Халқымыз ырымға жақсы қарайды. Неше түрлі түс көрсе де, жақсыға жоруға тырысады. Әлбетте, мұнысы дұрыс та. Жақсылықты жақсылық шақырады емес пе?! Халқымыз: «Жақсы сөз, жарым – ырыс» дейді. Әңгімені бұлай бастауымның да жөні бар. Наурыз айының ортасы еді. Президент сайлауына үгіт-насихаттың нағыз қызған кезі болатын. Сол уақытта өзімнің жеке қожалығымдағы саулықтың бірі төлдеді. Кәдімгі көк қозы, оң бүйірінен «Н» әрпін көріп: «Осы сайлауда тұңғыш Елбасымыз Нұрекең айқын басымдықпен жеңіске жетеді екен», – деп ауыл ақсақалдары болып, жақсылыққа жорыдық.
Бүкіл әлем танып, мойындаған Елбасымызды мақтан етеміз. Бүкіл ауыл болып, сайлауда даусымызды да бердік. Аса зор басымдықпен сол сайлауда жеңіске жетті. Елбасымыздың бастауымен елімізге Алла тағала небір игіліктерді нәсіп етуде. Есіл өзені жағалауынан аз уақытта керемет ертедегідей әсем қала Астананың бой көтеруінің өзі не тұрады?! Қазақстан былтыр ЕҚЫҰ-ға, ал биыл 57 мүше елі бар Ислам ынтымақтастығы ұйымына төраға болды. Мұның өзі тәуелсіздігін алған 20 жылдағы зор жетістік емес пе?!
Кешегі көк қозы бүгінде марқаға айналды (суретте). «Н» әрпі сырт көзге де анық айқын көрінеді. Бұл әріпті Елбасының есімімен байланыстырушы ауылдастарым оны көрген сайын кешегі сайлауды еске алады.
Асқар ӘЛІБЕКОВ, Ынтымақ ауылындағы жеке қожалық иесі.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданы.