Шаласауаттылар мемлекеттік рәмізді қашанға дейін қорлай береді?
Мемлекеттік Ту – еліміздің ең қастерлі рәмізі. Президентіміз өзін ұлықтауға арналған салтанатты сәтте басын иіп, ең алдымен туған мемлекетінің Туын сүйеді. Елбасымыз шетелге іссапарға барғанда өз рәмізінің әлгі елдің Туымен бірге желбіреп тұрғанына және марқаяды. Сосын... үздік спортшыларымыз Олимпиада ойындары мен әлем, Азия чемпионаттарында жеңіс тұғырына көтерілгенде оң қолын жүрегінің тұсына қойып, Әнұран әуенімен әуелеп бара жатқан туған елінің Туына тік қарап тағзым етеді. Осылай да осылай тізе берсек, тәуелсіздігінің жиырма жылдығын торқалы тойға ұластырғалы отырған еліміздің ең басты рәміздерінің бірі – мемлекеттік Тудың қадірі мен қасиетін айтып тауыса алмаспыз, сірә.
Бірақ, өкінішке қарай, кейде бізде осы қастерлі рәмізді құрметтеу, оны жеке бастың мүддесінен жоғары қоя білу жағы кемшін түсіп жатады. Жақында, атап айтсақ, мамыр айында Жамбыл облысындағы «Сортөбе» бақылау-өткізу бекетінде еліміздің мемлекеттік Туының «аяғы аспанға қарап» тұрғанын бір әріптесіміз суретке түсіріп алыпты. Бұған жол берген осындағы бас маман Р.Хасенов екен. Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің бастығы М.Сатыбалдиннің жергілікті басылымдардың біріне берген жауабына сүйенсек, әлгі қызметкер туды ауыстыру кезінде «байқамаған». Сол үшін тәртіптік жазаға тартылыпты-мыс. Біздіңше, ол шығарып салма жауап сияқты. Өздеріңіз ақылға салып көріңіздерші, құрметті оқырман, егер фототілшінің қырағы көзіне ілікпегенде әлгі «төңкерілген» Туымыз кеден қызметкерлерінің сауатсыздығын әшкерелеп қанша уақытқа дейін тұра берер еді. Ал ары да бері ағылған шетелдіктер, олардың ішіндегі Борат сияқты сайқымазақтар күлкі ғып, онымен қоймай келеке-мазақ үшін суретке түсіріп алса ше?!.
Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының жанындағы мемлекеттік тілді оқыту орталығының қызметкері А.Бауыржанұлы жақында тағы бір өрескелдікті фото нысанаға алыпты. Футболға әуестердің ермегі үшін жасалған доптың бүйіріне... о, тоба, қабырғалы Қазақ елінің Туы бейнеленіпті. Ең биік, ең құрметті орында асқақтап тұруға тиісті қастерлі рәміздің суреті аяқ асты, шаң үстіндегі допқа бейнеленгенін көріп жағамызды ұстадық. Доп жасайтын фирмаларға «бәленбай данасын жасап бер» деп тапсырыс беретін кәсіпкерлер бұл идеясымағымен не айтпақ? Біздің білетініміз, бұл – туған елінің Туына деген құрмет емес.
Сөз басында, мемлекеттік Ту – еліміздің ең қастерлі рәмізі, ел Президенті өзін ұлықтауға арналған салтанатты сәтте басын иіп, ең алдымен туған мемлекетінің Туын сүйеді дедік. Ендеше, тәуелсіздігінің жиырма жылдығын торқалы тойға ұластырғалы отырған еліміздің ең басты рәміздерінің бірі – мемлекеттік Тудың қадірі мен қасиетіне жете білейік, отандастар!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Жамбыл облысы.