• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
20 Шілде, 2011

Жүлделі орын жеткізбей тұр

496 рет
көрсетілді

Осы күндері Қытайдың Шанхай қаласында су спорты түрлерінен әлем чемпионаты өтуде. Оған әлемнің көп­те­ген елдері қатысуда. Солардың ара­сын­да бірнеше рет Олимпия ойындары мен әлем чемпиондары болған Майкл Фелпс, Ален Бернар, Райен Лохте, Усса­ма Мелоун сияқты атақты спорт­шылар бар. Әзірше бұл бәсекеде Қазақстан спорт­шылары көңіл көншітерлік нәтиже көр­сете алмай келеді. Синхронды жүзуден өткен жұптық сында Анна Кулкина мен Әйгерім Жексембиева 17-ші орынды иеленді. Ал жекелей сында (соло) өнер көрсеткен Анна Кулкина 13-ші орын алып, финалдық ке­зең­ге шыға алмады. Оған тек 12-ші орын­ды иеленген спортшылар ғана жіберіледі. Су добынан Қазақстан құрамасы ал­ғашқы ойынында Венгриядан 21:6 есебімен ұтылды. Енді әйелдер командасының келесі қарсыласы – Голландия құрамасы. Ал Голландия болса, алғашқы ойынында АҚШ-пен 7:7 есебімен тең түсті. Еліміздің ерлер командасы Испаниямен кездесіп, олар да 18:5 есебімен жеңілді. Ерлер де әйелдер де өз топтарындағы ойындарын осылайша сәтсіз бастады. Ерлер құ­рамасының бас бапкері Сергей Дроздов Венгрия, Испания, Черногория ел­дері спорт­шыларымен барынша иық теңестіріп бәсе­ке­лесуге тырысатындарын айтқан. Қа­рап отыр­сақ, біздің командамызға аталған азулы құ­ра­малармен тең дәрежеде ойнау оңай емес сияқты. Әйелдер командасының да қар­сы­ластары оңай шағылатын жаңғақ емес екені көрініп тұр. Голландия мен Венгрия әлемнің бірнеше дүркін чемпион­дары. Осы жерде Тараздың «Айша-бибі» клубынан құралған еліміздің бас ко­ман­да­сының жарыста мил­лион­даған жан­күйер­лердің алдында жанкештілік ойыны­мен, жеңіске деген жігерлігімен жақсы әсер қалыптастырып кетсе екен деп тілейміз. Су добынан ойындар өтіп жатқан кезде синхронды жүзуден жұптық кездесудің тех­ни­ка­­лық жаттығулары аяқталды. Бұл сында бас жүл­дені Ресей құрамасы, күміс медальді Қы­тай, қола жүлдені Испания иеленді. Суға секіруде Қытай қыздарына тең келетін ешкім бол­ма­ды. Олар бұл жарыста төрт бірдей алтын алды. Әлем чемпионатында су добы, синх­ронды жүзу, суға секіру, жүзуден болсын Қазақстан спортшыларының әлі бір жақсы нәтижесін көре алмай отырмыз. Осы ретте чемпионат тұрмақ, біздің әлемдік бәсеке­лер­дің ешқайсысында әлі жұлдызымыз жан­бағанын айтуға тура келеді. Бұл жерде бір ғана мәселе бар екенін айту керек. Ол – білікті бапкерлердің жоқтығы. Әйтпесе, жұптық сында 17-ші орынды, жекелеген жарыста 13-ші орын­ды алған Анна Кулкина, Әйгерім Жексембиева, Әйгерім Анарбаева, Әйгерім Исаева, Айнұр Керей, Әмина Ермекханова, Ай­сұлу Наурызбаева сияқты суда мың бұ­ралған аруларымыздың «бағын» аша­тын бапкерлер болса, олар бізге судан жүл­дені санап тұрып алып берер еді ғой дейсің. Су спортынан биыл 14-ші рет жа­лауын көтерген жарыс 31 шілдеге дейін жал­ғасады. Осы уақыт ішінде спорт­тың 5 түрі бойынша 66 медаль жиынтығы сарапқа са­лынады. Суға секіру, жүзу, ватерпол, ашық суда жа­рыс, және синхронды жүзу­ден сындар өтеді. Дастан КЕНЖАЛИН.