• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Шілде, 2011

Тұрғын үй құрылысында тоқырау жоқ

333 рет
көрсетілді

Егемен еліміздің мерейін тағы бір еңселі биікке көтерген елорда мерекесі ерен оқи­ғалармен ерекшеленіп өтті. Қанатын кең жайып, сәні мен сәулеті жарасқан Астананың күннен-күнге құлпырып, түлей түрленгеніне таңданбайтын ел, тамсанбайтын адам қал­мады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуекелшіл бастама­сымен өмірге келген еліміздің бас қаласы ғасырлар тоғысындағы алып құрылыс алаңына айналғаны ақиқат. Әлемдегі дамыған елдердің өзінде құ­ры­лыс индустриясын тұралатып, қуатты эконо­микаларды рецессияға ұшыратқан жаһандық қаржы дағдарысы кезінде де Астана қаласы құрылысының тоқырауға төтеп бергендігі баршаға аян. Қаржы қиындығы қыспаққа ал­ған сол бір шақта Елбасы бас қаланың ма­ңызды құрылыстарының тоқтамауына, әсіре­се, ал­данып қалған үлескерлердің мүддесін қор­ғайтын тұрғын үй кешендерінің құрылы­сын жандандыруға батыл қадам жасады. Осы мақсат үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөліп, көмек көрсетті. Міне, осындай көрегендік жанашырлықтың нәтижесінде өт­кен жылы қаламызда 1 миллион 300 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. 2010 жылы Астанада үлескерлер про­блемасын шешу мақсатында шешуші жұ­мыстар жүзеге асырылып, жалпы қаламызда бұл проблема үстіміздегі жылы толық шешімін табады деп күтілуде. Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет барлық проблемалық тұрғын үй кешендері құрылысын қаржы­ландыру мәселесін толық шешкенін атап өткен жөн. Сөйтіп, бас қаладағы осындай 61 про­блемалық тұрғын үй кешенінің 28-і биылғы жылдың 1 шілдесіне дейін пайдалануға берілсе, қалған 33 тұрғын үй кешенінің құрылысы жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Астанада барлық қаржы­ландыру көздерінің есебінен жалпы ауданы 633 254 шаршы метр 5538 пәтер пайдалануға берілді. Бас қаламызда құрылыс индус­трия­сының барлық қырлары дамып келеді. Ғасыр құрылысы атанған бас қаланың құрылыс объектілерінде негізінен жеке меншік құры­лыс фирмаларының атқарып жатқан жұмысы ауқымды. Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында жеке салушылар жалпы көлемі 24 140 шаршы метр тұрғын үй құрылысын салған. Бұл 2010 жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 114,7 пайызды құрайды. Астана қаласының кәсіпорындар мен ұйым­дары 2011 жылғы қаңтар-маусымда 96483,8 миллион теңгенің мердігерлік жұмыс­тарын орындаған. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі 83,1 пайызы жеке меншіктегі мердігерлік ұйымдардың, 0,1 пайызы мемлекеттік меншіктегі мекемелердің, 16,8 пайызы шетелдік мердігерлік ұйымдардың үлесіне тиеді. Мердігерлік жұмыстардың жалпы көле­мінің 52,1 пайызын жұмысшылар саны 20 адамға дейінгі шағын ұйымдар, 16,7 пайызын жұмысшылар саны 51 адамнан 250 адамға дейін орташа құрылыс ұйымдары атқарса, 31,2 пайызын жұмысшылар саны 250 адамнан асатын ірі кәсіпорындар орындаған. Астана қаласы статистика департаментінің деректері бойынша, 2011 жылғы қаңтар-маусымында тұрғын үй құрылысына 33939, 9 миллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл 2010 жыл­ғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 123,3 пайызды құрайды. Негізгі капиталға са­лынған инвестициялардың жалпы көлемінде тұрғын үй құрылысында игерілген қаржы үлесі 19,5 пайызға тең. Жалпы, үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 173 844,3 миллион теңгені құрады. Бұл 2010 жылғы сәйкес мерзімімен салыстырғанда 19,3 пайызға жоғары. Жалпы, негізгі капиталға инвестиция тарту мәселесі тұрғысынан келетін болсақ, Астана қаласының республикалық көлемдегі үлесі 9,3 пайызды құрайды. Инвес­тиция­лардың басым бөлігін, яғни 69,1 пайы­зын жекеменшік кәсіпорындар игерген. Жалпы алғанда, алдағы жылдары да Астана қаласындағы тұрғын үй құрылысының қар­қыны баяуламақ емес. Сонымен қатар, үсті­міздегі жылы елордадағы рухани-мәдени ғимараттар қатарына да бірнеше жаңа ірі құрылыс нысандары қосылады. Тәуелсізді­гіміз­дің 20 жылдығы аталып өтілетін тұста қалада 5 мың орындық орталық мешіт, оқу­шылар сарайының ғимараттары ашылады. Сондай-ақ Астанада 1 мың орындық клас­сикалық опера және балет театрының, Тұң­ғыш Президент қоры және кітапханасының ғимараттары бой көтеріп келеді. Ерке Есілдің жағасында салтанат құрған Астана қаласының алып құрылыс алаңындағы қайнаған қызу жұмыс ел экономикасының локомотиві болып қала бермек. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.