеш­тің барынша көңілді де тартымды өтуіне игі әсер етті. Германиядан осы шығарма­шылық кеш үшін арнайы келген Пьер-Доминик Поннелдің дири­жер­лығымен Нұржамал Үсен­баева Россини, Гуно, Понсе, Делибо, Чайковский, Леонкавалло  және басқа еуропалық компози­торлардың дүлдүл шығарма­ларын шырқады. Атақты дири­жердің сүйемелдеуімен опера әншісі Нұржамал Үсенбаева бұл бекзат өнерді орындаушылық ше­берліктің шыңына шығарып, сахна сәніне айналдырды. Сонымен бірге, ол сахнада өзін еркін ұстау өнегесін көрсете отырып, Ричард Рожерстің «До-ре-ми» мюзиклінен алынған үзінділер кезінде балалар хорының қатысуымен сах­наны кішігірім спектакльге ай­налдырды. Шығармашылық кештің екінші бөлігінде оркестрге Абзал Мұ­хитдинов дирижерлік етті. Осы дирижердің сүйемелдеуімен Нұр­жамал Үсенбаева орындаған Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» зал толы тыңдармандарының құ­лақ құрышын қандырып, концерт залының шырқау биігінде ұзақ уақыт шарықтап тұрып алды. Елорда мерекесіне арнаған өзінің шығармашылық кешінде опера жұлдызы Нұржамал Үсен­баева Кальманның «Сильва» опе­раттасынан, Федерико Лоудың мюзиклінен ариялар орындап Эндрю Ллойда Уэббераның «Приз­рак Операсынан» үзінділер орындады. Осы әлемдік шығар­маларды тыңдармандар назарына ұсынған кезде опера жұлдызын прима-балерино Гулфайруз Құр­манғожаева бастаған балет тобы мың бұралған би ырғағымен қолдап отырды. Бірнеше сағатқа созылған шығармашылық кеш Нұржамал Үсенбаеваның тарлан талантын барлық қырынан таны­тумен бірге, зал толы жұртты шынайы өнерге барынша там­сандырумен өтті. Кеш соңында Нұржамал Үсен­­баева осы концертке қатыс­қан барлық өнер шеберлерін сах­наға шығарып, Вердидің «Трави­ата­сынан» үзінді орындады. Жез таңдай әншінің күміс көмейінен төгілген ашық та әуезді әуен бір­де-бір тыңдарманын бейжай қал­дырмады. Міне, Астана күні мерекесіне арналған бекзат өнер жұл­дызының шығармашылық кеші осындай әсермен есте қалды. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.