• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
27 Шілде, 2011

«Бөтен бала болмайды»

622 рет
көрсетілді

Биыл құрылғанына 20 жыл толып отырған «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымы Мәдениет министрлігінің «Бөтен бала болмайды» жобасын жүзеге асыру барысында «Президент Жолдауы – қазақстандық қоғамдағы жаңа әлеуметтік модернизациялау кезеңі» атты дөңгелек үстел өткізді. Онда жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау аясындағы заңнамалардың орындалуы, балалар өміріндегі ата-ананың алар орны, т.б. мәселелер талқыға түсіп, кеңес мүшелері осыған қатысты ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Елімізде балалардың құқықтары мен заң­ды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі болып отырғанын ескерсек, аталмыш басқосудың көтеріп отырған жүгі бүгінгі уақыт үдесінен шықса керек. «Қазақстандық отбасының әлеу­меттік сенімді кепілдігі» баяндамасында рес­публикалық әйелдер кеңесінің жетекшісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Каюпова тәуелсіз Қазақстандағы жетім балалар мәселесімен алғаш «Бөбек» қоры айналысқанын айта келе, 2002 жылы Балалар құқығы жөніндегі, одан кейін «Отбасылық үлгісіндегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйлері туралы» Заң қабыл­данғанын тілге тиек етті. – Әлеуметтік модернизация жайлы сөз еткенде, біз ең алдымен бала мен ана мәселе­сіне көңіл бөлуіміз керек. Елбасы жариялаған жолдауларда да ана мен бала, әсіресе, балаларды қорғау баса айтылады. Өйткені, бүгінде жетім және ата-анасының қамқорлы­ғынсыз қалған балалардың жағдайы өзекті­лігімен күн тәртібінен түспейді. Мемлекетіміз сол әлеуметтік маңызы зор жобаға көңіл бөліп, балаларымыз неге жетім қалады, оның себебін табуға ден қоюда, – дей келе Нина Әмірқызы мынадай мәліметтерді де келтіре кетті. Мәселен, Қазақстанда 2010 жылы жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балалар саны 38 мың 386 болса, қазақ­стан­дық азаматтар 3100, шетелдіктер 506 бала асы­рап алған. Жыл сайын әлеуметтік төлем­ақы артуда. 2003 жылы бірінші, екінші, үшін­ші бала туылғанда бір реттік 13 мың теңге берілсе, бүгінде ол 45360, ал төртінші, одан көп балаға 75600 теңгеге өскен. Баламен үйде отырған аналар жыл бойына бірінші балаға 8316, ал төртінші және одан көп балаға 13872 теңге алады. Бұл мемлекеттің аналарға көрсетіп отырған қолдауы. Президент 1994 жылы Балалар құқығы жөніндегі бірінші конвенцияға қол қойса, 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар­дың құқықтарын қорғау комитетін құрды. 2010 жылы Қазақстан Балаларды қорғау және шетелдік бала асырап алу қатынасындағы ынтымақтастық туралы Гаага конвенциясына қол қойып, ратификациялаған мемлекеттер тізіміне кірді. Яғни, мемлекет асырап алын­ған балалардың жағдайын кез келген уақытта тексеріп, көңілден шықпаса (шетелде болса да) қайтарып алуға құқылы. Сондай-ақ Нина Әмірқызы елімізде 15 жасқа дейінгі 56, 15-19 жас аралығында 33256 қыз бала түсік жасатып, былтыр кәме­летке жасы толмаған 4256 бойжеткен босан­ған деген деректі алға тартты. «Сондықтан біздер ата-ананың дені сау бала тууына жа-уапкершілігін арттыруымыз керек. Сонымен қатар әр ерлі-зайыптыны бала тағдырына, болашағына жауапкершілікпен қарауға шақы­рып, мемлекеттің осы істі жіті қадағалауына көңіл аудартуымыз қажет», деді ол. Студент жастардың отбасын құру жайын сөз еткен ҚазҰАУ проректоры, педагогика ғылым­дарының докторы, профессор Дина Жүсіп­әлиева университет жастары арасында осы бағытта қандай нақты жұмыс атқарылып жатқанын ортаға салды. – Отбасын құрайтындар негізінен 20-30 жас арасындағы жастар. Сондықтан да университет ректораты студент жастардың тәрбие жұмы­сына назар аударып, оларды ұлттық құндылық­тармен, қазақ халқының салт-дәстүрлерімен сусын­датуға көңіл бөлуде. Осы ретте оқу орнындағы 7 факультеттің әйелдер кеңесінің жетек­шілері гендерлік теңдікті сақтап, жас отбасыларына көмек көрсетіп, қыздар ара­сында этика, эстетика, гигиена, денсаулық, хиджаб кию жөнінде тәрбиелік жұмыстарын жүргізіп тұрады. Мәселен, Әйелдер кеңесі жанында «Әдеп» клубы, «Жас аспаздар мектебі», «Пішу мен тігу» үйірмелері жұмыс істейді. Жыл сайын университет жатақханаларында «Анаға қарап қыз өсер», «Ата салтың – халықтық қалпың», ал факультет арасында «ҚазҰАУ аруы», «Жігіт сұлтаны» байқаулары өтеді. Сондай-ақ зейнеткерлер мен соғыс арда­герлерінің, мүгедек студенттердің үйлеріне барып, қолғабыс тигізіп, әлеуметтік көмек көрсетсек, үш жылдан бері Қапшағайдағы, Алматыдағы №1 балалар үйіне барып, жеткіншектермен кездесіп, сыйлықтар сыйлап, концерт қоямыз. Сондай-ақ елімізге танымал әйел-аналарды шақырып, студенттермен кездесу өткізіп тұрамыз. Бүгінде елімізде 5 млн.-ға жуық балалар бар екенін тілге тиек еткен «Жетімсіз әлем» қоғамдық қорының директоры Светлана Синицкая осы балалардың мәртебесіне, құқықта­рын қорғауға, өмірі мен қауіпсіздігіне кеңінен тоқталды. – Мәселен, соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында өз-өздеріне қол жұмсау – суицид етек алып отыр. Статистика өте жаман. Жақында ғана Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылындағы 16 жастағы бала­ның өлімі ата-анасы мен біздің бюрократтық жүйенің кесірінен болды. Мен балалар ара­сында өткізілетін фестиваль, акция, форум­дарға қарсы емеспін, олар қажет, бірақ солар­дың артында балалардың нағыз бет-пердесі, тағдыры тұр. Сондықтан Парламент Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқық­тарын қорғау комитетінің қызметін қарап, есебін тыңдаса деймін, – деді қор директоры. «Мирас» ұлттық мәдени қоғамдық қоры­ның президенті, техника ғылымдарының док­торы Гузель Төлегенованың айтқан уәжі де көңілге қонады. Қоғамдағы жемқорлыққа қарсы күрестің өз деңгейінде жүргізілмеуі, әсі­ресе ата-аналары беделді, ықпалды отбасын­дағы балалардың жазасыз қалып, керісінше, қорғаушысы жоқтардың ар-намысы қорланып жататынын, жалпы мектепте, жоо-да пара алу әлі күнге тоқтамай отырғанын, сондықтан осы мәселеге ден қою керектігін ашына жеткізді. – Жақында университеттегі Жеңіс күніне арналған кешке барғанымда, сабақ үлгерім­дері өте жақсы екі студент қыз көз алдымда талып түсті, – деді ҚазҰМУ профессоры Жанар Мұстафина. – Бұл бүгінгі жастар мен әскерге баратын ұлдардың денсаулығы алаң­датарлық жағдайда деген сөз. Жастар­дың, студент­тердің әлеуметтік жағдайымен ешкім айна­лыспайды. Мәселен, оқушылар, студенттер көшедегі сапасыз тағамдармен тамақ­танып, денсаулықтарын құртуда. Неге бізге бір кесе айран мен бір тілім нанды орап сатуға болмайды? Автобустардағы, дүкендер­дегі ан­тисанитарлық жағдай да алаңдатарлық. Денсаулық мәселесін одан әрі жалғаған Алматы қаласының бас акушер-гинекологы Надежда Кобзарь елімізде екіқабат әйелдер­дің генетикалық тексерілуден өтуі үшін мемлекет аса ауқымды қаржы бөліп отырған­дығын әңгімелей келе: – Елімізде жүкті әйелде дауна ауруына қатысты қауіп анықталса, міндетті түрде биопсия алу керек. Жыл сайын осы кеселмен туылатын 20 баланың он бесіне осы әдіс қол­данылса, аурудың алдын алуға болады. Егер жасы 35-тен асқан, аяғы ауыр әйел осы тегін жүргізілетін тексеру әдісінен бас тартып, баласы дауна болып туылып, нәрестені қалдырған жағдайда, сәбидің тағдырына жа-уап беріп, оған кететін қаржыны өз мойнына алу туралы заң шығару керек. Өйткені, біз мұндай тексеруді әйелдің еркінен тыс күшпен жүргізе алмаймыз, – деді ол. Сондай-ақ, бас акушер-гинеколог бар жаманатты мектепке жабуға болмайтынын, бала өміріндегі отбасы рөлі өте маңызды екенін екпін түсіре айтты. Жақында он бес жас­тағы қыз баланы босандырып алдық. Сөй­лесе келе ана мен қыздың арасында ешқандай қарым-қатынас болмаған. Тағы бір мәселе, бөбектер үйінде тәрбиеленген сәбилер үш жасқа толған соң балалар үйіне ауысты­рылады. Сонда олар бұрынғы тәрбиешілеріне «бізді өз үйімізге алып кетіңіздерші» деп жалынатын көрінеді. Өйткені, балалар үйінде үш жастан 18 жасқа дейінгі тәрбиеленушілер арасы өте алшақ. Сондықтан оларды жаста­рына қарай бөлу керек деген ой айтты. Дөңгелек үстелде жастармен қалай жұмыс істеудің формасын таба алмай отырғанымыз­ды жеткізген Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова «Нұр Отан» ХДП-ның халықпен жұмыс істеуді қолға алуы керектігін айтты. Сон­дай-ақ ер-азаматтарға отбасы тәрбиесін қолға алуды міндеттеу керектігін, олардан мұндай жауапкершілікті ешкім алып тастама­ғанын, сон­дықтан «Нұр Отан» партиясы осы мәселеге де көңіл бөлуі қажеттігін тілге тиек етті. Иә, қазақ халқы қашанда үлкен отбасы болып, ата-аналарын қарттар үйіне, жетімдерін балалар үйіне өткізбеген. Өйткені, біздің ұлттық тәрбиеміз ондай қатыгездікке жібермеген. Кеңес мүшесі, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік қолданбалы өнер колледжінің оқытушысы Аля Молдағалиева бүгінде өздері отбасында дұрыс тәрбие алмаған, оқу орнын зорға бітірген мамандар қандай ұрпақ тәр­биелесін деген кейіс білдірді. «Осыдан 7 жыл бұрын республикалық әйелдер кеңесінің бастамасымен Өнер колледжі Ақсайдағы балалар ауруханасына көмек көрсетуді бастаған болатын. Мұғалімдер мен студенттер осы уақытқа дейін ешкімге дабыра етпей-ақ қамқор­лықтарын жалғастыруда. Айтарым, әркім қолынан келетін шаруасын жасаса, қандай ғанибет. «Бөгде бала болмайды, ұрпағымыз қатыгез, сезімсіз болмаса екен» десе, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төле­генова қазір әлемде музыка терапиясы көте­ріліп жатқанын, перзентханалар мен сәбилер үйінде балақайлар жатқан бөлмеге клас­си­калық музыканы жаймен, ақырындатып қойса, ол балалардың демалуына кедергі келтірмейтінін, қайта рухани байытады деген ойымен бөлісті. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.