Бұрын баспасөзде жемқорлардың «шабақтары» ғана қармаққа ілініп, «шортандарының» шоршып жүргені көп айтылатын. Одан бері заман өзгерді. Өмір ағынымен бірге су бетіне талай «шортан» шықты. Құрыққа ілінді. Жазасын тартты. Бірақ жемқорлар бұдан аяғын тартпай тұр.
Оған мына сөзіміз дәлел. Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының жедел жұмыстар жөніндегі орынбасары Жалғасов осыдан бір жыл бұрын С.Тоқмамбетовті өзіне шақырады. Кабинетке келген Тоқмамбетовті құзырлы органның өкілі тоқпаққа алады. «Сен есірткі сатумен айналысасың. Үстіңнен арыз бар», дейді. Түкке түсінбеген Тоқмамбетов өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Жалғасов болса, өз сөзін қайталай береді. Оның аяғы қинау-қыстауға ұласады. Жасамаған ісін Тоқмамбетов қайдан мойындасын? Үзілді-кесілді бас тартады. Содан Жалғасов күдіктің сейілмегенін, істің әлі қозғалатынын айтып Тоқмамбетовті босатады.
Былтырғы жылдың желтоқсанында Жалғасов Тоқмамбетовке мынандай мәтіндегі хат жазады: «Облыстан арнайы бригада келіп, жұмыс істеді. Бірақ мен саған оларды тиіскізбедім. Енді жылдық есеп тапсыру үшін облысқа бара жатырмын. Жолай бригада басшыларына соғамын. Соған 4000 доллар беріп жібер». Хатты өзінің жүргізушісі М.Ақмамбетов арқылы беріп жібереді. Арада он күн өтпей Тоқмамбетовтің үйіне учаскелік полиция іздеп келеді. Дәл сол кезде ол үйінде болмайды. Содан тықырдың таянғанын сезген ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментіне арыз түсіреді. Арызында Жалғасовтың қызмет бабын пайдаланып, заңсыз айып тағып, 4000 АҚШ долларын бопсалап отырғанын айтады.
Содан Тоқмамбетов Жалғасовпен кездескенде оның талабына келіскен сыңай танытып, бірақ, 4000 долларды бере алмайтынын айтады. Дегенмен, сол күні 150 мың теңге тауып беруге уәде береді. Анау оған келіседі. Сөйтіп, жеңіл олжаны олжалап қайтуға жүргізушісін жібереді. Жүргізуші Ақмамбетов 150 мың теңгені алып жатқан кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлерінің құрығына түседі. Сөйтіп, ҰҚКД қызметкерлері М.Жалғасовқа ҚК-тің 177-бабы 3-бөлігінің «г» тармағы, жүргізуші М.Ақмамбетовке қарсы ҚК-тің 177-бабы 2-бөлігінің «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол қаржы полициясына жолданады.
Ақмамбетовтің осындай оңай олжаны талай рет бастығына әкеліп бергені күмәнсіз болса керек. Өз басын аман алып қалу үшін мәселенің мән-жайын толық айтып, істің тез бітуіне қал-қадерінше көмек қылады. Осыны ескерген прокуратура өкілдері оны қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Ал Жалғасовтың ісі қызметін жеке пайдасына пайдаланғаны үшін деген айыппен сотқа өтеді. Сот оны 5 жылға кеседі.
Ал «Арал аудандық Мәдениет үйлері мен клубтары» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының есепшісі Жасақбаева осы аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Әбілғазиеваның үстінен қаржы полициясының өкілдеріне арызданады. Арызды инспектор Ахметов тексеруге алады. Өзін ақтап алудың жалғыз жолы пара беру деп ойласа керек, Әбілғазиева қаржы полициясының қызметкеріне 200 мың теңге беріп, мәселенің өзіне оң шешілуіне ықпал етуін сұрайды. Аудандық қаржы полициясының қызметкері сол мезетінде облыстағы басшылығына мәлімдеме жазады. Сөйтіп, Әбілғазиева пара беру үстінде қолға түсті.
Сөйтсе Әбілғазиеваның мұнан да өткен кінәсі көп екен. «Қыз Жібек» деген дүкенге пара беруші 52 мың теңге қарыз болыпты. Оны жаңағы айтқан Жасақбаеваның қалтасынан төлеттіріпті. Онымен қоймай хатшысы арқылы 27100 теңге алдыртыпты. Одан кейін жеке есеп-шотына тағы 20 мың теңге аудартып алыпты. Қысқасы, Әбілғазиева Жасақбаеваны теспей сорған ғой. Алайда, бір таңғаларлығы, Арал аудандық соты оған ҚК-тің 63-бабын қолдану арқылы 2 жыл сынақ мерзімін ғана белгілепті. Осыдан кейін жең ұшынан жалғасқан жемқорлық пен бармақ басты, көз қысты сыбайластық қайдан тыйылсын.
Ержан БАЙТІЛЕС,
Қызылорда облысы.