Орталық Қытайда орын алған жол-көлік апаты салдарынан 41 адам қаза тауып, тағы алты адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оқиға жұма күні таңертең болған.
Хэнань провинциясының Синьян қаласында жолмен жүйткіп келе жатқан автобуста табан астынан өрт шыққан. Әзірге оның себебі, салдары анықталуда. Ең басты жорамал салонда тез тұтанатын материал болды дегенге саяды. Бір белгілісі автобуста 35 орындық болса, жолаушылар саны 47 көрінеді.
Грекияға 158, 6 миллиард еуро беретін болды
Еуроның долларға шаққандағы бағамы соңғы екі апта ішінде біршама көтерілді. Аталған валютаның мұншалықты сенімге ие болуы Халықаралық валюта қорының қатысуымен еуроаймақ елдері басшыларының саммитімен байланысты делінуде.
Аталған жиында өңірдегі қаржылық тұрақтылықты сақтау жөніндегі қосымша шаралар жоспары бекітілді және Грекияға көмек көрсету мақсатында құны 158,6 миллиард еуро болатын үшжылдық бағдарлама қабылданды. Төтенше саммит Еуропа одағының президенті Херман Ван Ромпейдің бастамасымен өткен.
Каддафи бүлікшілермен келіссөз жүргізбейді
Ливия басшысы Муаммар Каддафи бүлікшілермен келіссөз жасамайтындығын мәлімдеді. Қазіргі таңда ливиялық диктатордың тағынан бейбіт жолмен кетуі туралы әртүрлі қауесеттер айтылып жүр.
Тіпті, АҚШ мемдепартаменті мен Франция үкіметі Каддафи өкілдерімен кездесіп, осы мәселе барысын талқылаған деген ақпарат та тарап үлгерген. Алайда, Триполи бұл мәселеде оппозициямен келіссөздердің болуы мүмкін еместігін жиі қайталап келеді. Сөйтсе де Каддафи жақтастары тұйықтан аз шығынсыз шығуға тырысуда.
Қоғамдық көлік қатынасын бір тәулікке тоқтатты
Италияда көлік саласының кәсіподақ ұйымдары ереуілді бастады. Осы елдің темір жол көлігі қызметкерлерінің ереуілге шығуынан пойыздар, метро, қалалық автобустар мен трамвайлар тоқтаған.
Соңғы рет көлік транспорт қызметкерлері мұндай жалпыұлттық акцияны үстіміздегі жылдың 31 наурызы мен 1 сәуір аралығында өткізген-ді. Ереуілге шығудың басты себебі, жергілікті көлік саласына бөлінетін қаржының қысқаруы, сондай-ақ жаңа еңбек шартын жасау жөніндегі жұмыстың тұралап қалуында жатыр. Көлік саласының кәсіподақ ұйымдары осы мәселелерді шешуді талап етуде.
291 миллиард доллар жұмсалады
Соңғы бес жылда Жапония үкіметі цунами зардаптарын жою үшін 19 триллион йен (291 миллиард доллар) жұмсауды көздейді. Негізінен бұл қаржылар үстіміздегі жылдың 11 наурызында су шайған инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін қажет.
Мұншалықты қаржы көзін табу мақсатында үкімет шығындарды қысқартып, мемлекеттік активтерді сатуды мақсат етіп отыр. Сонымен қатар, салық көлемі де біршама артатынын болады. Қазіргі таңда аталған қаржылық құйылымға қажетті сома бір ай ішінде толық анықталып, шешім қабылданады деп күтілуде.
Бейресми келіссөздер жүргізілетін сияқты
Бұған дейін аралары бір жылып, бір суып тұрған Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының кезекті форумында бейресми келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Мұндай ақпаратты Ақ үйдегі мәлімет көзі хабарлаған.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл екі ел арасындағы өзара ықпалдасуға деген қадам. Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздер осыдан дәл екі жыл бұрын тоқтап қалған болатын. Енді осы мәселедегі келіссөздер АҚШ, Қытай, Ресей, Жапония және Оңтүстік Корея дипломаттарының қатысуымен қайтадан жалғасын табатын болады.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Мексика билігі орталық Керетаро штатында синтетикалық есірткі дайындау үшін жасырылған 839,5 тонна және 340 мың литр болатын шикізат тәркілеген.
*Өз дәуірінің ең бір танымал Британ суретшісі Люсьен Фрейд 88 жасқа келген шағында өмірден озды. Атақты суретші психоанализдің негізін құрған атақты Зигмунд Фрейдтің немересі. Ол 1922 жылы Берлинде өмірге келген.
*Канада бірнеше жылға созылған келіссөздерден кейін кәсіпкер Лай Чансинді қытайлық тергеушілердің қолына тапсырды. Оған ҚХР аумағына автокөліктерді, темекі мен мұнай өнімдерін және өзге де тауарларды контрабандалық жолмен кіргізді деген айып тағылып отыр.
*Британияның Олимпиада комитеті «Мердок» корпорациясымен Олимпиаданы жариялау үшін жасалған келісім-шартты бұзатындықтарын мәлімдеді.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.