• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Шардараның ырысы – күріш пен қант

512 рет
көрсетілді

“Рахман ТБ” фермер­­лік ша­руа­шылығының төрайымы Тастанова Ұл­­­жалғасты тұрғыластары еркелетіп “біздің Зы­ли­ха Там­шы­баевамыз” де­й­­­­ді екен. Несі бар жақсы теңеу. Қазақта талантты жазушы, ақындар көп. Әбіш Кекілбаев, Мұх­­тар Мағауиндер сынды мар­­қасқалары бар қазақ про­засы әлемдік биікке көтерілсе де, біреуді мақ­­тау керек болса Ресей­дің Шолоховына те­ңеп жатамыз. Ол дең­гей­ден асып кетсе де. Қазақтың талантты бір қызы атақ­ты Зылиха Там­шы­ба­е­ва­ның ізін ба­сып жатса қуану керек. Шардара тұрғай, Оң­түстікте жоқ кәсіпке, тәуекелдің жел қа­йы­ғына мініп қант зауытын салмақ болып талаптанып жатқан аймақ­қа арнайы бардық. Бұрын-соңды Шардараға өткенде теңіз жақ қол­тықта сары бел болып, тілім-тілімі шығып жататын адырдың бетіне жасыл бояу түскен. Тал-да­рақ­тар көтерілген. Қант қызылшасы өсіріліп жатыр. Аудан әкімі Марғұлан Марай­ым көп жылдар бойы кәсіпкер­лікпен айналысқан. Кейін білгенін ғылыммен ұштастырған азамат. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік қауіпсіздігін зерттеу басқармасының анықтауы бойын­ша белгілі бір өнімнің 25 пайы­зын өз елінде өндіре алмаған мем­лекет өзгеге кіріптарлықтан құ­тыла алмайды. Қазақстанда қант­қа зәрулік үлкен. Кеңес Ода­ғы кезінде жаманды-жақсылы жұ­мыс істеп тұрған оншақты зауыт­тың қазір үшеуі ғана қолданыста тұр. Соның бірегейі Ақсу қант зауытын сол кездегі Ақсу ауда­нының әкімі Қалимолда Байболов күн-түн қатып, зорға іске қосқа­ның білеміз, арнайы мақала жаз­ған­быз да. Бүгінде қант шаруа­шы­­лығын­да мақтанатындай жағ­дай жоқ. Шикізат сырттан та­сы­малданады. Салыстырмалы түрде алсақ 3-5 пайыз ғана қант шығара аламыз, қалғаны сырттан әкелінеді. Осының бәрін бағамдаған, зерт­теген, жеті өлшеп бір кескен аудан әкімі кәсіпкер Ұлжалғас Тастановаға өтініш айтады. Тү­бінде қант қызылшасы көл-көсір пайда әкеледі, елдің бір жыр­тығын бүтіндейсіз деп. Ұлжалғас Рахманқызы – 80 тү­тіннің бар үлесін бөліп беріп, екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстатқан, бетіне қарап отырған кәсіпкері. Тақырға дән өспейді. Салмақ салғанымен Марғұлан Марайым бас-көзге қарамай атқа жайдақ шабатын телпекбай емес. Қазақ ауыл шаруашылығы инс­титутының қант қызылшасы және оның өнімдерімен айна­лы­са­тын бөлімінің профессор, академиктерімен ақылдасады, Шар­дараға шақырады. Жердің қант қызылшасын өсіруге бейім, бейім еместігін анықтайтын сынамасын алдырады. Бұл 2008 жылдардың ортасы еді. Шардараға арнайы шақыртумен Молдовия, Германия мемлекеттерінен ғалымдар ат шалдырады. Бәрі мақұлданғаннан кейін ғана Жаркенттегі жоғары сапалы қант қызылшасының ұры­ғын өсіретін “Қамқорлық” шаруа­шылығына тапсырыс беріледі. Қант қызылшасы – тек қант қана емес. Одан кондитерлік, фар­мацевтикалық өнімдер айы­ры­лады, жеңіл өнеркәсіптің ты­ны­сын ашады. Қалдығы – борда­қылауға қойған малдың қабыр­ға­сына сүбе байлайтын құнды азық. Түйіп айтсаңыз, ішкі нарықтың керегін қамтамасыз ететін, өзгеге жалтақтатпайтын, инвестицияны сыртқа шашпайтын өнім. Елде жақсы іс көрсек, өзіміз жасап жатқандай қуанып, сүйінші сұрауға дайын тұратын басымыз оңтүстікте алғаш рет қант за­уытын салғалы жатқан кәсіпкер келіншекке сүйсіндік. Бұл – оңай тірлік емес екен. Сонау тоқсаныншы жылдардың ішінде ауылдар азып-тозып, елдің алды аудан орталығына баруға ақша таппай қысылғанда “етің тірі ғой, бізді өлтірмессің, үлесі­міз­ді қолыңа алып, тірлік жаса” деп 80 түтін сенген Ұлжалғас Тастанова өзіме сенген ағайынның қо­лын аққа жеткіземін деп пайдасы мол қант зауытын салуға тәуекел етіпті. Семей қаласында тоқтап тұрған қант зауытын сатып алып, Шардарадаға әкелген. Ташкенттен арнайы маман шақыртқан. Алматыдағы жеңіл өнеркәсіп инс­титутының технолог-маман­да­ры­ның мақұлдауын алған. Әйтсе де күні ертең елдің ау­зын қазақстандық тәтті өнімдерге жеткізетін зауыт қаржы қиынд­ы­ғынан құтыла алмай тұр. Зауыт аяғынан толық жүріп кетуі, керек-жарағы үшін 16 млн. теңгедей қа­ражат керек. Былай қарасаң, ақ­шаның буына піскен бір қалта­лының шетелге бір шыққанда шашып қайтатын қаржысы. Зауыт алғашқы жұмысын бастап кетуге 8,5 млн. теңге болса да жетеді. Бірақ, «Максимум» аймақтық ин­вестициялық орталығы банкте «8 млн.-ға кепіл болатын дүние­ле­ріңіз болса сұраған қаржыңызды береміз” дер. Серіктестікте кепілге қоятын­дай 17 үй, 40 гектар суармалы жер, сыры ұшқан демесеңіз жұ­мыс істеп тұрған қант зауытының қондырғылары бар. Сауысқандай сақ, екі шоқып, бір қарап үйрен­ген, талай рет ауыздары күйген банктер, инвестиция орталығы мұны дүние деп санамайды. Сонда қалай? Елбасы шағын және орта кәсіп – экономиканың тіні. Көптеген мемлекеттерді дағдарыс жағдай­ында тоқтап қалған алып концерндер емес, осы шағын бизнес құтқарды. Біз де осы салаға ба­сымдылық беруіміз керек дейді. Елдің болашағын ойлаған қаржы орталықтары күні ертең азық-түлік қауіпсіздігінің бір кемтігіне тығын болғалы тұрған бизнес жобасына көзілдірік астынан қа­рамай, батыл қолдаса болар еді. Деп ойлаймыз ғой біз. Бірақ, “қар­жы жоқ, шарам қайсы” деп отырған Ұлжалғасты көрмедік. “Қар­жы табамын, күзге дейін зау­ытты іске қосамын” дейді. Жақсы тілек істейді. Шардараға сапарда біраз ша­руа­шылықтарды араладық. Жеке кәсіпкер К.Жұмабаевтың күріш ақтау зауыты іске қосылуға дай­ын. Қондырғысы жаңа, Швейцария технологиясы бойынша жұ­мыс жасайды. Күріш – Шардараға таңсық емес. Кеңес Одағы кезінде бүкіл­одақтық рекордтар да алынған. Сұранысы жоғары болған. Ол өткен шақ. Бүгіні – жақсы. Аудан әкімі күріш пен мақта дақылдарының көп жылдық табыстарын салыс­тыр­­­ғанда күріштің пайдасы мол екенін айтады. Түбінде “Қаз­Аг­ро­инно­ва­ция” мекемесімен бірлесіп баяғы жоғары сортты кү­ріш­тердің тұқы­мын айыратын кү­ріш инс­ти­ту­­тын ашпақ ниетте. Диқандар ынталы. Жұмыс сапарында бізбен бірге Шардара ГЭС-нің президенті, об­лыстық мәслихаттың депутаты Құдайберген Ержанов бірге бол­ды. Халық қалаулысы елге дегенде ерек тұратын азаматтардың бірі екен. Аудан әкімдігімен бірлесіп, ескі құрылыстардың есебінен жеті үй көтеруге көмектесіпті. Соның нәтижесінде жеті отба­сын­да қоныс тойы тойланған. Шар­дарада елге керек дегенде белсеніп шығатын азаматтар көп. Ырыс алды – ынтымақ деген осы ғой. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы.