• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
03 Тамыз, 2011

Гүл біткен арман

379 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік таңы атып келе жатқанда атамекенге түзелген көштің бүлдіршін буыны бүгінде Нұра ауданындағы ең астықты шаруашылықтың берекесі Көз жептес көкжиекпен көмкеріл­ген шетсіз-шексіз телегей егін тө­сін­дегі бұл ауыл қазір аса бір алабөтен қар­ба­лас шақ алдында. Айналасы сары ал­тын ша­шып тастағандай қыр­ман-қыр­ман ас­тық­пен күн сайын аспандап, жар­­қы­рап көрінетін кез жа­қын. Кеудені атып бұр­қы­раған дән иісі, жүректерді билеген тәтті үміт қуа­нышы күтілген тамаша сәтті сездіретіндей. Таңның аты­сынан күн­нің ба­ты­сы­на дейінгі тізе бүкпес аза­маттар­дың ең­бегіне тілеу­қор тұрғылас­та­ры­ның үлке­ні Қуаныш Шерубай қа­рия да үйінде отыра ал­майды. Теңіздей тербелген ырыс асылына ұзақ сүйсіне қарап, қо­лын ысқылап қояды. Береке көзін жа­сау­шылардың бел ортасында бес бала­сы бірдей жү­р­­геніне көңілі өсіп қалады. Өткен елестеп, бүгінгіге көз жібергенде өмірле­рін­дегі өзгеріске қуа­нып тұрады. Уақыт ағысы да жылдам-ау. Бұдан жиырма жыл бұрын осы жаққа табан тірегенде тау-тау астықты алғаш кө­ріп еді. Енді соны үюші балалары сол кезде екі-үш жастағы балдырған бола­тын. Алпыстан асқанында атқан Тәу­ел­сіздіктің арқасында арманы қабыл болып ұрпағын атажұртпен табыс­тыр­ды. Бұл күнде ауылдағы 800 тұрғын­ның тең жартысы ұлы көшпен бірге келіп, тамыр тереңдеткен кешегі тағ­дырлас ағайындары. Нұраның жалпақ шұрайлы қиырында тың игеру дүбі­рінде отау тіккен шаруашылықтың бет-бейнесін өзгертіп, қазақы қан жү­гіртіп, алтын бесікке айналдырып отыр­ған осы қауым екеніне ел сүйсінісі ерекше. Иә, сол оқиға қалай ұмытылсын, бәрі естерінде. Ата жерден, Нұра деген өңірінен бір топ азамат арнайы келіп, бауырлар ортасына оралуды қолқала­ғанда 9 балалы шаңырағын бастап, көш керуеніне бірден қосылғандардың бірі болған-ды. Атауы да құлаққа оғаштау, тұрғындарының түр-түсі де өзгешелеу жаңа мекеннің белді жігіттері бір тәуірі өз қандастары екен. Солардың ішінде, әсіресе, Баянөлгей­ден бергі сапарда сыр жарасып кеткен Қанатбек Балтабаев жанашырлығы, көмек-қолдауы зор сүйеніш етілген. Ол кезде әбден әлсіреуге айналған эко­номикалық дағдарысқа, әркім күнкө­ріс қамымен әлекке қарамастан ауыз­дағы жырылып түтін басына баспана, алдарына бір-бірден сиыр, жылқы, бес-алты қой мен ешкі бөліп берілді. «Тағы не бересіңдер» демеді. Көппен бірге қиындықты бөлісіп, еңбекке бел шешіп кірісіп кетті әрқайсысы. Сонда үлкені 19-дағы, кішісі 2-дегі балаларының бәрі бүгінде, шүкір, елмен бірге есейіп өскен, алды үйлі-баранды азаматтар. Азатханы інілері Тілейхан, Қадірбек жанында, ауыл тірегі «Пржеваль» ЖШС қырманында слесарь. Кенжесі Базарханы жақында жоғары білімді маман атанады. Қуаныш замандасы сияқты баба­лары кіндік қаны тамған топыраққа үбірлі-шүбірлі отбасын қондырғандар қа­та­рында Жайнар Сарыүбген ақсақал да болды. Бәйбішесі Бижамалдың ай­ту­ынша әйгілі Халхин гол шайқа­сы­ның ардагері түптің түбінде Қазақ­станның азаттық алып, еркіндік тізгіні өз қолына тиетіндігін болжай білген көрінеді. Сондай күн туғанда ұрпа­ғы­ның қамы үшін Баянөлгей аймағын­дағы Тұлба ауылынан атажұртқа ат ба­сын алғаш түзепті, басқаларды да қоз­ғапты. Отанына оралған соң дүниеден өткен бұл кісінің бес ұл, бес қызы әке арманы орындалуын көріп отыр. Бау­ырлардың үлкені, сол көш кезінде жас­ы 40-тағы Қаршыға қазір 60-та. Ор­тасына құрметті, сөзімен де, ісімен де ауылдастарына сыйлы жан еңбек­тен қол үзе қоймаған. Атамекенге аяқ бас­қанда он жастағы Володя отыздағы азамат еді. Жоғарыда аталған серік­тес­тіктің бүкіл электр жүйесін үйлесті­ру­ші білікті маман. Акбар мен Мұрат жеке шаруаны үйірген кәсіпкерлер. Көш үстінде жөргектегі нәресте Әуелбек Қарағанды политехникалық технику­мы­ның шәкірті. – Ата-ана бақыты балаларының аман-есендігі, шат-шадыман тұрмысы ғой. Жаратушының құдіреті жазып, мемлекетіміз қамқорлығы, шапағаты тиіп келеді айналайындарға. Біз ағай­ындар ортасына қосылғанда ауылдың жағдайы аса ауыр болатын. Анау жақ­та да қиыншылықты аз көрмеген едік. Үйірімізді қайта тапқан қуаныш бәрін басып ертеңгі күнге сендірді, жетеледі. Соған алдымен туысқандық ниет, көмек тірек болды. Сондықтан қолда­рындағысын аянбай барынша бауырға тартқан тұрғылықты жұртқа, құшағын жайған елімізге алғысымыз шексіз, –дейді «Алтын алқа» кеудесінде жар­қыраған Бижамал әжей айналасында шүбірлеген немере-шөберелерін аймалай ағынан жарылып. Осындағы оралмандар өміріне ортақ мұндай жайт қай отбасыға да тән. Мәселен, Марат Егеубай шаңы­ра­ғы береке-шуағы соның тағы бір жар­қын айғағы. Жастайынан аңсаған ар­манына жетуге мүмкіндік ашылған Мәкең Ломоносов атындағы Мәскеу мем­лекеттік университетін бітірген бет­те бабалар жерінен табылады. Атақ­ты оқу орнының электроншы тү­ле­гі ретінде алдында Улан-Баторға ша­қырылғанымен жүрек әмірі қазақ еліне бүйрек бұрғызады. Мұнда алыс түкпірдегі ауылда мамандығына сай жұмыс табылмағанымен жылдар бой­ғы мақсат-аңсары жүзеге асқаны бә­рі­нен қымбат тұтылады. Қандай жұмыс бұйырса, соған араласып кетеді. Отызында атақоныспен табысқан ол бірге көшіп келген жары Кәсима екеуі үш бала тәрбиелеп, өсіріп тәуел­сіз Қазақстанның өнегелі өрендері қа­та­рына қосты. Қарағандыдағы онколо­гия­лық орталықтың дәрігері Базарбегі, Қаржы министрлігінің жауапты қыз­меткері Айдосы, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университетінің шә­кір­ті Розасы өздері ғана емес, ауыл мерейін өсірген жастар екеніне іштен шүкіршілік етеді. Мараттың негізгі кәсібінің пайда­сы шаруашылыққа көмегін көп тигізіп жүр қазір. Кейінгі кезде тұқым себуге, егін егуге көптеп қолданыла бас­­таған шетелдік ауыл шаруашы­лы­ғы техникаларының электрлі жүйелерін жөндеумен айналысатын жеке құры­лымның жетекшісі. Тапсырмалар тың­ғы­лықты орындалады. Бұлар Қазақ­стан Үкіметі көрегендік жасап, 1991-92 жылдары Моңғолиядан көшіріп ал­ынған 44 мың қандастың бірінші легінде келгендерін мақтанышпен айта­ды. Бұлайша айту орынды. Шынында алда не күтіп тұрғаны белгісіз, тәу­ел­сіздік жариялана қоймаған, бәрі күй­реп тұр­ған кезге қарамастан артқа қа­райламай аттану сырттағы ағайынның ерлігі еді. Бүкіл халықтың рухын дүр сілкіндірген бұл оқиғаның ықпал-әсері қан­дай­лық болғандығы аян. Мұның нақ­ты көрінісі жоғарыда алға тартыл­ған­дай осынау ауыл тыныс-тіршілігінен бай­­қа­лар жақтары көп. Бұрын саусақ­пен санарлық тұрғылықты жұрт саны күрт өсті. Бұған дейін болып көрмеген қа­зақ мектебі есік ашты. Ұлттық салт-дәстүр, өнер жаңғырды. Тарихи отан­да­рына қоныс аударғандардың орны жоқтатылмай шаруашылық тасы өрге басты. Қат мамандықтар меңгеріліп, іс тетігі ағайындардың жас буынына ау­ысты. Компьютермен басқарылатын шет­е­лдік комбайндар мен дән сепкіштер тілінде ойнайтын Абай Құрман­ға­зы, Хасен Ербөкен тәрізді бесаспап оператор-механизаторлар шеберлігін үйре­нуші ізбасарлар жеткілікті. Егін орағы науқанында жан-жақтан жұмыс күшін шақырып әуреге түсетін ша­руа­шылық, міне, бірнеше жылдан бері сырт көмекке зәру емес. «Пржеваль» ЖШС-нің негізгі арқа сүйері де орал­ған қандастар ұрпақтары. – Мен елге ел қосылған шақта 6 жаста едім. Жаңа ауылымыз көз ал­ды­мызда дамып, өркендеді. Жиырма жыл­дағы өзгерісі жер мен көктей. Біз де өстік. Оны өркендетуге өзіндік үле­сіміз барын мақтанышпен айта ала­мыз. Аудан орталығындағы кәсіптік мек­тепті бітіріп, механизаторлықты серік еткеннен бері еңбектің бел орта­сындамын. Биыл 2 миллион пұт алтын дән өндіруге үміттіміз. Осы мақсат үшін күш саламыз. Өйткені, басты бай­лығымыз еселенген сайын әл-ауқа­ты­мыз да көтеріңкі, – деген Қуанбек Батырбектің сөзін әріптес құрбылары қостап, жақсы несібе жолындағы іске жұмыла кіріскендіктерін жеткізді. Жалпы Пржеваль ауылын құтты мекен еткен туысқандардың қай-қайсысы да белсенді өмір сапында. Диқандар жұбайларының 13 -і мектепте, 2-уі фельдшерлік пунктте, 4-уі клубта, 2-уі кітапханада жұмыс істейді. Кәсіпкерлікті дөңгелетушілер және бар. Мұның өзінен оралмандар 30 отбасының екі мүшесі жұмыспен қамтамасыз етіліп отырғандығы білінеді. Тұрақты кәсіппен қатар кезіндегі 1 сиыр, 1 жылқы, 5 қойдан өрбіген түлік тұяғы әр қорада айтарлықтай. 20 отбасының жүрдек жеңіл көліктердің таңдаулыларын мініп жүруі берекелі тұрмыстың айдай анық белгісі, әрине. Сөз орайында ырыс қонған, дәу­ле­ті нығайған ауылдың ынтымағын жа­рас­тырушы жан туралы айтып өтпеске бол­майды. Ал оның есімі мен еңбегі алысқа танымал. Аудандағы «Амантау» кеңша­рының директоры, уағында Баянөл­гей­ден 10 отбасыны өзі барып, көшіріп әкелген ол ағайындарға бау­ырмалдық қа­сиетінен айнымай келеді. Туысқандар­дың ұжыммен ұйысқан береке-бірлігі бір жағынан осы Ықсан Тәттібаевтың азаматтық парызына адалдығына байла­нысты десек, артық бағалағандығымыз болмас. Бұл жұрт пікірі екенін білеміз. Елбасы қабылдауында болып, ау­ыл шаруашылығын дамыту бағытын­да­ғы ізденістер жөнінде ойын бөліскен оның басқаруындағы «Пржеваль» ЖШС егін көлемін 30 мың гектарға дейін жеткізуші аймақтағы бірден-бір астықты шаруашылық ретінде мәлім. Миллионер шаруашылық деуге бола­ды. Шын мәнінде солай. Қамбасы жыл сайын 1 миллион пұт сары бидайға то­ла­ды. Ал жоғарыда диқан жігіттер ата­ған­дай, осы күз жемісі 2 миллион пұт­қа жетіп қалуы мүмкін. Иә, сәтін салғай. Аңсаған атақоныста, онда да дәл төріндегі, әсем Астана іргесіндегі егіні тербелген шағын ауылда армандарына гүл біткен кешегі оралмандар, бүгінгі отандастар тыныс-тіршілігі осындай. Ата-аналары бастап келіп, қасиетті мекенге қондырған көбі тәуелсіз Қазақ­стан­мен құрдас. Ертеңіне үміттері үл­кен, асқаралы асуларға жалынды жас буын жетілгеніне қуанады жерлестері. Елдерінің өсіп, көркейе беруіне өзіндік үлес қосу әрқайсысы бойындағы биік талап. Содан ұшқындаған қайрат пен жігер мол астық үшін күресті екпіндетіп жатыр. Қарағанды облысы, Нұра ауданы. Суретте: он балалы Бижамал ана немерелері мен шөбере­ле­рі­нің ортасында.