Орынбордың орны бөлек... Сол сияқты, Алаш тарихында Ақмешіттің де алар орны айрықша. Қиын-қыстау заманда қазаққа астана болған, елдік маңызы бар мәселелердің шешілу орталығына айналған қаланы қалай әспеттесек те жарасады.
Астана күні қарсаңында белгілі өнер және спорт саңлақтары, ардагер құрылысшылар, азаматтық институт өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары құрылысшының киімін киіп, игілікті шара өткізді. Сөйтіп, «Астана ықшамауданын бірге саламыз» деген ұранның аясына бірігіп, Қызылордада жаңадан іргесі қаланып жатқан аудандағы құрылыс жұмысына белсене араласты. Сөйтіп, Астана мерекесі тағы бір игілікті іске бастау болды.
Жалпы, биыл Қызылордаңыз үлкен құрылыстың алаңына айналғанға ұқсайды. Осы күннің өзінде 40 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Жалпы, құны 30 миллиард 579 миллион 50 мың теңгені құрайтын бұл жұмыс қазір қарқынды жүріп жатыр.
«Астана» ықшамауданы деген не? Бұл Ақмешіт атырабының елордаға құрметі. Айналасы 500 гектар жерді құрайтын жаңа ауданның атын осылай атап отыр. Болашақта Қызылорда қаласының орталығы да осы жер болмақ. «Астана» ауданының болашақтағы келбетін көрдік. Егер, жоба осы күйінде іске асатын болса, бұл ауданда адам жанына керектің бәрі болмақ. Әрі-беріден соң, облыстық әкімдіктің ғимараты да сонда көшеді. Онда барлық басқармалар мен департаменттер орналасады. Облыстағы шығармашылық өкілдерінің басын қосатын «Шығармашылық үйі» де сонда орын теппек. «Сыр сұңқары» спорт кешені, «Интергазстрой» мекемесінің ғимараты, мемлекеттік қызметшілерге арналған қызметтік үй, 2 балабақша биыл бітіп, ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, 200 орындық емхана, 12 арендалық үй, мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ең бастысы, осы ауданда «Сыр ана» мемориалдық ескерткіші орын тебеді. Оның ең басында қаланың әр бұрышын көруге болатын алаңқай болады. Алыстан қарағанда, ананың кейпін көзге елестететін ескерткіш, Астананың Бәйтерегі сияқты, Ақмешіттің де брендіне айналмақ.
– Астана – ел тәуелсіздігінің символына айналды. Елбасы мен елорда егіз ұғым. Ежелгі астана ретінде, біз де елордамыздың атын асқақтауды ойлаймыз. Сөйтіп, жаңадан салынып жатқан шағын ауданға «Астана» атын беріп отырмыз, – дейді қала әкімі Мархабат Жайымбетов.
Акцияға қатысқан әрбір азамат «Астана» шағын ауданында кірпіш қалады, құм тасыды, цемент араластырды. Қысқасы, құрылысқа білек сыбана кірісті. Бұл да елдік маңызы бар іс-шара. Өйткені, Астана ортақ. Ал ортақ іс жұмыла кіріскенде ғана бітеді.
Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.