Вильнюс қаласында (Литва) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров қатысқан «ЕҚЫҰ аймағындағы ұлттық құқық қорғау институттары» тақырыбында конференция өтті.
Бірқатар елдердің ұлттық құқық қорғау институттары басшыларының қатысуымен өткен бұл іс-шараны ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы – Литва Республикасы мен БДИПЧ/ЕҚЫҰ бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция барысында қазақстандық Омбудсмен конференцияға қатысушыларды Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесінің елдің Парламентімен, сот жүйесімен, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу тәжірибесімен, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету саласында мемлекет қызметінің негізгі бағыттарымен таныстырды.
Конференция шеңберінде А.Шәкіров Ұлттық құқық қорғау институттарының халықаралық үйлестіру комитетінің басшысы Рослин Нунанмен, оның Еуропалық бөлімінің басшысы Алан Миллермен, сондай-ақ Ұлттық құқық қорғау институттарының Азия-Тынық мұхиты форумының президенті Кирен Фитцпатрикпен кездесті.
«Егемен-ақпарат».