Жарақаттанушылық бүгінгі күні ерекше көңіл аударарлық мәселелердің бірі. Олай дейтініміз ауру-сырқат, уақытша еңбекке қабілетсіздік пен түбі өлімге алып келетін көрсеткіш бойынша жарақаттанушылық қауіпі екінші орында тұр екен. Нақты мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын Қазақстан бойынша 600 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алса, соның 22 пайызын балалар құрайтын көрінеді. Соған орай Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында жасалынатын операциялар санының артуына байланысты операциялық, жансақтау және қабылдау бөлімдерін кеңейту мәселелері аса жауапты міндет болып отыр. Мұндай маңызды мәселелерді дер кезінде шешудің өзі де сауапты іс болатынын білген ведомство басшылары жуырда көңілге қуаныш ұялататын сүйінші хабар айтты.
Яғни, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Астанада Денсаулық сақтау министрлігінің Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында министр Салидат Қайырбекованың қатысуымен жаңа 4 қабатты операциялық блок ғимаратының ашылу салтанаты болып өтті. Ғимараттың жалпы ауданы 8 726 шаршы метр болса, жобаның жалпы құны 2 млрд. 682 миллионнан астам теңгені құрайды.
Жаңа операциялық блок ғимараты қабылдау-диагностикалық, операциялық, анестезиологиялық, жансақтау және интенсивті терапия, орталық зарарсыздандыру және кір жуу бөлімдерінен тұрады. Қабылдау-диагностикалық бөлімі жедел және жоспарлы түрде әкелінетін науқастарды қабылдауға, алдын-ала диагноз қоюға және емдік көмек көрсетуге арналған. Ал операциялық блокта ауаның ламинарлы ағыны қамтамасыз етілген 9 «таза» операциялық зал бар және онда ең озық құрал-жабдықтар орнатылған. Онда буындар ауырғанда немесе жарақат алған кезде, омыртқаның туа біткен немесе жүре пайда болған ауруларын жоғарғы технологиялар көмегімен емдеуге мүмкіндік жасалған.
Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.