Женева қаласында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 102-сессиясы аясында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіні орындау барысы туралы баяндаманы қорғау рәсімі болып өтті. Бұл Қазақстанның 2005 жылдың қарашасында қабылданған пакт рәсіміне сәйкес алғашқы баяндамасы болып табылады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанда адам құқықтарын қорғау мен сақтау барысында ұлттық тетіктерін жетілдіру жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы жан-жақты хабардар болды. Делегация мүшелері мен Комитет сарапшылары арасында сындарлы сұхбат өрбіп, Қазақстанның тәуелсіздік алған кезінен бергі демократиялық және саяси дамуының мәселелері қаралды. Сарапшылар тарапынан осы қысқа тарихи жылдар ішінде елдің орасан жетістігі, соның ішінде экономикалық даму, ішкі саяси тұрақтылық, құқықтық саясат саласындағы реформалар мен азаматтық қоғам институттарын нығайту барысы атап өтілді.
Еліміздің арнайы делегациясы БҰҰ Комитеті мүшелерінің барлық сұрақтарына толыққанды жауап қайтарды. Таяу арада БҰҰ Комитетімен Пакт ережесін одан әрі жүзеге асыру туралы ұсыныс шығарылатын болады.
«Егемен-ақпарат».