Мұрат Өнал – Еуропа алаңдарында ойнап жүрген жалғыз қазақ футболшысы. Түркияда туып-өсіп, Еуропаға көшкен қандасымыздың баласы. 6 жасынан бері футболмен айналысады. Қазір Голландияның бірінші лигасындағы «Волендам» командасының шабуылшысы. Жасы 24-те. Голландияның 14,16,17 жас санатындағы ұлттық құрамаларында ойнаған. Бүгінге дейін Голландия және Бельгияның «Амстердам», «Брюгге», «Ден Хааг», «Волендам» командаларында өнер көрсеткен. Арманы – Қазақ елінің ұлттық құрамасында ойнау.
– Футболмен қашан және қайда айналыса бастадың?
– Амстердамдағы «Веспуччи» әуесқой командасының футбол мектебіне 6 жасымда қабылдандым. Алғашқы қадамым осы мектепте басталды.
– Кәсіпқой футболшы ретіндегі ойын өрнегің қай командада басталды?
– 17 жасымда жастар арасында үздік шабуылшы атандым. Сосын сол жылы Бельгияның ең мықты клубтарының бірі «Брюггеге» өттім.
– Голландия жастар құрамасында ойнаған екенсің. Бұл құрама сапында қандай жетістіктерге жеттің?
– 16 жас санатында Оңтүстік Америкадағы Аруба қаласында өткен турнирде финалға дейін жеттік.
– Футболшы ретінде сенің ең басты қасиеттерің қандай және жалпы Голландияда осы спорттың қандай қасиеттері маңызды болып саналады?
– Голландия футбол мектебі әлемдегі ең мықты мектептердің бірі. Еуропаның үлкен командаларында кем дегенде 1-2 голландиялықты көре аласыз. Бұл елде кәсіпқой футболшы үшін техника, жылдамдық, күш және ең бастысы ақыл маңызды фактор болып саналады. Бұлардың біреуі кем болса, ойнай алмайсыз. «Сенің ең жақсы қасиеттеріңнің бірі – оңай гол соғуың», – дейді бапкерім.
– Еуропа алаңдарында доп теуіп жүрген басқа қазақ футболшылары бар ма?
– Жоқ. Көре алмадым.
– Еуропа қазақтары Қазақстан командаларының еуротурнирлердегі ойындарына бара ма? Жалпы, қазақ командаларының ойындарын қадағалап жүре ме?
– Иә, ойындарға барып тұрады. Қазақ болғандары үшін. Өйткені, Қазақстан біздің еліміз. Барлық турнирлерді қадағалаймыз деп айта алмаймын. Бұл жақта тек CaspioNet қана көрсетеді. Ал ол арна ойындарды толық бермейді. Одан тек қысқаша мазмұнынан ғана хабардар болумен шектелеміз.
– Ал өзің қазақ футболы туралы не білесің? Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағың келер ме еді?
– Мен тек қана «Ақтөбені» білемін. Қателеспесем, өткен жылы Еуропа лигасында Голландияның күшті клубтарының бірі «АЗ Алкмаармен» ойнады. Қазақстанға бір қазақ баласы ретінде кез келген көмегім тиіп жатса, бұл мен үшін орындалған арман болар еді. Әсіресе, ондай көмегім футбол арқылы болса, мен үшін ол үлкен бақыт!
– Арно Пайперс кезеңінде Қазақстан ұлттық құрамасының Голландиядағы оқу-жаттығу жиынына шақырылыпсың. Бірақ команда сапынан көре алмадық. Қандай себеп болды?
– Иә, Голландиядағы жиынға шақырылдым және жолдастық кездесулердің біреуінде ойнадым. Гол да соқтым. Мені жақсы қарсы алған еді құрамадағы жігіттер. Ол кезде 19 жаста едім. Университетте оқитынмын. Арно Пайперс Қазақстанға шақырды. Бірақ дәл сол кезде оқуыма байланысты ешқайда бара алмадым.
– Қазіргі жаңа бапкеріміз чех Беранектен шақыру алсаң, құрамада ойнар ма едің?
– Әр қазақ баласы үшін бұл үлкен мақтаныш. Әрине, Қазақстан ұлттық құрамасында ойнағым келеді!
Әңгімелескен Аршат ОРАЗОВ.